Глубокое ауданында «Келешек мектептері» ұлттық жобасы аясында 2 мектеп салынды. Соның бірі – Опытное поле кентінде орналасқан, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Білім ордасы өткен жылдың 1 қыркүйегінде пайдалануға берілген. Қазір мектепте 523 оқушы білім алуда. Заманауи талаптарға сай салынған оқу ордасы оқушылардың сапалы білім алуына толық мүмкіндік жасап отыр. Мектепте 109 қызметкер еңбек етеді. Оқыту қазақ және орыс тілдерінде жүргізіледі. Білім беру мекемесінде мектепалды даярлық сыныптарынан бастап 11-сыныпқа дейін толық қамтылған.
Мектеп директоры Жанна Егорованың айтуынша, жаңа оқу орны ашылғалы бері білім сапасы айтарлықтай артқан.
– Былтыр білім сапасы 62 пайыз болса, биыл 70 пайызға дейін өсті. Кабинеттердің заманауи құрал-жабдықтармен қамтылуы оқушылардың білімге деген қызығушылығын арттырып отыр. Математика кабинеттерінде геометриялық мүсіндер орнатылған, спорт залы кең әрі жарық, тәжірибелік жұмыстарға арналған зертхана кабинеттері де бар. Бұл балалардың қабілетін ашуға үлкен мүмкіндік береді. Гимназиядан кем емеспіз деп сенімді айта аламын. Әлі де үйреніп, тәжірибе жинап келеміз. Нәтиже бар», – деді мектеп басшысы.
Биылғы оқу жылының алғашқы тоқсанында мектептің екі оқушысы ғылыми жобаларымен облыстық деңгейде жүлделі орындарға ие болған. Сонымен қатар, ұстаздар да өз жетістіктерімен көзге түсуде.
Солардың бірі – мектепалды даярлық сыныбының оқытушысы Динара Шарипқазина. Ол балаларға қаржылық сауаттылықты үйретуге арналған «Теңгебай» атты танымдық мультфильм әзірлеген.
«Мультфильмнің басты мақсаты – балаларды кішкентай кезінен қаржылық сауаттылыққа баулу. Мысалы, дүкенге барғанда қажетсіз зат алмауға үйрету. Қазір өз сыныбыма көрсетіп жүрмін. Алдағы уақытта арнайы тренинг ұйымдастырып, жобаның қалай жасалғанын бөліскім келеді, – дейді ұстаз.
Оқушылардың да шығармашылық әлеуеті жоғары. 4-сынып оқушысы Ажар Манарбек қазақ ертегілерін жинақтап, «Қиял қанатындағы ертегі» атты жоба әзірлеген. Оның жеке кітабы мен YouTube арнасы да бар.
– Қазір балалар көбіне шетелдік батырларға еліктейді. Ал біздің өз батырларымыз жетерлік. Соларды насихаттау үшін стикерлер, бейнероликтер жасап, кітап шығардым, – дейді ол.
Айта кетейік, мектепте пәндік, зертханалық және шығармашылық бағыттағы арнайы жабдықталған кабинеттер толық қарастырылған.
Пікірлер