Риддер қалалық соты телекоммуникация желілерін пайдалана отырып, қызметтік міндетін атқару кезінде билік өкілін қорлау фактісі бойынша (ҚР ҚК 378-бабының 2-бөлігі) азамат Р.-ға қатысты қылмыстық істі қарады, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Былтыр 6-шы тамызда шамамен кешкі сағат 23:00-де Р. есімді тұрғын «102» арнасына қасақана бірнеше рет қоңырау шалып, телефон арқылы сөйлесу барысында қызметтік міндетін атқарып жүрген Риддер қаласы полиция бөлімінің жедел кезекшісі көмекшісін балағаттап, қорлайтын сөздер қолданғаны анықталды.
– Сот талқылауы барысында сотталушы кінәсін толық мойындап, жасаған ісіне өкініш білдіріп, жәбірленушіден кешірім сұрады. Оның кінәсі жәбірленуші мен куәнің айғақтарымен, телефон сөйлесулерінің аудиожазбасымен, сот-психологиялық-филологиялық сараптаманың қорытындысымен, сондай-ақ іс материалдарымен дәлелденді, – делінген ведомствода.
ҚР ҚК 378-бабы 2-бөлігіне сәйкес жаза ретінде 160 айлық есептік көрсеткішке дейін айыппұл салу көзделген. Я болмаса, сол мөлшерде түзеу жұмыстары, 160 сағатқа дейін қоғамдық жұмыстарға тарту, не қырық тәулікке дейін қамауға алынуы мүмкін.
– Сот сотталушы Р.-дың жеке басын, бұрын қылмыстық жауаптылыққа тартылмағанын, тұрғылықты жерін ескеріп, сондай-ақ жауаптылықты жеңілдететін мән-жайлардың болуы мен ауырлататын мән-жайлардың жоқтығын ескеріп, оған 80 сағат қоғамдық жұмысқа тарту жазасын тағайындады.
Егер қоғамдық жұмыстарды өтеуден жалтарса, аталған жаза әр өтелмеген төрт сағат үшін бір тәулік қамауға алумен алмастырылмақ. Балағат сөз айтқан ер адамға бұл жағы толық түсіндірілді.
Үкім заңды күшіне енген жоқ.
Пікірлер