
Глубокое ауданындағы ғылыми зерттеу мекемесінде бірқатар бидай сұрпы патенттелген
«Шығыс Қазақстан ауыл шаруашылығы тәжірибе станциясы» – елдің шығысындағы бірден бір ауыл шаруашылығы саласындағы ғылыми зерттеу мекемесі. Кәсіпорын 1956 жылдан бері жұмыс істеп келеді, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Орташа айлық 250 мың теңгеге жуық
Бүгінде станция иелігіндегі жер көлемі 4 213,24 гектарды құрайды. Оның ішінде 3 674,64 гектары егістік жер, 350,60 гектары жайылым. Материалдық-техникалық базаға келсек, кәсіпорында барлығы 61 техника бар. Оның ішінде жүк көліктері, жеңіл көліктер, тракторлар, комбайндар мен тіркемелер жұмысқа қолданылады. Сонымен қатар 4 автогараж, қоймалар және басқа да өндірістік нысандар бар. Қоймалардың жалпы сыйымдылығы 6 мың тоннаны құрайды.
Биологиялық активтер қатарында 263 ара ұясы тіркелген, оның барлығы асыл тұқымды. Бұл ара шаруашылығын дамытуға зор мүмкіндік беретін көрінеді.
– Бұл станция еліміздің шығысындағы бірден бір ауыл шаруашылығы саласындағы ғылыми зерттеу мекемесі. Кәсіпорынның негізгі қызмет бағыты сол, өсімдік шаруашылығындағы селекция және тұқым шаруашылығы, сондай-ақ ара шаруашылығы саласындағы селекциялық және технологиялық жұмыстары. Кадрлық әлеует те тұрақты. Қазір мекемеде 156 адам жұмыс істейді. Оның ішінде ғылыми персонал, өндірістік және қызмет көрсетуші мамандар бар. Орташа айлық жалақы – 246 мың теңге, – деді кәсіпорын басшысы Кенжеғазы Тоқтасынов.
Зертхана тоқтаусыз жұмыс істейді
Жаздық жұмсақ бидай сұрыптарының Ұлан-43, Ұлан-35 және күздік жұмсақ бидай сұрыптарының Алтай-1, Нұр-38 бидай сұрыптары патенттелген.
– Бұлар жақсы нәтиже көрсеткен бидай сұрыптары. Бұдан бөлек, тары сұрыптарын өңдейміз. «Аружан» сұлысы, қарабидай, қарақұмық, арпа дақылдары бізде сынақтан өтіп, жақсы нәтиже көрсетті. Өндіріске Үлбі-25, Алтай-1 сұрыптары шықты. Алдағы жоспарларымыз – патенттік қорды көбейту, сапасы жоғары сорттарды шығару және климаттық бейімделуді жақсарту. Ыстыққа, ауруға төзімді сорттар маңызды. Бұршақ дақылдарын егістікке пайдалану керек, – деді Самал Асқарқызы.
Тәжірибелік станцияда лаборатория тұрақты жұмыс істеп тұр. Ол жерде дәнді дақылдарды зерттеуден бөлек топырақты да зерттейдң.
– Күзде немесе ерте көктемде аламыз. Оны арнайы кептіріп, анализге дайындаймыз. Бізде 6 элементке көрсеткіш бар. Күміс, pH, фосфор, калий, азот, сера. Бұл біздің шаруашылықтан ғана емес, аймақтағы шаруашылықтардан да әкелінеді. Оған картограммасын жасап, зерттейміз, – деді Ғазиз Сабырбаев.
5000 тонна тұқым береді
2019-2023 жылдары 210 000 га аумақтан 8 288 топырақ сынамасы жиналып, талдау жүргізілген. Соңғы жылдары тәжірибелік станция жақсы көрсеткіштер көрсетуде. Атап айтқанда, күнбағыстың 11 гибридті және 4 сорты, сояның 5 сорты («Достық», «Шығыс сұлуы», «Баян») жасалып, тиісті мекемелерге жіберілген. Ал жаздық жұмсақ бидайдың 19 сорты, күздік бидайдың 2 сорты және қысқа сабақты күздік қара бидайдың 1 сорты жасалып SSI (Ертіс, Өскемен) зертханаға берілді.
– Жылына 5000 тоннаға дейін отандық тұқым өндіреміз. Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев отандық тұқымды дамыту туралы тапсырма берген еді. Соған орай 2024-2028 жылдарға кешенді жоспар құрылған болатын. Біз осыған 2 жоба бойынша қатысып отырмыз. 1-шісі дәнді дақылдардың тұқымын өндіру бойынша, оған 632,7 млн теңге қарастырылған. Екіншісі – жарма дақылдарын өндіру бойынша, оған 4 млрд теңгеге жуық қаражат қарастырылған. Бұл екеуі де Ауыл шаруашылығы және Экономика министрлігінен оңтайлы жауап алып, бізге қаражат бөліну туралы бұйрық шықты. Қазір мемлекеттік тапсырыс бойынша жұмыстар жүргізіліп жатыр, – деді Кенжеғазы Тоқтасынов.
Айтуынша, берілген қаражатқа арнайы комбайндар, сұрыптау, себу техникалары мен қойма сатып алынады.
Соңғы жаңалықтарды ресми Instagram арнамыздан оқыңыз!
ТіркелуПайдалы
Руханият
Жұлдыз жорамал
Пікірлер