А.С.Пушкин атындағы Шығыс Қазақстан облыстық кітапханасының 130 жылдық мерейтойы қарсаңында бірқатар қызықты іс-шара ұйымдастырылады, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Соның бірі — «Кадрдағы кітапхана» фотобайқауы. Сайыс талабы бойынша қатысушылар кітапхана қабырғасында түсірген фотосуреттерін мына бағыттар бойынша ұсына алады: «Кітап оқып отырған адам», «Кітап сөрелерінің сиқыры», «Кадр сыртындағы кітапхана» және «Кітапханадағы селфи».
Ұйымдастырушылардың айтуынша, аталған байқау кітап оқуды насихаттауға, кітапхананы заманауи мәдени кеңістік ретінде танытуға және қатысушылардың шығармашылық қабілетін дамытуға бағытталған.
Сайысқа әуесқойлар мен кәсіби фотографтар жеке немесе топ ретінде қатыса алады.
Әр қатысушыдан көрсетілген номинациялар бойынша бір ғана жұмыс қабылданады. Фотосуреттер JPEG форматында кемінде 1920×1080 өлшемінде ұсынылуы тиіс. Жұмысты сәл өңдеуге болады. Бірақ әдеп нормаларын, ҚР заңнамасын немесе тұлғалардың құқықтарын бұзатын фотосуреттер қабылданбайды.
Өтінімдер мен жұмыстар 20 ақпан-17 мамыр аралығында puschkina.biblioteka@yandex.kz электрондық поштасы бойынша қабылданады. Қазылар алқасының жұмысы 18–31 мамыр күндері ұйымдастырылады.
Ал жеңімпаздарды марапаттау 4 маусымға жоспарланған. Оларға дипломдар мен естелік сыйлықтар табысталады. Үздік жұмыстар кітапхана фойесінде ұсынылады.
Балауса ОРАЗАЛЫҚЫЗЫ
Пікірлер