Көпшілік өз наразылықтарын әлеуметтік желілерге жазып, аталған жағдай бойынша түсініктеме беруді талап етіп жатыр, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Риддер аумағы жағынан үлкен қала екені белгілі. Шалғай аудандардан орталыққа жету қиын. Бұған жолаушылар тасымалының жеткіліксіздігі де әсер етіп отыр.
— Емхананы қаржыландырудың жоқтығына байланысты жабу туралы ақпарат алдық. Егер бұл рас болса, «АРАЙ» емханасы пациенттерінің атынан бұл шешімді қолдамайтынымызды жеткізгім келеді. Біздің аудан орталықтан шалғай орналасқандықтан әрі-бері қатынау қиынға түседі. Балаларымыз үшін де қиын. Қазіргі емхана бізге ыңғайлы жерде орналасқан. Ал жаңа аурухана маңынан бірде-бір автобус өтпейді. Қоғамдық көлікпен тез жету мүмкін емес. Сондықтан емханамызды осында қалдыруды сұраймыз, — дейді 7-ші аудан тұрғыны.
Бұл үндеу әлеуметтік желіде қызу талқыға түсіп, көптеген пікір жинады. Тұрғындардың басым бөлігі қалалық денсаулық сақтау жүйесін орталықтандыруға қарсы екенін білдірген.
Риддер қалалық ауруханасының өкілдері жаңа аурухана кешені пайдалануға беріліп жатқанын мәлімдеді.
– Жаңа кешенде бейінді бөлімшелер мен нақты бір сала мамандарының қабылдауы шоғырландырылған. Қазір науқастар мамандандырылған кеңес алу үшін қалаға жіберілуде. Бүгінде дәрігерлік амбулаторияны көшіру туралы нақты шешім қабылданған жоқ. Дегенмен алдағы уақытта халыққа қолайлылық пен медициналық көмек қолжетімділігін арттыру мақсатында бөлімшелердің орналасуын оңтайландыру қарастырылуы мүмкін. Барлық ұйымдастырушылық өзгеріс тек науқастар мүддесі үшін, – делінген ресми түсініктемеде.
Пікірлер