
Шығыс Қазақстан облысы – ел бойынша ең сулы өңір. Соған байланысты жылда көктем келген сайын су тасқыны қаупі туындайды. Ал биылғы қыста қар ерекше қалың жауды. Осы ретте газет тілшісі облыстағы су тасқынына дайындықтың жай-жапсарына үңіліп көрді.
20 учаскеде мұз кептелуі мүмкін
Өңірдегі 71 елді мекенде су тасқыны қаупі бар. Ондағы 3 573 үйде 8 638 адам тұрады. Су тасқынына қарсы іс-шаралардан соң 16 елді мекенде қауіп толықтай жойылып, 50 ауылда тәуекел барынша төмендетілген. Ал 5 елді мекенде қауіп сақталып отыр.
– 1 ақпаннан бастап жоғары дайындық режимі енгізілді. Бізде жедел штабтың тәулік бойғы кезекшілігі ұйымдастырылған. Биылғы 21 қаңтардағы №10 қаулымен көктемгі кезеңге арналған 2026 жылғы су тасқынына қарсы іс-шаралар жоспары бекітілді. Облыс аумағынан 235 мың текше метр қар шығарылды. Жергілікті атқарушы органдар 137,9 шақырым каналдар мен арықтарды, 523 су өткізу құрылыстарын, 145 көпірді тазартты, - дейді ШҚО Төтенше жағдайлар департаменті бастығының бірінші орынбасары Фархат Әміре.
Бүгінде облыс әкімдіктері резервінде:
– 58,7 мың дана ыдыс-қап;
– 9957 тонна инертті материал;
– 386,2 тонна жанар-жағармай бар.
Өткен жылдың жаз-күз мезгілдерінде инженерлік жұмыстар жоспары аясында су тасқынына қарсы 28 іс-шара іске асырылған. Атап айтқанда, қорғаныс бөгеттерін, көпірлерді, көлік жолдарын, гидротехникалық құрылыстарды жөндеу, өзен арналарын, каналдар мен арықтарды тазалау сынды жұмыстар атқарылды.
– Су тасқыны жағдайы күрделене түссе, 3 677 адам, 556 техника, 75 жүзу құралы және 219 тасымалды және 15 тіркемелі мотопомпа әзірленген. Адамдар мен құралдарды жедел жеткізу және зардап шеккен халықты шұғыл эвакуациялау үшін ҚР ТЖМ «Қазавиақұтқару» АҚ-ның тікұшағы дайын тұр. Төтенше жағдай туындаған кезде халықты орналастыру үшін жалпы сыйымдылығы 21 мыңнан астам адам болатын 182 пункт дайындалды, - дейді Фархат Әміре.
Өзендерде мұзды ұсақтау үшін жару жұмыстарын жүргізу жоспарланған. Риддер қаласы, Алтай, Марқакөл, Үлкен Нарын, Катонқарағай, Күршім, Шемонаиха аудандарында мұз кептелісі қаупі бар 20 учаске анықталды.
– Кейінгі бес жылдың ішінде тек 2024 жылы 2 ауданда 5 жеке тұрғын үйді (Алтай ауданы – 4, Үлкен Нарын ауданы – 1) су басты. Су тасқыны қаупі бар учаскелерге тәулік бойғы мониторинг күшейтіледі. 2026 жылғы 23 қаңтарда ТЖ вице-министрі Кеген Тұрсынбаев, жергілікті атқарушы органдар, «Қазселденқорғау» мекемесі өкілдерінің қатысуымен Алтай, Катонқарағай және Үлкен Нарын аудандарының су тасқыны қаупі бар учаскелеріне әуеден визуалды тексеру жүргізілді. Бұл бағыттағы жұмыс жалғасады, - дейді ШҚО Төтенше жағдайлар департаменті бастығының бірінші орынбасары.
«Қазгидромет» РМК ШҚО филиалының мәліметіне сүйенсек, облыстың жазық аумақтарының басым бөлігінде қар мөлшері нормадан 112-146% жоғары. Қар қорының орташа көпжылдық көрсеткіштен артуы Шемонаиха, Үлкен Нарын, Тарбағатай және Зайсан аудандарында ерекше байқалады.
Ресми деректер бойынша республикадағы барлық су қорының 40 пайыздан астамы Шығыс Қазақстанда шоғырланған. Мұнда 2 мыңға жуық көл, 800-ден астам өзен бар. Оның ішіндегі ең ірілері – Зайсан, Марқакөл, Сібе көлдері мен Ертіс, Үлбі, Үбе, Бұқтырма, Күршім өзендері.
Биыл облыс бойынша жоғары тәуекел туындап отырған келесі аудандар: Алтай, Глубокое, Зайсан, Тарбағатай, Самар, Ұлан, Үлкен Нарын. Газет тілшісі осы аудандар әкімдіктерінің әрқайсысына сауалхат жолдап, су тасқынының алдын алу үшін қандай жұмыстар атқарылып жатқандығын сұрап көрді.
Алтай
Алтай ауданының аумағында 11 учаскеде су тасқыны қаупі бар. Ондағы 525 үйде 1141 адам тұрады.
– Су тасқыны кезеңіне дайындалу үшін Путинцево ауылындағы Хамир өзенінде ұзындығы 100 метр ағын бағыттаушы бөгет салу, Зубовск кентіндегі Бұқтырма өзенінің жағасында ұзындығы 200 метр бөгет салу және Березовка өзенін тазартып, түбін тереңдету жұмыстары өткізілді. Аудандық бюджет қаражаты есебінен 10 алдын алу шарасы жүргізілді, – дейді аудан әкімінің орынбасары Занғар Шаухин.
Алтай қаласындағы Березовка, Вторушка өзендеріндегі, Гастелло, Рабочая көшелеріндегі көпірлерді ағымдағы жөндеу, ұзындығы 5 шақырым Вторушенский және Маслянка каналдарын өсімдіктерден және арамшөптерден тазарту, Греховка ауылындағы Березовка өзеніндегі, Зубовск кентіндегі Зеленка өзеніндегі су өткізгішті ағымдағы жөндеу, Пихтовка өзенінің арнасын тереңдету және тазарту жұмыстары атқарылған.
2026 жылдың басынан бастап Алтай қаласы бойынша 15,6 мың текше метр қар шығарылды. Наурыз айының басынан су өткізгіштерді, каналдар мен арықтарды қардан тазартуды бастау жоспарланып отыр.
Наурыздың екінші онкүндігінде Бұқтырма өзеніндегі 5 қауіпті учаскеде жалпы ауданы 85645 шаршы метр мұзды қопсыту және ұсақтау бойынша профилактикалық жарылыс жұмыстары жүргізілмек.
Глубокое
Глубокое ауданында су тасқыны қаупі бар 15 елді мекен есепке алынды. Ондағы 925 үйде 2 335 адам тіркелген.
– Облыстық мәслихат сессиясының шешімімен Белоусовка кентінде, Прогресс, Ново-Ульбинка, Быструха, Черемшанка ауылдарында су тасқынына қарсы 5 шарағы бөлінді. Прогресс ауылындағы Глубочанка өзенінде көпірдің су өткізу қабілетін арттыру үшін 2,1 шақырым өзен арнасы тазартылып, кеңейтілді. Быструха ауылындағы Малоубинка өзенінің бойындағы көпір мен тұрғын үйлерді қорғау үшін арнаны түзету, тереңдету бойынша жұмыстар жүргізілді. Жер үйлерді су деңгейінің көтерілуінен қорғау үшін арнаны көпірден жоғары тереңдетіп, жағалауды нығайтатын үйінділер орнату қажет, - дейді аудан әкімінің орынбасары Аян Макиев.
Черемшанка ауылындағы Үлбі өзенінде де су тасқынына қарсы іс-шаралар қолға алынған. Нақты айтқанда, ұзындығы 500 метр арнаны тереңдету, үйінді бөгетті қалпына келтіру сынды жұмыстар жүргізілуде.
Зайсан
Аудандағы жер тоңының қатуы – 51 см, қардың қалыңдығы – 25 см. Су тасу қаупі бар елді мекендер: Зайсан қаласы (16 үй, 39 адам), Айнабұлақ (9 үй, 22 адам), Дайыр (16 үй, 35 адам) Кеңсай (10 үй, 28 адам), Жарсу (15 үй, 39 адам), Бақасу (26 үй, 53 адам), Саржыра (7 үй, 12 адам) ауылдары.
– Оқу-жаттығу кезінде барлық қала, ауылдық округ әкімдерімен төтенше жағдай болғанда бірінші кезекте халықты жинайтын эвакуациялық орындар белгіленген. Бүгінде осындай 2 пункт дайындалды. Атап айтқанда, Дәуленов атындағы мектеп-интернаты мен кәсіптік технологиялық колледжі. Онда 350 адам сыяды. Қосымша әр мектеппен, қонаүйлермен келісім шарттар жасалған, – дейді Зайсан ауданы әкімінің орынбасары Асхат Утебаев.
Су тасқыны кезеңіне дайындық мақсатында Зайсан қаласына қарасты Сауыр мөлтек ауданын көктемгі су тасқынынан қорғайтын бөгетті ағымдағы жөндеуден өткізу, Қаратал ауылдық округіндегі Қабырғатал ауылына кіреберіс жолдың су өткізгіш құбырына жөндеу, қалпына келтіру жұмыстары, Үйдене өзенінің арнасына ағымдағы жөндеу, Кеңсай ауылдық округіндегі Бақасу ауылына кіреберіс жолдың су өткізгіш құбырына жөндеу, қалпына келтіру жұмыстары, Қаратал ауылын көктемгі су тасқынынан қорғайтын бөгетті ағымдағы жөндеу, Зәкенов көшесінің бойындағы жер асты суының арнасын бұру, Қарабұлақ ауылын көктемгі су тасқынынан қорғайтын бөгетті ағымдағы жөндеу сынды жұмыстар жүргізілген.
Тарбағатай
Мұндағы Жаңаауыл ауылдық округіне қарасты Сарыөлең ауылдық округінде су басу қаупі болған. Бірақ су тасқынының алдын алу мақсатында ауылдағы Терісайрық өзенінің жағалауын көтеру, арнасын тереңдету мақсатында облыстық бюджеттен 8 млн теңге бөлінген. Осылайша жұмыстар аяқталып, қауіп сейілді.
– Жаңалық және Маңырақ елді мекендерін байланыстырып тұрған Қаратоғам, Есенгелді және Барғана тоғамдарына арнайы техника тартылып, арнаны кеңейту, тереңдету жұмыстары жүргізілді. 2024 жылғы тасқын судың кесірінен бұзылған көпір қалпына келтірілді. Қабанбай ауылдық округі Шорға ауылының оңтүстік-шығысынан ұзындығы 1 шақырым, биіктігі 1 метрлік су бөгеті салынды. Жетіарал ауылдық округінен 3 шақырымдай жерде орналасқан дамба жаңартылды, – дейді Тарбағатай ауданы әкімінің орынбасары Талант Бақытбекұлы.
Самар
Аудандағы Самар мен Миролюбовка ауылдарында су тасқыны қаупі аймағында 20 үй тұр. Жүргізілген іс-шаралардың нәтижесінде елді мекендердегі қауіп деңгейі барынша төмендетілді.
– 2025-2026 жылдарға арналған инженерлік жұмыстар жоспары шеңберінде жаз-күз айларында жалпы сомасы 37 млн теңгеге 7 шара жүзеге асырылды. Ұзындығы 5 шақырым Лайлы өзенінің арнасын тереңдету, тазалау және жағалауын бекіту жұмыстары, Шұбарқайың ауылының «Карповка» су қоймасына ағымдағы жөндеу жүргізу, Миролюбовка ауылының Қайыңды өзенінің арнасын тазалау және жағалауын бекіту, Самар және Миролюбовка аударының арық жүйелерін тазалау, тереңдету және су өткізу қабілетін арттыру жұмыстары жүргізілді, – дейді аудан әкімінің орынбасары Мұрат Байжуменов.
Кейінгі жылдардағы су тасқыны қаупін талдау бойынша 2015-2025 жылдар аралығында Ұлан ауданының аумағында су басуы мүмкін аймақтарда 6 елді мекен бар. Олар: Бестерек, Таврия, Ұлан, Жанұзақ, Украинка және Асубұлақ ауылдары.
– Ауданның елді мекендерінде су өткізгіш құбырлар мен арықтарды тазалау жұмыстары толық орындалған. Сонымен қатар инженерлік жұмыс жоспарына сәйкес, Қасым Қайсенов кенті мен Герасимовка ауылында су тасқынына қарсы шаралар жүргізілді. Елді мекендердегі су өткізгіш құбырлар мен арықтарды тазарту жұмыстары бекітілген кестеге сәйкес жүргізулуде. Бұл жұмыстар 5 наурызға дейін аяқталады деп жоспарланған, – дейді аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы Анар Серғазина.
Үлкен Нарын
Аудан аумағында су басу қаупі бар 1 елді мекен анықталған, ол – Сенное ауылы. Қауіпті аймақта орналасқан 19 тұрғын үйде 50-ден астам адам тұрады.
– Аталған ауылдағы негізгі қауіп көзі - Бұқтырма өзені. Қыс мезгілінде қардың мол жиналуы және көктемде қардың қарқынды еруі кезеңінде өзенде мұз жарыла бастайды. Осы уақытта мұз кептелісінің пайда болу қаупі жоғары, бұл су деңгейінің күрт көтерілуіне және жағалауға жақын орналасқан тұрғын үйлерге қауіп төнуіне әкеліп соғуы мүмкін. Осы орайда соңғы 2 жылда су тасқынының алдын алу үшін кешенді инженерлік жұмыстар іске асырылды. Нақты айтқанда, Үлкен Нарын ауылындағы бас каналдың арнасын тереңдету жұмыстары жүргізілді. Мальчат өзенінің арнасы тереңдетіліп, Көкбастау ауылының Абай көшесінде су өткізу құбыры орнатылды, – дейді Самар ауданы әкімінің аппарат басшысы Елдос Оразханов.
Бұдан бөлек, Көкбастау ауылында айналма канал салу, Ново-Хайрузовка ауылында айналма каналды кеңейту, Нарын өзенінің арнасын түзету және жағалауын нығайту сынды жұмыстар жүргізілді.
Соңғы жаңалықтарды ресми Instagram арнамыздан оқыңыз!
ТіркелуПайдалы
Руханият
Жұлдыз жорамал
Пікірлер