14 наурыз күні А.С. Пушкин атындағы облыстық кітапханада Желтоқсан көтерілісінің 40 жылдығы және Шығыстың қаһарман қызы Сәбира Мұхамеджанованы еске алуға арналған «Желтоқсанның өшпес үні» атты облыстық жас ақындар айтысы өтті, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Айтыс ШҚО «Желтоқсан – 86» қоғамдық бірлестігі, А.С. Пушкин атындағы облыстық кітапхана және облыстық «Ақтан Нұрбаев атындағы ақындар мектебінің» бірлесуімен ұйымдастырылды.
Рухани кешке 1986 жылғы тарихи оқиғаның куәгерлері – желтоқсаншылар, Сәбира Мұхамеджанованың құрбылары мен замандастары арнайы қатысып, жастарға ақ тілектерін білдірді.
– Айтысқа Өскемен, Тарбағатай, Зайсан, Риддер өңірлерінен келген мектеп оқушылары мен студенттерден құралған 10 жас ақын қатысып, ел тарихы, тәуелсіздік тағылымы, туған жер мен ұлт рухы туралы жыр толғап, өзара сөз сайысына түсті, – деді ұйымдастырушылар.
Қазылар алқасының құрамында «Айтыстың Ақтаңгері», ҚР мәдениет қайраткері, ақын-журналист Серік Құсанбаев, ШҚО «Желтоқсан – 86» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Марат Рамазанов, ҚР мәдениет саласының үздігі, айтыскер ақын, облыстық «Ақтан Нұрбаев атындағы» ақындар мектебінің жетекшісі Серік Қуанған болды.
Жастар айтысы бірнеше кезеңнен тұрып, қатысушылардың суырыпсалмалық қабілеті, сөз саптауы мен ұлттық рухты жырлау шеберлігі бағаланды.
Айтыс қорытындысы төмендегідей:
1) Бас жүлде – Айғаным Балғабаева (Зайсан ауданы);
2) І орын – Аймерей Асылбекқызы (С.Аманжолов атындағы ШҚУ студенті);
3) ІІ орын – Ермеков Әли мен Мұратханұлы Мұхтар;
4) ІІІ орын – Ержан Жания және Оралбек Бауыржан (Тарбағатай ауданы).
– Тағылымды шараның басты мақсаты – Желтоқсан оқиғасының тарихи маңызын жас ұрпаққа насихаттау, Сәбира Мұхамеджанованың ерлігін ұлықтау және жас айтыскер ақындардың өнерін қолдау. Айтыс барысында жас жүйріктер жалынды жырларымен көрерменнің ықыласына бөленіп, ұлттық өнердің өміршеңдігін тағы бір мәрте дәлелдеді, – делінген материалда.
Пікірлер