Өңірде қысқы спорт түрлерін дамыту жұмыстары жалғасып жатыр. Осы бағытта Риддер қаласында екі маңызды жобаны іске асыру жоспарланған, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Бірінші жоба - К-20 трамплинін салу. Қазіргі уақытта бұл нысанға арналған жер телімінің нақты аумағы анықталған. Ол қаланың саябақ аймағында орналасқан. Жер учаскесіне 05-083-011-753 кадастрлық нөмірі берілген, жалпы аумағы - 2,0544 гектар. Қазір жобалық-сметалық құжаттаманы әзірлеу үшін қажетті құжаттарды дайындау жұмыстары жүргізілуде.
Екінші жоба - ұзындығы 5 шақырым болатын заманауи шаңғыроллер трассасын салу. Жоспар бойынша нысан жасанды қар жасау жүйесімен, жарықтандырумен, видеотөрешілік жүйесімен және 30 қондырғыға арналған биатлондық ату алаңымен жабдықталады. Бұл жоба бойынша жобалық-сметалық құжаттама әзірленіп, қазіргі уақытта мемлекеттік сараптамадан өтіп жатыр.
Айта кету керек, спорттық инфрақұрылымды дамыту Риддер үшін аса өзекті. Бұл қала қысқы спорттағы жарқын жетістіктерімен танымал.
Пікірлер