A+ A A-

talgatzhan 41 Бүгін, 10:30 0

Өскеменде электр жарығы неге жиі өшеді?

Бүгін / Өскемен / Өзекті мәселе

Өскеменде электр жарығының жиі өшуі тұрғындар үшін үйреншікті жағдайға айналып барады. Бірі – қорқынышпен, енді бірі – шарасыздықпен күн кешіп отыр. Апаттық ажыратулардың саны артып, электр желілерінің тозуы туралы деректер жиілеген сайын, «бұл мәселе қашан шешіледі?» деген сұрақ қоғамда өткір қойыла бастады. Есі шыққан – Есенберлин даңғылының жұрты, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.

«Қараңғыдан қатты қорқамын»

Малика Қыдырова (аты-жөні өзгертілген) есімді қала тұрғыны үшін жарықтың өшуі – жай ғана тұрмыстық мәселе емес. Бұл – күн сайын қайталануы мүмкін психологиялық қысым. Айтуынша, 2025 жылдың жазында Ілияс Есенберлин даңғылында жарық шамамен он сағат бойы өшіп қалған. Ал биыл Қаныш Сәтпаев даңғылындағы №24 үйде мұндай жағдай жиілеп кеткен.

– Қараңғыдан қатты қорқамын. Жарықтың аяқасты өшуі мен үшін кәдімгідей күйзеліс. Әсіресе кешкі уақытта. Әр жолы «тағы өше ме?» деген оймен отырамыз. Кішкентай баласы бар отбасылар не істейді? Қарт адамдар ше? – деп санаға келген сұрақтарын тізбеледі ол.

Шынында да, мәселе тек жарықтың болмауында емес. Ең қиыны – оның қашан өшіп, қашан қосылатынын білмеу. Жарық өшкен сайын тұрғындар чатта қызыл кеңірдек талқылау өткізеді. «Барлық үйде өшті ме?», «Қашан қосылады?», «Тағы апат па?» деген сұрақтар жауапсыз қалып жатады. Бұл – техникалық мәселенің әлеуметтік-психологиялық деңгейге көтерілгенін көрсетеді.

Екі айда 200 рет өшті

Ресми деректерге сәйкес, өңірде электр энергиясының жиі өшуі кездейсоқ жағдай емес. Шығыс Қазақстан және Абай облыстары бойынша «БЭСК» АҚ мәліметінше, апаттық ажыратулардың негізгі себебі – 10 кВ кабельдік желілердің зақымдануы. Соңғы алты айда өңірде екі ірі апат тіркелген. Алғашқысы 2025 жылғы 16 қарашада Жібек маталар комбинаты шағынауданында болған. Бұл кезде қосалқы станциядан тарайтын Ж-39 желісі істен шыққан. Екінші ірі апат 2026 жылғы 2 наурызда Ж-23 желісінде тіркеліп, трансформаторлық қосалқы станциялар арасындағы учаске зақымданған. Мамандардың айтуынша, тұтынушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында соңғы жылдары бірқатар резервтік желі тартылған. Мәселен, 2024 жылғы инвестициялық бағдарлама аясында қосалқы станциядан тарату пунктіне дейін 2,9 шақырым резервтік кабель орнатылған. Алайда бұл шаралар мәселені толық шешпей отыр. 2026 жылдың қаңтар–ақпан айларында облыста 126 апаттық және 101 жоспарлы ажырату тіркелген. Бұл екі ай ішінде электр қуатының 200-ден астам рет өшкенін көрсетеді.

– Апаттардың негізгі себептері – электр желілерінің зақымдануы, қолайсыз ауа райы және сыртқы факторлар, – деді «БЭСК» АҚ төрағасының орынбасары Талғат Құсайынов.

Сарапшылар пікірінше, негізгі проблема – инфрақұрылымның тозуы. 2025 жылғы мәлімет бойынша, өңірдегі электр желілерінің шамамен 80 пайызы ескірген. Ал кейбір трансформаторлар 40–50 жыл бұрын орнатылған. Мұндай жүйе қазіргі жүктемені толық көтере алмайды. Сондай-ақ электр энергиясын тұтыну көлемі жыл сайын артып келеді. Мәселен 2024 жылы Өскемен қаласында 862 миллион кВт/сағат энергия тұтынылса, 2025 жылы бұл көрсеткіш 883 миллион кВт/сағатқа жеткен. Бұл қаланың дамуы инфрақұрылым мүмкіндіктерінен тозып бара жатқанын көрсететіндей.

 

Қалада электр қуаты тапшы ма?

Қала әкімдігі де бұл мәселенің бар екенін жасырмайды. Өскемен әкімі Алмат Ақышовтың айтуынша, қалада электр қуатының тапшылығы байқалады. Әсіресе 20-шағын аудандағы жағдай соның айқын дәлелі. Бұл аумақта құрылыс кезінде инженерлік инфрақұрылым ескерілмеген. Соның салдарынан жаңа үйлер әлсіз желілерге қосылған.

– Инфрақұрылым мен құрылыс қатар дамымаған. Қазір біз сол шешімдердің салдарымен бетпе-бет келіп отырмыз, – деді қала әкімі.

Айта кетейік, 6 наурызда Алмат Ақышов 2025 жылы атқарылыған жұмыстар мен 2026 жылға жоспарлар туралы халық алдында есеп берген болатын. Электр қуатының тапшылығы сол кезде айтылды. Осы мәселені шешу үшін жаңа қосалқы станцияның қуатын 25 мегаваттқа арттыру жоспарланған. Бұл жаңа шағын аудандарды электр желісіне қосуға мүмкіндік береді.

– Егер жаңа қуат көздерін қоспасақ, болашақта жаңа үйлер мен нысандарды электр желісіне қосу қиын болады. Сондықтан бұл бағытта нақты жұмыстар жүргізілуде, – деді қала әкімі.

Өскемендегі электр жарығы мәселесі тек техникалық ақау емес. Бұл адамдардың күнделікті өміріне, қауіпсіздігіне, психологиялық жай-күйіне әсер ететін күрделі проблема.
Жарықтың жиі өшуі бүгінгі күннің ғана мәселесі емес, ол жылдар бойы жиналған проблемалардың нәтижесі. Сондықтан бұл мәселе уақытша жөндеумен емес, түбегейлі шешімді талап етеді. Ал тұрғындардың басты сұрағы әлі де жауапсыз: Өскемен жарық мәселесінен қашан толық арылады?

 

Ұлжан СЕЙІТХАНОВА

Фотосурет ашық дереккөзден

Біздің инстаграмға жазылыңыз

Жаңалықтарды басқаларға қарағанда тезірек көріңіз

Жазылу
0 0 0

Пікірлер

Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив