ШҚО Полиция департаменті Күршім аудандық полиция бөлімі кәмелетке толмаған жолаушының өліміне кінәлі деп танылған жол-құрылыс ұйымының 53 жастағы бас инженеріне қатысты қылмыстық істі тергеп-тексеруді аяқтады, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Тергеу барысында жол үстінде үйілген топырақтың көлік қозғалысына қауіп төндіргені белгілі болды. Алайда күдікті «Жол жүрісі туралы» ҚР Заңының талаптарына қарамастан ескерту жол белгілерінің орнатылуын қамтамасыз етпеген.
- Салғырттықтың салдарынан 2025 жылы 31 қазанда «Күршім–Қалжыр–Ақсуат» тасжолының 37 шақырымында 37 жастағы аудан тұрғыны жол үстіндегі үйілген топыраққа соғылған. Жол-көлік оқиғасының нәтижесінде оның 2019 жылы туған ұлы оқиға орнында көз жұмса, 2017 жылы туған қызы түрлі жарақаттар алған, - делінген ШҚО Полиция департаментінің ресми мәліметінде.
Қылмыстық істі тергеу шамамен үш айға созылды.
- 2026 жылдың қаңтарында іс сотқа жолданып, наурыз айында айыптау үкімі шықты. Сот инженерді «Көлікте қолданылатын қағидаларды бұзу» бабының үшінші бөлігі (Абайсызда адам өліміне әкеп соққан әрекет) бойынша кінәлі деп таныды. Оған бас бостандығынан айыру және бір жыл мерзімге жол қауіпсіздігін қамтамасыз етуге байланысты лауазымдарды атқару құқығынан айыру жазасы тағайындалды, - деп жазылған ақпаратта.
ШҚО Полиция департаменті лауазымды тұлғалар мен мердігер ұйымдарды көлік жолдарында жұмыс жүргізу кезінде қауіпсіздік талаптарын қатаң сақтауға шақырады.
Пікірлер