ШҚО әкімінің орынбасары Жақсылық Омарға қатысты сот үкіміне облыстық прокуратура түсініктеме берді, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі BAQ.KZ сайтына сілтеме жасап.
Бұған дейін Өскемен қаласының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты Жақсылық Омарға қатысты қылмыстық істі қараған болатын. Ол аса ірі көлемдегі алаяқтық және пара алу фактілері бойынша айыпталған.
3 сәуір күні сот үкім шығарып, Жақсылық Омарды кінәлі деп таныды. Оған 6 жыл бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды. Сонымен қатар мүлкі тәркіленіп, мемлекеттік қызметте лауазым атқару құқығынан өмір бойына айырылды. Жазасын орташа қауіпсіздік мекемесінде өтейтін болады. Сот шешімімен оның «Toyota Camry» маркалы автокөлігі де тәркіленді.
ШҚО Прокуратурасының мәліметінше, Жақсылық Омардың әрекеттері сыбайлас жемқорлық қылмыстар санатына жатады және мемлекеттік қызметтің негіздері мен қоғам сеніміне нұқсан келтіреді. Айыптау тарапы істің қысқартылған тәртіпте қаралуын ескере отырып, заңда көзделген ең қатаң жазаны сұраған.
- Қолданыстағы қылмыстық заңнама талаптарына сәйкес, сыбайлас жемқорлық қылмыстары үшін сотталған тұлғаларға амнистия актілері мен шартты түрде мерзімінен бұрын босату нормалары қолданылмайды, – деп мәлімдеді прокуратура.
Айта кетейік, сот үкімі заңды күшіне әлі енген жоқ.
Пікірлер