Өңірде көктемгі су тасқыны мен өрт қаупінің алдын алу бағытында кешенді жұмыстар жүргізілуде. Бұл туралы облыс әкімі Нұрымбет Сақтағанов мәлім етті, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Аймақ басшысының айтуынша, Алтай ауданына қарасты Зубовск кентінің маңындағы және Малеевск ауылының тұсындағы Бұқтырма өзенінде су деңгейі жыл сайын әртүрлі көтеріледі, сондықтан оны алдын ала болжау қиын.
– Біз цифрландыру бағытында жұмыс жүргізіп жатырмыз. Қанша қар жауғанын, су деңгейінің қай кезде көтерілетінін арнайы жүйе арқылы бақылап отырмыз. Сонымен қатар су ағынын бұру үшін ұзындығы 100 метр болатын екі су бұрғыш салынды, – деді Нұрымбет Сақтағанов.
Соңғы мәліметтерге сүйенсек, Бұқтырма өзеніндегі су деңгейі бір тәулікте 17 сантиметрге көтерілген. Ал қорғаныс дамбаларының биіктігі 6 метрден асады, жалпы ұзындығы – 16 шақырым.
– Қауіптің алдын алу үшін барлық қажетті шараны қабылдап жатырмыз. Су тасқыны кезеңінде тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету – басты міндет, – деді өңір басшысы.
Сонымен қатар аймақта өрт қаупі де жоғары болуы мүмкін екені айтылды.
– Биыл қар мөлшері өткен жылмен салыстырғанда аз. Соған байланысты өрт қаупінің артуы ықтимал. Қазірден бастап өртке қарсы шараларды күшейтіп, қажетті техникаларды дайындап жатырмыз, – деді Нұрымбет Аманұлы.
Пікірлер