A+ A A-

talgatzhan 31 Бүгін, 14:30 0

Қауырт жұмысқа бөлінген қомақты қаржы: ШҚО-да биыл 7 мектептің құрылысы аяқталады

Бүгін / Басты / ШҚО / Өзекті мәселе

Жуықта облыстық Білім басқармасының басшысы Қуат Оқасов Өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифингке қатысып, аймақтағы мектептердің жағдайы туралы ақпаратпен бөлісті. Белгілі болғандай, осы жылы бірнеше білім ордасының құрылысын аяқтау жоспарланып отыр. Сондай-ақ пәндік кабинеттер мен автобустар сатып алу көзделген, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.

Тағы жеті мектеп салынады

Басқарма басшысы Қуат Оқасовтың сөзінше, облыста балаларға қолайлы білім беру үшін жағдай жасау жұмыстары жалғасуда. Бүгінде өңірде апатты және үш ауысымда оқытатын мектептер жоқ.

– Осы күнге дейін «Келешек мектептері» ұлттық жобасы аясында 3 мың орындық 7 заманауи мектеп салынды. Сондай-ақ Зайсан қаласы мен Жаңа Бұқтырма кентінде жаңа білім ошақтары пайдалануға берілді. Оффтейк-келісімшарт шеңберінде 280 орындық 5 мектептің құрылысы аяқталды (Тарбағатай ауданының Тәуке ауылында 80 орындық, Шолақорда ауылында 50 орындық, Марқакөл ауылдық округіндегі Игілік ауылында 50 орындық, Күршім ауданының Бірлік ауылында 50 орындық дәне Тарбағатай ауданының Сарыөлең ауылында 50 орындық), – деді Қуат Оқасов.

Ал биыл тағы 7 мектептің құрылысы жалғасуда. Оның ішінде оффтейк-келісімшарт аясында 550 орындық 6 мектеп салынып жатыр. Атап айтқанда:

Самар ауданының Самар ауылында 150 орындық;

Марқакөл ауданының Қайнарлы ауылында 50 орындық оқу-әкімшілік орталығы;

Зайсан ауданының Саржыра ауылында 50 орындық;

Марқакөл ауданының Тосқайың ауылында 100 орындық;

Күршім ауданының Қыстау-Күршім ауылында 50 орындық;

Зайсан ауданының Үлкен Қаратал ауылында 150 орындық білім ордасы.
Әлеуметтік әріптестік аясында «Казцинк» ЖШС қолдауымен Риддерде 600 орындық мектеп құрылысы жалғасып жатыр. Бұдан бөлек, мемлекеттік-жекешелік әріптестік аясында 1000 орындық 4 балабақшаның құрылысы жоспарланған.

 

Жөндеуге жұмсалған қаржы

Білім басқармасының ақпаратынша, облыста 3,6 млрд теңгеге 133 білім беру нысаны жөндеуден өтті.

– ҚР Президентінің «Әділетті Қазақстан – бәрі үшін және әркім үшін. Қазір және әрдайым» сайлауалды бағдарламасын іске асыру аясында 2025 жылы 30 жалпы білім беретін мектеп үшін 488,2 млн теңгеге 40 пәндік кабинет сатып алынды (химия – 8, физика – 8, биология – 8, STEM – 8, робототехника – 8). Сондай-ақ 1,1 млрд теңгеге 50 білім ордасы жаңғыртылды, – деді басқарма басшысы.

Облыстағы барлық білім беру ұйымы бейнебақылау жүйелерімен жабдықталған.

– 141 мектепте турникеттер, 387 мекемеде дабыл түймелері орнатылған. Сонымен қатар 98 мектепке дейінгі ұйымда домофон жүйелері бар. 364 нысан Жедел басқару орталығына қосылып, 211 ұйымда мамандандырылған күзет құрылымдарымен келісімшарттар жасалған, – деді басқарма басшысы.

Ал биыл шағын қалаларда, аудан орталықтары мен ауылдарда кемінде 50 мектепті заманауи стандарттарға сәйкес жаңғырту жоспарға енгізілді.

– Осы жылы 25 мектеп үшін 427,2 млн теңгеге халықаралық стандарттарға сәйкес химия, физика, биология пәндері бойынша 35 пәндік кабинетті жаңартуды, 1,4 млрд теңгеге 42 нысанда ағымдағы жөндеу жұмыстарын жүргізуді көздеп отырмыз. Атап айтқанда, 25 мектеп, 10 балабақша, 4 ТжКБ ұйымы, 1 қосымша білім беру нысаны, 2 Балалар үйі, – деді Қуат Оқасов.

Спорт залы жоқ мектептер

Басқарма басшылығы ұсынған мәліметте облыстағы 347 мектептің 281-і типтік спорт залмен, 30-ы бейімделген үй-жайларда орналасқан спорт залымен қамтамасыз етілген.

– Алайда ауылдарда орналасқан және бейімделген ғимараттардағы 36 мектепте спорт зал жоқ. Мұндай білім ордаларында дене шынықтыру сабақтары мектеп жанындағы спорттық құрылғыларда өтеді (5-30 оқушы бар шағын контингенті бар бастауыш және негізгі мектептер). Дене шынықтыру сабағы ауа райы жылы кезде шағын футбол алаңдарында, ал қыста дене шынықтыру-сауықтыру кешендерінде ұйымдастырылады, – деді Қуат Оқасов.

Дегенмен өткен жылдармен салыстырғанда спорт залы жоқ мектептер санының азайғаны байқалады: 2023 жылы – 42 мектеп, 2024 жылы – 39 мектеп, 2025 жылы – 36 мектеп.

– Өткен жылы Ұлан ауданына қарасты Жанұзақ ауылында облыстық бюджет қаражаты есебінен 97,4 млн теңгеге салынған заманауи спорт залы пайдалануға берілді. Аталған мәселені кезең-кезеңімен шешу мақсатында білім беру ұйымдарын спорт залдарымен қамтамасыз ету бойынша тиісті шаралар қабылдануда, – деді Білім басқармасының басшысы.

Айта кетейік, мектептерді спорттық құрал-жабдықтармен қамтамасыз ету деңгейі 90%-ды құрайды.

 

Ескірген автобустарды есептеп шығара ма?

Облыста мектеп жоқ 112 елдімекеннен 4807 бала күнделікті тасымалданады. Оқушыларды 102 білім беру ұйымына жеткізу үшін 126 автобус пайдаланылады. Оның ішінде 88 автобус және 38 шағын автобус бар.

– Соңғы 5 жылда автобус паркіне 22 автобус және 4 шағын автобус сатып алынды. Тағы 100 көлік құралын ауыстыру қажет. Олар 2000-2019 жылдар аралығында сатып алынып, пайдалану мерзімі 7 жылдан асып кетті. Оқушыларды тасымалдау қауіпсіздігін қамтамасыз ету және тозған көлік құралдарын кезең-кезеңімен жаңарту мақсатында мектеп автобустарын лизинг тетігі арқылы сатып алу ұсынылуда. 100 автобус сатып алу үшін 2,7 млрд теңге қажет. Бұл оқушыларды қауіпсіз әрі уақтылы тасымалдауды қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. – деді Қуат Оқасов.

Естеріңізге сала кетейік, бүгінде облыстағы 354 мектепте 100 169 оқушы, 37 колледжде 20 273 студент білім алуда. Ал 302 балабақшада 24765 бүлдіршін тәрбиеленіп жатыр.

Қымбат МУХАМАДИЕВА

Біздің инстаграмға жазылыңыз

Жаңалықтарды басқаларға қарағанда тезірек көріңіз

Жазылу
0 0 0

Пікірлер

Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив