22 сәуірде Глубокое аудандық тілдерді оқыту орталығының ұстаздары арасында Ахмет Байтұрсынұлы атындағы “Үздік оқытушы” аудандық байқауы өтті, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Байқаудың мақсаты - оқытушылардың кәсіби шығармашылығын шыңдау және мемлекеттік тілді оқыту үрдісін ілгерілету, тәжірибе алмасу арқылы оқытудың үздік тәсілдерін насихаттау болып табылады .
Сайыс үш кезеңнен тұрды. Атап айтқанда, “Менің жетістіктерім” оқытушының жеке портфолиосы, “Қазақ тілі сабағында заманауи технологияларды тиімді пайдалану» сабақ үлгісінің таныстырылымы, В2 деңгейіндегі сынама топқа оқытудың төрт дағдысы бойынша сабақ өткізу.
Байқауға қатысушыларға әділ баға бергендердің қатарында Глубокое аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Мейрамғали Дәрменқұлов, Шығыс Қазақстан Лингвистикалық орталығының директоры Әсемгүл Абзалова, ШҚ Лингвистикалық орталығы директорының орынбасары Ырысты Райханқызы, Алтай ауданы әкімдігі тілдерді оқыту орталығының директоры Гүлжази Рамазанова болды.
Нәтижесінде бас жүлдені Гүлназ Жельменева (Черемшанка ауылы) жеңіп алды. 1 орынды Роза Раисова (Винное ауылы) иеленді. Жүлделі 2 орынға Гульнар Бекжанова (Бобровка ауылы) және Айгүл Адылканова (Перевальное ауылы) лайық деп танылды. Ал 3 орынға Гүлжан Маймерова (Алтайский ауылы) ие болды.
Жеңімпаздарға мадақтамалар мен естелік сыйлықтар табысталды.
Пікірлер