A+ A A-

talgatzhan 30 Бүгін, 09:15 0

ШҚО-да өрт қаупі жоғары аудандарды бақылап отыруға 9 дрон дайын

Бүгін / ШҚО / Өзекті мәселе

Өткен аптада облыс әкімдігінің кезекті отырысы өтті. Оған өңір басшысы Нұрымбет Сақтағанов, қала және аудан әкімдері, облыстық басқарма өкілдері қатысты. Жиында өрт қауіпсіздігін алдын алу, мектеп оқушыларының жазғы демалысын ұйымдастыру мәселелері талқыланды, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.

Өрт өршіген уақыт

ШҚО Төтенше жағдайлар департаменті бастығының міндетін атқарушы, азаматтық қорғау полковнигі Амангелді Еңсегеновтың ұсынған ақпаратында, өңір аумағында өрттің қауіпті кезең 13 сәуірден басталды. 

– Облыстағы орман қорының жалпы ауданы 3 млн гектарды құрайды, оның ішінде орманмен қамтылғаны – 1,7 млн гектар. Сондай-ақ аймақта 13 орман шаруашылығы, 2 мемлекеттік табиғи қорық және бір ұлттық парк жұмыс істейді. Өткен жылы орман қоры аумағында 27 орман өрті тіркелді. Өрт шарпыған аумақ 204 гектарды құрап, 2 млн 100 мың 500 теңге материалдық шығын келтірілді, – деді Амангелді Еңсегенов.

Жалпы 2024 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда орман өрттерінің саны 2 есе, өрт қамтыған аумақ 181 есе артты. Залал мөлшері де 10 есе өсті. 

– Орман өрттерінің негізгі себебі – найзағай разрядтары. Соңғы төрт жылдағы орман өрттері динамикасын талдау олардың саны мен аумағының айтарлықтай төмендегенін көрсетеді: 2022 жылы 15 645,5 га аумақта 76, 2023 жылы – 502,37 га аумақта 77, 2024 жылы – 1,12 га аумақта 13, 2025 жылы – 203,78 га аумақта 27 өрт оқиғасы тіркелді, – деді ШҚО ТЖД бастығының міндетін атқарушы.

Өткен жылы облыс аумағында 840 га аумақта бір дала өрті тіркелді. Даладағы жану жағдайларының саны 1,3 есе артқаны байқалады.

Амангелді Еңсегеновтың айтуынша, өрттің қауіпті кезеңіне дайындық мақсатында түрлі шара қолға алынды. 31 наурызда Төтенше жағдай жөніндегі облыстық комиссияның отырысы өтіп, орман және дала өрттерінің туындау қаупін төмендету бойынша облыстық шаралар жоспары бекітілді. 

– Орман және дала алқаптарындағы ұйымдарға ұсыным хаттар мен табиғи өрттердің алдын алу жоспары жолданды, аудандық күштер мен құралдарды тарту жоспары түзетілді. «Қазақстан Ғарыш Сапары» АҚ-мен термонүктелерді ғарыштық мониторинг деректерін алу бойынша келісімшарт жасалды. Сондай-ақ облыс бойынша мобильді топтар құрылуда, – деді Амангелді Еңсегенов. 

Қазір департамент бөлімшелерінде 1329 қызметкер және 249 техника бар. Бөлімшелер 373 арқалық өрт сөндіргіш, 948 соққыш және жеке құрамды жеткізу техникасымен қамтамасыз етілген. Үш тәулікке дейін автономды жұмыс істеуге арналған материалдық-техникалық құралдар мен азық-түлік қоры жасақталды. 

– Облыста 55,6 тонна дизель отыны және 51,7 тонна бензин қоры дайындалды. Өрт қаупі жоғары аудандарға 9 ұшқышсыз ұшу аппараты бөлінді. Мемлекеттік өртке қарсы қызмет бөлімшелері жоқ елдімекендерде 15 өрт сөндіру пункті құрылды. Биыл Үлкен Нарын ауданына қарасты Алтынбел ауылында қосымша бір өрт сөндіру пункті ашылды. Сонымен қатар өңірде 9 ерікті өртке қарсы құрылым жұмыс істейді, – деді Амангелді Еңсегенов.

 

Бюджеттен бөлінген миллиардтар

ШҚО Табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасы ақпаратынша, орман мекемелері бойынша материалдық-техникалық жарақтандыруды нығайту бағытында тұрақты жұмыстар жүргізілуде. Осылайша, соңғы 7 жылда облыстық бюджеттен 2,65 млрд теңге бөлінді. Бұл қаржыға 23 трактор, 4 вахталық көлік, 14 өрт сөндіру көлігі, 40 шағын өрт сөндіру кешені және 16 патрульдік көлік сатып алынды.

Ал былтыр «Өнеркәсіпті дамыту қоры» АҚ арқылы 3,9 млрд теңгеге лизинг негізінде 122 көлік сатып алынды: 34 шағын өрт сөндіру кешені, 47 трактор, 41 өрт сөндіру автоцистернасы.

Айта кетейік, өңірдегі 9 орман шаруашылығы аумағында орман өртін ерте анықтау жүйелерін кеңейту жөніндегі жол картасына сәйкес 90 нүкте айқындалып, жүйені енгізудің жалпы құны есептелді.

 

Балалар бойжазып қайтсын

Әкімдік отырысы барысында облыстық Білім басқармасының басшысы Қуат Оқасов мектеп оқушыларының жазғы демалысын ұйымдастыру туралы ақпаратпен бөлісті.

Белгілі болғандай, осы жылы балалардың жазғы демалысын ұйымдастыруға қалалар мен аудандар бюджетінен 362,1 млн теңге бөлінді. Оның ішінде материалдық техникалық базаны жөндеп, нығайтуға 59,4 млн теңге, балаларға (көпбалалы және аз қамтылған отбасынан шыққан балаларға) жолдамалар сатып алуға 215,9 млн теңге бағытталды.

– 2025-2026 оқу жылында 1-10 сынып оқушыларының саны 93 853-ке жетті. Оқушылардың 99,9%-ын (93 754 адам), оның ішінде көпбалалы және аз қамтылған отбасынан шыққандардың 100%-ын (8 525 адам) сауықтырумен, демалыспен және жұмыспен қамту жоспарлануда, – деді Білім басқармасының басшысы Қуат Оқасов.

Жазғы демалыс кезінде аймақта 12 қала сыртындағы балаларды сауықтыру орталығы, 276 мектеп жанындағы сауықтыру орталығы, барлық қосымша білім беру ұйымдары мен аула клубтарында тамақтандыру қарастырылмаған 226 бейіндік алаң жұмыс істейтін болады.

– Балалардың жазғы демалысын ұйымдастыру үшін 2454 педагогикалық қызметкер, оның ішінде 1230 тәрбиеші мен тәлімгер, 1224 қосымша білім беру ұйымдарының мұғалімі және 250 медицина қызметкері, колледждер мен ЖОО студенттері арасынан педагогикалық жасақтар тартылады, – деді Қуат Оқасов.

Белгілі болғандай, облыс оқушылары Алматыдағы «Бөбек», Щучье және Қонаев қалаларындағы «Балдәурен» жыл бойы істейтін Ұлттық білім беру және сауықтыру орталықтарында тегін демалады.

Самар ауданындағы «Балауса» балаларды сауықтыру орталығының базасында 7-8 сынып оқушыларына арналған әскери-спорттық балалар сауықтыру орталығы да өз жұмысын жалғастырады. Биыл бұл жерге 100 бала келеді деп күтілуде.

– 280 жетім бала, Балалар үйінің тәрбиеленушілері мен дарынды мектеп оқушылары үшін Бұқтырма су қоймасында қайықпен саяхат ұйымдастыру жоспарланған. Бұл жобаға 33,4 млн теңгеге бюджеттік өтінім берілді, – деді басқарма басшысы.

Сонымен қатар, колледждерде оқушыларға арналған жазғы алаңдар ұйымдастырылады. Балалар түрлі мамандықтармен танысып, шеберлік сыныптарына қатыса алады.

Көпбалалы және аз қамтылған отбасылардан шыққан 150 колледж студенті үшін Бұқтырма су қоймасы жағасындағы жазғы сауықтыру орталығында (Үлкен Нарын ауданы) демалыс ұйымдастырылады.

Біздің инстаграмға жазылыңыз

Жаңалықтарды басқаларға қарағанда тезірек көріңіз

Жазылу
0 0 0

Пікірлер

Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив