A+ A A-

talgatzhan 30 Бүгін, 10:30 0

ШҚО-да 40-тан астам мектепте әлі директор жоқ

Бүгін / Басты / ШҚО / Өзекті мәселе

Желкені төмен кемені жел де итермей, қозғалысының бәсең тартатыны белгілі. Сол секілді білім ошақтарында басшының болмауы жасанды интеллект пен жаңашылдық төңіректі жайпап келе жатқанда қоғам болып тілге тиек етілуі тиіс өткір мәселеге айналды. Өткенде облыстық Білім басқармасының басшысы Қуат Оқасов аймақтағы 48 мектепте директор жоқ деген болатын. Бұл тақырып қай аудандарда өзекті екенін ресми сауалхат жолдау арқылы білдік, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.

Басшы бөліскен мәлімет

Педагогтер неге директор болуға ұмтылмайды деген сауал туындайды. Көбі мұны жұмыс мазасыздығымен, жауапкершілік жүгі мол екендігімен байланыстырды. Алайда мұны екі жақты қарайтындар бар. Өткенде Зайсан қаласындағы Сауыр жалпы орта білім беретін мектебіндегі жағдайды жазған едік. Ата-аналар «директорымызды қызметінен босатқалы жатыр» деп біркісідей дабыл қаққан болатын. Оның бір себебі сол, мектеп тізгінін ұстаған Сұңғат Анапиев бала тәрбиесінен бөлек, олардың білім алуға, оқуға деген құлшыныстарын арттырып, сырттан психолог та шақырыпты. Сайып келгенде, оқушыға оң ықпал ете білетін адамды ешкімнің жібергісі жоқ. Ал кей жағдайда аудандық, қалалық білім бөлімдері беретін нұсқамалар мен мектептегі әр алуан жағдай көбінің сабыр суы сарқылуына негіз болатын сыңайлы.

Бір айта кетерлігі, қазір облыста мектеп саны артқан. Ұзын-саны – 354. Оның 347-сі – мемлекеттік, жетеуі – жекеменшік. Жалпы, 41 білім ордасы директорсыз отыр. Биыл 18-31 наурыз аралығында Оқу-ағарту министрі мен Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің бірлескен бұйрығына сәйкес жарияланған конкурс нәтижесінде жеті білім беру ұйымының директоры болуға үміткерлер оң нәтиже алып, бос орындарға ұсынылған.

– Былтыр 1 қаңтардағы жағдай бойынша облыс көлемінде 62 орта білім беру ұйымы басшысының орны бос деп тіркелді. Жыл аяғында оның саны 50-ге дейін төмендеді. Бірақ кейінірек тағы 16 мектептің директорсыз қалғаны анықталды. Яғни, бос лауазымдарды жабамыз деп, басқа жерде орындар босап жатқаны тіркелді, – деді Қуат Барысұлы.


Жалақысы қанша?

Әрі қарай басқарма жауабы негізінде ұзын-сонар сөйлем ұсынуға мәжбүрміз. 2009 жылы Білім және ғылым министрлігі деп аталған ұйымның бұйрығы аясында бастауыш, негізгі орта және жалпы орта білім беру ұйымдары басшысына қойылатын негізгі міндеттер төмендегідей:

білім беру ұйымы қызметін басқарып, ұйымдастырады;

мемлекеттік білім стандарттарының орындалуын қамтамасыз етеді;

оқу-тәрбие процесінің сапасын бақылап, жетілдіреді;

қаржы-шаруашылық қызметті тиімді жүргізеді;

Бұдан бөлек, оқушылар өмірі мен денсаулығының қауіпсіздігін қамтамасыз етіп, ата-аналар және қоғаммен байланыс орнатады. Осындай қағидалар негізінде және конкурс қорытындысында бірінші басшы лауазымына бес жылға тағайындалады. Бастауыш, негізгі орта және жалпы орта білім беру ұйымдары басшыларында ең алдымен жоғары педагогикалық білім немесе педагогикалық қайта даярлауды растайтын құжаттың болуы міндетті. Бұл ғана емес. Тарқатып жазсақ, педагогикалық еңбек өтілі кемі бес жыл, оның ішінде соңғы екі жыл үздіксіз педагогикалық өтілі, басшының орынбасары лауазымында немесе орта білім беру ұйымының басшысы лауазымында кемінде екі жыл еңбек өтілі болуы тиіс.

Білім басқармасы басшысының орынбасары Бұлбұл Қозыбаеваның сөзінше, облыс көлемінде орта есеппен алғанда орта білім беру ұйымдары басшыларының айлығы – 176 мың 794 теңге -214 мың 664 теңге аралығында. Басшының орынбасары бұл жерде басшы, педагог ретіндегі білім санатын, қосымша оқу жүктемесі есепке алынбағанын жеткізді.


Ардагер ұстаздың айтқаны

Ал облыстағы ең қарт директор Алтай ауданына қарасты Средигорное орта мектебін басқарып отыр. 67 жаста екен. Керісінше, ең жас директор Зайсан ауданындағы Айнабұлақ орта мектебінде жұмыс істейді, 32 жаста.

Мектеп басшысыз отырса қалай деп ардагер ұстаз Әлібек Нұрмұхамедовтің ойын білдік. Оның сөзінше, ертелі-кеш мектепке директор міндетті түрде тағайындалуы керек. Ол тек оқу-тәрбие ісімен ғана емес, қоғамдық, саяси жұмыстың бәрі соның мойынында.

– Директорлар жан-жақты болуы қажет. Менің ойымша, білім ордаларында ер адамның басшы болғаны дұрыс. Нәзік жандылардың жұмысын төмендетіп отырғаным жоқ, Бірақ ер адам тәртіпке берік болады деп ойлаймын. Мектептердің барлығында дерлік солай. Ал әйел адамдарды алсақ, олардың да міндеті оңай емес. Өз баласынан гөрі, өзгенің баласымен көп жұмыс істейді. Директор деген барлығының үйлестірушісі. Ал білім беру әлі де қолдауға мұқтаж, – деді ол.

Ресми ақпаратқа сәйкес, облыс бойынша директоры жоқ мектептер Шемонаиха ауданында көп. Он білім ошағына басшы керек. Одан кейінгі орында Самар (6 орын бос), сосын Катонқарағай мен Алтай аудандары (бес-бес орыннан бос) жайғасқан. Бәрін болмаса да, қысқартып, кесте түрінде ұсына кетуді жөн көрдік:



Мектеп атауы

Орналасқан жері

1

«Путинцево орта мектебі»

Алтай ауданы, Путинцево ауылы

2

«Маяк орта мектебі»

Алтай ауданы, Маяк ауылы

3

«Быково негізгі мектебі»

Алтай ауданы, Быково ауылы

4

«Белоусовка орта мектебі»

Глубокое ауданы, Белосусовка ауылы

5

«Винное орта мектебі»

Глубокое ауданы, Винное ауылы

6

«Поперечное ауылының негізгі орта мектебі»

Риддер қаласы, Поперечное ауылы

7

«И.М.Астафьев атындағы жалпы білім беретін мектебі»

Шемоинха ауданы, Усть-Таловка ауылы

8

«Убинка жалпы орта білім беретін мектебі»

Шемонаиха ауданы, Новая Убинка ауылы

9

«Пруггерово негізгі орта мектебі»

Шемоинаиха ауданы, Пруггерово ауылы

10

«Сейтқамза Ластаев атындағы орта мектебі»

Катонқарағай ауданы, Катонқарағай ауылы

11

«Коробиха орта мектебі»

Катонқарағай ауданы, Коробиха ауылы

12

«Сарыбел орта мектебі»

Самар ауданы, Сарыбел ауылы

13

«Пантелеймоновка негізгі мектебі»

Самар ауданы, Шұбарқайың ауылы

14

«Ақмектеп орта мектебі»

Тарбағатай ауданы, Ақмектеп ауылы

15

«Қайыңды негізгі орта мектебі»

Күршім ауданы, Қайыңды ауылы

16

«Ақжолов атындағы негізгі мектебі»

Ұлан ауданы, Манат ауылы

Мектептің ұзақ уақыт директорсыз қалуы білім беру ұйымының қызметінде бақылаудың әлсіреуіне әкелуі мүмкін. Басқарма өкілдерінің жауабы да осыған саяды. Педагогтердің басқарушылық қызметке деген ынтасының төмен болуы жалақы мен жүктеменің сәйкеспеуімен байланысты екен. Яғни, педагогтер басқарушылық жауапкершілік алмай-ақ, өздерінің негізгі жұмысын орындау арқылы директордан көп жалақы алады. Дей тұрғанмен «басшысыз ел жетім» деген тәмсілдің негізсіз айтылмағаны сөзсіз. Басқарма өкілдері тиісті жұмыс атқарылып, ай сайын конкурс өткізіліп отырғанын жеткізді. Ендеше өзгеріс те ізін суытпай байқала жатар.


Әділхан ЕСІМХАНОВ

Біздің инстаграмға жазылыңыз

Жаңалықтарды басқаларға қарағанда тезірек көріңіз

Жазылу
0 0 0

Пікірлер

Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив