A+ A A-

talgatzhan 36 Бүгін, 15:20 0

Степное ауылы тұрғындары шошқа фермасының иісіне әлі тұншығып отыр

Бүгін / Глубокое

Глубокое ауданына қарасты Степное ауылының тұрғындары ширек ғасырға жуық уақыт бойы ауылдан небәрі бірнеше жүз метр жерде орналасқан шошқа фермасымен әлек келеді. Hronika.kz ақпаратынша, фермадан ағатын қою қоңыр сұйықтықтың иісі қолқаны қабады. Ол ауылдағы құдықтардың суын ішуге жарамсыз етіп, үйлерді сатуды да қиындатып отырған көрінеді, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.

«1200-дей шошқа бар»

Қоғам белсендісі Жанар Оспанованың айтуынша, олар бұл мәселемен 2000 жылдардың басынан бері айналысып келеді. Оның сөзінше, көктем келгенде ауылда қар еріп, гүл шығудың орнына «көң өзені» ағады.
– Адамдарға өмір сүру қиын, үй сату мүмкін емес. Бұрын күлімсі иісі бар сұйықтық ауыл ортасымен ағатын. Жақында тағы басталды. Облыстық прокуратураға да, әкімдікке де, СЭС-ке де, экология департаментіне де жаздық, бірақ нәтиже жоқ. Сот ферма жұмысын тоқтату туралы шешім шығарғанымен иесі оған мән бермейді. Ферманың атын өзгертіп жіберген. Қазір онда 1200-дей шошқа бар. Оларды сойғанда барлық қалдықты жай қоқыс полигонына апарады. Бұрын соттасқанда иесі мүлкін басқа адамның атына жазып қойған. Кейін ол адам құжаттарымен бірге кетіп қалған, содан бері жоқ. Экология департаментіне қайта жаздым, бірақ олар нысанның иесі жоқ деп, тексеруден бас тартты. Содан бері бір жарым жыл өтті, еш өзгеріс жоқ, – деді ол.

Экологтар уәдесінен неге тайқыды?

Мемлекеттік органдардың ресми есептері біршама қызық дерек болып көрінді. 2023 жылы ветеринарлық қызмет бұл фермада бірде-бір мал жоқ деген анықтама берген. Ал ауыл тұрғындарының айтуынша, қазір ол жерде мыңнан астам шошқа бар. Олар тіршілік етіп, көп мөлшерде қалдық шығарып жатыр.
Талпақ танауды сойғаннан кейін олардың қалдықтары кәдімгі тұрмыстық қалдықтар полигонына тасталады. Бұл жағдай экология үшін қауіпті.
Тұрғындардың айтуынша, билік олардың мәселесін шешудің орнына, көпшілік наразылығына тосқауыл қоюға көбірек мән берген. 2022 жылдың мамырында ауыл тұрғындары жиналыс өткізбек болғанда, бір күн бұрын полиция қызметкерлері мен ішкі саясат бөлімінің қызметкерлері үйлерді аралап шыққан. Соның салдарынан көпшіліктің басы қосылмай, бірнеше адам ғана келген көрінеді.
Сонда экологтар ферма иесін жауапқа тартамыз деп уәде берген. Бірақ қазір ол уәде берген адамдардың өздері жауапкершілікке тартылды.
2022 жылдың қарашасында сот ферма жұмысын тоқтату туралы шешім шығарып, істің нүктесін қойғандай еді. Бірақ 2026 жылдың сәуір айына дейін бұл шешім орындалмады. Тұрғындар әлі де түрлі мекемеге шағымданып әлек. Сот шешімі қағаз жүзінде ғана істі біржақты еткен сияқты.

Гүлназ БАЙНАЗАРОВА
Фотосурет ашық дереккөзден

Біздің инстаграмға жазылыңыз

Жаңалықтарды басқаларға қарағанда тезірек көріңіз

Жазылу
0 0 0

Пікірлер

Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив