A+ A A-

talgatzhan 40 Бүгін, 10:00 0

Шырайынан айырылған шағын ауыл: Шекара шебіндегі Жазабаның тұрмысы жүдеп барады

Бүгін / Катонқарағай / Өзекті мәселе

Шығыс Қазақстан облысында шекара маңында, аудан орталығынан шалғай орналасқан ауылдар аз емес. Солардың бірі – Катонқарағай ауданына қарасты Жазаба ауылы. Жуырда әлеуметтік желіде осы ауылға қатысты бейнематериал таралып, онда жергілікті тұрғындардың түрлі мәселелерге байланысты өтініштері мен шағымдары көрсетілген. Аталған жайтқа бейжай қарамай, мәселенің мән-жайын жан-жақты зерттеп көруді жөн көрдік, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.

«Ауызсуды бастаудан тасып ішеміз»

Шығыстың ғана емес Қазақстанның «Швейцариясы» әрі інжу-маржаны саналатын Катонқарағай ауданында табиғаты көркем болғанымен, тұрмысы жүдеп кеткен ауылдар аз емес. Соның бірі – Ресеймен шекаралас Жазаба ауылы. Жақында әлеуметтік желіде осы ауыл тұрғындарының билікке жолдаған бейнеүндеуі тарады. Аталған мәселені толық түсіну үшін тұрғындармен тілдескен едік.

Видеода көрінгендей, ауыл жұртының басты қалауы – өркениетті өмірден тыс қалмай, дамыған заман ағымына ілесу. Шекаралық аймақтағы елдімекеннің бүгінгі жай-күйі «аттың жалында, түйенің қомында» жүрген ата-баба кезеңінен аса қоймағандай әсер қалдырады. Тұрғындардың айтуынша, жол азабы титықтатып жіберді. Қыста қар құрсауында қалып, көктем мен күзде ми батпаққа айналатын жол қатынасы ауылдың түйткілді мәселесіне айналған.

– Біздің ауыл Ресеймен шекарада орналасқан. Ауылда аз ғана адам тұрады, олардың көбі – зейнет жасындағылар. Ауызсуды бастаудан тасып ішеміз. Сайлау алдында ауыл мәселелерінің бәрін айттық. Әр келген сайын «жасаймыз» деген уәдені естиміз, бірақ іс аяғына жетпей қалады. Байланыс желісін 2024 жылы орнатқанымен, әлі күнге дейін іске қосқан жоқ. Медпунктте дәрігер жоқ, біреу ауырып қалса, орталықтан шақыртамыз. Жол жағдайы да өте нашар. Дәрігер жеткенше не болары белгісіз. Қараша айында жолға тас төсей бастаған еді, оны да аяқтамай тастап кетті. Көліктер жиі-жиі жолда қалып жатыр, – дейді ауыл тұрғыны Аяла Сейтхан (аты-жөні өзгертілген).

«Цифрлы Қазақстан» заманында Жазабада интернет түгілі, ұялы байланыстың өзі тұрақсыз. Бұл білім алып жатқан оқушылар мен шұғыл көмек шақыртқысы келген қариялар үшін үлкен кедергі екені анық.

– Өмір бойы осы ауылда өсіп-өніп, еңбек етіп келемін. Бұл жерде тұрғанымызға 55 жыл болды. Бір кезде ауылда халық көп еді, екі қолға бір күрек табылып, мектеп те үлкен болатын. Қазір соның ізі де қалмады. Бұрын медпункт те, дүкен де жұмыс істеп тұрды, халықтың тұрмысы жақсы еді. Қазір заман дамып жатқанымен, біздің ауыл керісінше, кері кетіп бара жатқандай. Жыл сайын көпірді жөндейді, қайта салады, бірақ одан нәтиже шықпайды. Тағы шайылып жатыр. Осы жұмыстарға қаншама қаражат кетіп жатыр, бірақ нәтижесі неге көрінбейтінін түсінбейміз. Қайда барып, кімге шағым айтарымызды да білмейміз, – дейді Жазаба ауылының тұрғыны Қырмызы Күлікбаева.

Әлеуметтік желіде жарияланған видеоға түрлі пікір жазылып, көпшілік ауыл халқының жағдайына алаң білдірді.

– Ауылдың табиғаты қандай әсем! Осындай ауылды көркейтіп, дамыту керек қой, керісінше жойылып бара жатыр. Ауылды сақтап, барын ұстап отырған тұрғындарға алғысым шексіз. Өзіміз дамытпасақ, оны кім дамытады? Бұл жерді көркейтіп, туризмді де дамытуға әбден болады, – деді желі қолданушысы Ажар Мұқсынова.

 

Әкімдіктен қандай әрекет бар?

Ауыл тұрғындарының мәселесі қоғам талқысына түскен соң, Катонқарағай аудандық әкімдігіне сұраухат жолдаған едік. Олардың мәліметінше, бүгінде ауылда 90 адам тұрады. Оның 22-сі – зейнеткер. Ал жергілікті мектепте 7 оқушы білім алып жүр.

Аудан әкімдігінің хабарлауынша, республикалық трассадан Жазаба ауылына дейінгі жолдың жалпы ұзындығы – 68 шақырым. Қазір бұл жолды асфальттау жоспарда жоқ.

– Жөндеу жұмыстары «ШЫҒЫС-ЖОЛ» мекемесіне жүктелген. Мекеме жолға қиыршықтас төсеп, тегістеу жұмыстарын жүргізіп жатыр. Жұмысты 10 мамырға дейін аяқтау міндеттелген, – делінген әкімдік ақпаратында.

Денсаулық сақтау мәселесіне қатысты әкімдік Жазаба ауылы Ақсу ауылдық дәрігерлік амбулаториясына қарайтынын мәлімдеді. Ауылда медициналық бөлімше ғимараты болғанымен, онда тұрақты фельдшер жоқ. Сондықтан тұрғындарға Ақсу ауылындағы дәрігер мен медбике қызмет көрсетеді.

– Аудандық аурухана тарапынан фельдшер тарту жұмыстары жүргізіліп жатыр. Осы мақсатта Өскемен және Алтай қалаларындағы медицина колледждерінің студенттерімен кездесулер ұйымдастырылып, «Дипломмен ауылға» бағдарламасы арқылы ұсынылатын мемлекеттік қолдау шаралары түсіндірілуде. Бос жұмыс орындары туралы ақпарат Еңбек.kz платформасында да жарияланып отыр, – деді аудан әкімдігі.

Су мәселесіне байланысты әкімдік ауылда 2019 жылы орнатылған блок-модульдік станция жұмыс істеп тұрғанын айтты. Тұрғындар ауызсуды осы жерден алып отыр, мектеп те осы жүйеге қосылған. Алдағы уақытта ауылға орталықтандырылған су жүйесін тарту жоспары ауданның үш жылдық бюджетіне енгізілген. Ұялы байланысқа қатысты жұмыстар да басталған. Қазір «Аврора» мердігер ұйымы электр желісіне қосылуға қажетті техникалық шарттарды рәсімдеп жатыр. Құжаттар дайын болған соң, «Beeline» операторы байланыс құрылғыларын орнатпақ. Сонымен қатар «Қазақтелеком» компаниясы ауылдағы ескі мыс желілерді талшықты-оптикалық байланыс жүйесіне ауыстыру жұмыстарын жүргізуде.

Катонқарағай ауданын дамыту жоспары аясында Жазаба ауылы бойынша бес инфрақұрылымдық жоба қарастырылған. Олардың қатарында 2030 жылы медицина пунктін салу, 2026 жылы ауыл көшелерін орташа жөндеу, 2027 жылы су құбырларын орнату мен тұрмыстық қалдықтар полигонын қалпына келтіру, сондай-ақ 2028 жылы көшелерді жарықтандыру жобалары бар.

– Ауыл тұрғындарының көшіп кетуінің алдын алу және жастарды тарту мақсатында қоныс аудару бағдарламасы аясында жұмыстар жүргізілуде. «Шығыс шақырады» өңірлік бағдарламасына Катонқарағай ауданы да енгізілген. Сонымен қатар ауданның туристік әлеуетін дамытуға басымдық беріліп отыр. Көтерілген мәселелер кезең-кезеңімен шешілетін болады, – деп мәлімдеді аудан әкімдігі.

Әкімдік әлеуметтік қолдау шаралары туралы да мәлімет берді. Атап айтқанда, Катонқарағай ауданының зейнеткерлеріне Шемонаиха ауданындағы Выдриха және Усть-Таловка ауылдарындағы санаторий-курорттарға жолдамалар ұсынылады. Сондай-ақ Алтай ауданындағы Греховка ауылында орналасқан «Мейірім» оңалту орталығына мүмкіндігі шектеулі азаматтар мен зейнеткерлер жіберіледі. Әкімдік дерегінше, 2025 жылы ауданнан екі адам Усть-Таловкадағы шипажайда ем алып қайтқан. Ал 2026 жылы Выдрихаға төрт адам, Усть-Таловкаға бес адам барған.

 

***

 

Катонқарағай ауданы туристер жиі баратын өңір екені белгілі. Табиғаты көркем, суы тұнық бұл мекеннің игілігі ең алдымен жергілікті халыққа тиюі керек. Аудан тұрғындары алдағы өзгерістерден күдер үзбейтіні анық. Жазаба ауылы тұрғындарының да көкейінде күдік, күмәнмен қатар, жақсы күнге деген сенім мен үміт қатар жүргені анық. Ауылға әлі де ауқымды өзгерістер қажет. Тұрмысы нашарлап, тұрғыны кеміген ауыл оң өзгерісті биыл байқмай ма?

 

Әдемі АМАНГЕЛДІ

Біздің инстаграмға жазылыңыз

Жаңалықтарды басқаларға қарағанда тезірек көріңіз

Жазылу
0 0 0

Пікірлер

Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив