Құрбан айт қарсаңында ШҚО Санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаменті тұрғындарға құрбандық шалу және ет өнімдерін сақтау кезінде қауіпсіздік талаптарын сақтау қажеттігін ескертті, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
СЭБД мамандарының айтуынша, мереке күндері тағамнан улану мен жіті ішек инфекцияларының қаупі артады. Сондықтан санитарлық-гигиеналық талаптарды қатаң сақтау маңызды.
Өңір тұрғындарына етті тек ресми рұқсат етілген сауда орындарынан: базарлардан, дүкендерден және арнайы қасапханалардан сатып алу ұсынылады. Сатып алу кезінде ветеринариялық құжаттардың және ветеринариялық қызмет мөрінің болуына назар аудару қажет.
Мамандар мал сою тәртібіне де ерекше көңіл бөледі. Мал сою тек арнайы белгіленген орындарда және қасапханаларда жүргізілуі тиіс. Тұрғын үйлердің аулаларында, балалар алаңдарының маңында және су айдындары жанында мал союға тыйым салынған.
Сонымен қатар жеке гигиена талаптарын сақтау, етті дұрыс сақтау және тасымалдау қажеттігі ескертілді. Ет өнімдерін тиісті температуралық режимде сақтау, тағамның ыстықта ұзақ уақыт тұрып қалуына жол бермеу және міндетті түрде толық термиялық өңдеуден өткізу қажет.
ШҚО СЭБД мәліметінше, жаппай тағамнан улану жағдайларының басым бөлігі еттің сапасына емес, қарапайым санитарлық талаптардың сақталмауына байланысты болады. Атап айтқанда, қолдың кір болуы, ортақ ыдысты пайдалану және өнімдерді дұрыс сақтамау қауіп тудырады.
Тамақтан улану белгілері - жүрек айну, құсу, дене қызуының көтерілуі немесе іш өту байқалған жағдайда тұрғындар дереу медициналық көмекке жүгінуі қажет.
Ведомство өкілдері өңір тұрғындарын Құрбан айт мерекесі кезінде сақтық шараларын сақтап, санитарлық қауіпсіздік мәселесіне жауапкершілікпен қарауға шақырды.
Ақпарат: ШҚО әкімінің баспасөз қызметі
Пікірлер