Денсаулық сақтау министрлігі дәрі-дәрмек пен медициналық бұйымдардың көтерме және бөлшек саудасын жүргізу ережелеріне түзетулер әзірледі, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі KAZINFORM сайтына сілтеме жасап.
Түзетулер нормативтік базаны ағымдағы Салық кодексіне сәйкес жаңартуға бағытталған және дәріханалар, бизнес немесе халық үшін жаңа шектеулер немесе қосымша талаптар енгізуді көздемейді.
Айта кетейік, өзгерістер техникалық және нақтылаушы сипатқа ие. Негізгі мақсат — заңнамалық нормаларға сілтемелерді Қазақстан Республикасының Салық кодексінің қазіргі редакциясына сәйкестендіру және нормативтік-құқықтық актінің атауын нақтылау.
Министрлікте атап өткендей, бұл өзгерістер дәрі-дәрмек пен медициналық бұйымдардың сатылу тәртібіне әсер етпейді және дәріханалық ұйымдар, жеткізушілер немесе фармацевтикалық нарықтың басқа қатысушылары үшін жаңа міндеттерді енгізуді көздемейді.
Сонымен қатар, түзетулер бизнес пен халыққа қосымша реттеуші немесе қаржылық жүктеме тудырмайды.
Министрлікте атап өткендей, нормативтік құжаттарды жаңарту жұмысы тұрақты негізде жүргізіліп келеді. Бұл — денсаулық сақтау саласындағы реттеудің ашықтығын, заңдылықты және заңнаманың біркелкі қолданылуын қамтамасыз ету үшін жасалып отыр.
Дайындалған өзгерістер фармацевтикалық салада тұрақты және түсінікті құқықтық орта қалыптастыруға бағытталған.
Құжат «Ашық НҚА» порталында 4 маусымға дейін жария талқылауға қойылған.
Естеріңізге сала кетейік, бұған дейін Денсаулық сақтау министрлігі кейбір дәрі-дәрмектердің шекті бағасын белгілеу механизмін нақтылап жатқанын хабарлаған болатын.
Пікірлер