Қазақстан бидайды және өзге де тауарларды Африка нарығына жеткізуге мүдделі. Бұл туралы елімізге мемлекеттік сапармен келген Кения Республикасының Президенті Уильям Рутомен келіссөздерден кейін БАҚ өкілдеріне мәлімдеме жасаған Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев айтты, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі KAZINFORM сайтына сілтеме жасап.
— Жалпы, еліміз Африка мемлекеттерімен байланысын бекемдеуге баса мән береді. Бүгін Президент Уильям Руто мырзамен бірқатар маңызды мәселе бойынша мазмұнды келіссөз жүргіздік. Әсіресе, сауда-экономикалық ықпалдастықты кеңейтуге назар аудардық. Көлік, ауыл шаруашылығы, ақпараттық технологиялар, туризм, өнеркәсіп және басқа да салада бірлескен жобаларды іске асыруға уағдаластық. Елдеріміз арасында тұрақты түрде әуе рейстерін ашу мүмкіндігі туралы да пікір алмастық, — деді Президент.
Мемлекет басшысы Қазақстан ауыл шаруашылығы өнімдерін, ең алдымен бидайды және өзге де тауарларды Африка нарығына жеткізуге мүдделі екенін баса айтты.
— Осы мақсатпен Момбаса портын пайдалану мәселесін қарастырдық. Бұл — осы аймақтың 8 мемлекетіне жол ашатын Шығыс Африкадағы ең ірі логистик орталығының бірі. Бүгінде Қазақстан нарығында Кенияның бірқатар тауары, соның ішінде шай және кофе өнімдері бар. Мұны екі ел арасында орныққан тұрақты сауда қатынасының көрінісі деуге болады, — деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Бұған дейін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың елімізге мемлекеттік сапармен келген Кения Республикасының Президенті Уильям Рутоны Тәуелсіздік сарайында ресми қарсы алу рәсімі өткен еді.
Пікірлер