Бүгін Өскеменде жастар шығармашылығын қолдап, құқықтық мәдениетті қалыптастыруға бағытталған республикалық Graffity Battle «Территория закона» фестивалі өтті, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Іс-шара «Заң және тәртіп» идеологиясын ілгерілету аясында ұйымдастырылып, қоғамдағы заңдылық пен азаматтық жауапкершілікті насихаттауға арналды.
– Фестивальдің негізгі алаңы қаладағы «Самал» саябағында орналасты. Таңғы сағат 10:00-де басталған шараға еліміздің түрлі өңірінен келген жас суретшілер мен белсенді жастар қатысты, – деді іс-шараның басы-қасында жүргендер.
Ауқымды мәдени іс-шараны Шығыс Қазақстан облысының әкімдігі, облыс прокуратурасы, Өскемен әкімдігі және облыстық «Жастар ресурстық орталығы бірлесіп өткізді. Фестивальге Абай, Павлодар, Ақмола облыстарынан және Шығыс Қазақстан облысы аудандарынан келіп қатысты. Олар граффити өнері арқылы заңдылық, қоғамдық тәртіп, жауапкершілік және белсенді азаматтық ұстаным тақырыптарын бейнелейтін авторлық жұмыстарын ұсынды.
– Шара барысында қатысушылар өзара тәжірибе алмасып, заманауи көше өнерінің қоғамдағы тәрбиелік және мәдени рөлін көрсетті. Мұндай фестивальдер жастардың шығармашылық әлеуетін дамытуға, олардың қоғамдық мәселелерге бейжай қарамайтын азамат ретінде қалыптасуына ықпал етеді, – деді ұйымдастырушылар.
Graffity Battle «Территория закона» фестивалі жастар арасында құқықтық сана мен мәдениетті нығайтумен қатар, көше өнерін қоғамға оң әсер ететін шығармашылық бағыт ретінде дамытуға мүмкіндік берді.
Диляра Бекенова
Фотосурет автордікі
Пікірлер