
ШҚО-ға Шымкенттен көш келеді: көбі Алтай мен Катонқарағайды таңдап отыр
Оңтүстіктен Шығысқа бет алуға ниетті тұрғындардың кейбірі Катонқарағай ауданына орнығып, сол жақта кәсіп ашуды көздеп отыр. Делегацияның бір бөлігі жуықта Алтай ауданына келіп кетті. Олар Шығыс Қазақстанның ең суық аудандарының біріне қыстың қатты болатынын біліп барды. Бірақ бәрі көңілден шықса, аязға қарамай тұра беруге бар екендерін жеткізген, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Әр адамға 302 мың теңге беріледі
Жалпы, солтүстік пен шығыс өңірлерге көшіп барғандарға қаржылық және әлеуметтік қолдау қарастырылған. Жуықта ғана Шыменттен Шығыс Қазақстанға 50 отбасы көшуге ниетті деген мәлімет тарады. Ontustik.tv ақпаратынша, әр қоныс аударушыға ай сайынғы тұрғын үй жалдау шығындары өтеледі. Сонымен қатар жұмысқа орналасуға қолдау көрсетіліп, 7 млн теңгеге дейін тұрғын үй сатып алуға сертификат беріледі. Мәлім болғандай, біржолғы төлем әр отбасыға 70 айлық есептік көрсеткіш (әрі қарай АЕК) мөлшерінде қарастырылған. Нақтысында, бір адамға 302 мың 750 теңге бекітілді. Қатысушыларға тұрғын үйді жалға алу және коммуналдық қызметтер шығын да өтеледі. Шығыс Қазақстанға баруға буынып-түйініп отырғандардың бірі бөлігі Алтай ауданын таңдаса, енді Катонқарағайды жөн санайды.
– Қалаға келген делегация, одан бөлек, әлеуметтік желі арқылы білдік. Делегациядағы кісілермен кездестік. Құдай қаласа, барып көреміз. Ұнап жатса, қалуға тырысамыз. Бала-шағамен де ақылдастық. Олардың ойы бізбен үндес. «Сіздер қайда болсаңыздар, біз сондамыз» деп отыр. Алды 21-де, одан кейінгісі 18-де. Екеуі де маман иесі, фельдшерлер. Сол жаққа барып, жұмыс істесе де жөн, – деді Самат Тұрымбетов есімді қоныс аударушы.
Тағы бір тұрғын Әлия Тәуекел 1994-шы жылы туған ұлымен көшуге тас-түйін әзір екенін жеткізді.
– Катонқарағай ауданының Өрел ауылына бағыт аламыз. Ол жақта өз кәсібімізді ашып, бір шетін шығарсақ дейміз. Жарты өмірімді мемлекеттік қызметке арнадым. Енді жарты өмірімді сол өңірге, өз бизнесіме арнауға ниеттімін. Ол жақтағы үй дайын, егесімен сөйлесіп қойғам. Аталған ауыл әкімімен де келісіп қойғам, – деді ол.
Бағдарлама тек қаржылай көмектен тұрмайды. Жұмыс орындары ұсынылып, қажет болса, кәсіби оқытуға жіберіледі. Шағын несие беру арқылы жеке кәсіп бастауға мүмкіндік бар.
– Тұрғындарды Шығыс Қазақстан облысына алып бара жатырмыз. Өткенде Сайрамда, Сарыағашта, Түркістан және Шымкент қалаларында жәрмеңке ұйымдастырдық. Ниет білдірген азаматтарды Шығыс Қазақстан өңіріне апарып, сонда жайғастыруға атсалысамыз. Барған соң 7 млн теңге тұрғын үй сертификатын, 306 мың теңге көшіп бару субсидиясын алады. Одан бөлек, облыстық және республикалық бюджеттен кәсіп ашқысы келетіндерге 3 млн теңге көлемінде грант беріледі деп отыр, – деді Түркістан облыстық мәслихат депутаты Жаңабай Ағабеков.
Әкімдік тұрғындарды қабылдауға дайын ба?
Қазір республиканың 7 өңіріне көші-қон ұйымдастыру бойынша квота бөлінген. Соған сәйкес биыл 2000 адамды Солтүстік және Шығыс облыстарына көшіру жоспарланған. Жалпы, былтыр Шымкенттен еңбек күші тапшы өңірлерге 700-ге жуық адам қоныс аударыпты. Көбі Павлодар облысын таңдаған. Шығыс Қазақстан ше? Тұрғындардың бірі Катонқарағай ауданына қоныс аударуға ниетті екенін айтты. Ол жақ дайын ба? Көбі баспана мәселесі ойдағыдай шешілсе, әрі қарай «аяқтанып» кету қиынға соқпайтынын алға тартқан болатын. Катонқарағай ауданы әкімінің орынбасары Әли Шапеновтың сөзінше, мамырдың 13-і күні он адам келіп, төңірекпен танысып, жағдайдан хабардар болды.
– Оңтүстіктен қоныс аудару бағдарламасына сәйкес әр отбасы мүшесіне квота арқылы 302 мың теңге көтермеақы беріледі. Сосын отбасындағы бір адамды жұмысқа орналастыруға міндеттіміз. Үй сатып алуға бастапқы жарна ретінде 7 млн теңгенің сертификаты беріледі. Мәселен, үй бағасы 10 млн теңге болса, қалған 3 млн теңгені сатып алушы өзі төлейді. Былтыр 68 адам көшіп келген еді, биыл 70-ке жуық тұрғын келеді деп күтілуде. Жыл басталғалы 25 адам қоныстанды, – деді Әли Архатұлы.
Олар Катонқарағайдың кез келген ауылына бара алады. Негізі аудан әкімдігі өкілдері оңтүстік өңір тұрғындарының халқы азайып кеткен елдімекендерге баруын құп көреді. Бірақ таңдау еркі берілсе, қоныс аударушылар басқа ауылға бүйрегі бұруы мүмкін. Көбі кәсіп ашқылары келеді. Әли Шапеновтың сөзінше, оңтүстік аймақтардан келетіндерің көбі Өрел, Берел және Катонқарағайдың өзіне орнығып жатады. Себебі белгілі, жазда ол жақта туристер саны көбейіп, табыс табуға жақсы мүмкіндік туындайды. Жол бойындағы сервис дамып, бизнес қызады. Қоныс аударған соң қайта көшіп кетудің бірен-саран жағдайы тіркелген көрінеді. Біріне ауа райы жақпаса, бірінің жұмысы жүрмеген. Анығы сол, әкімдік оларды қолдауға дайын. Тағы бір айта кетерлігі, Катонқарағайда үй бағасы қымбаттай бастады. Ал сатып жатқандар некен-саяқ. Бұрын көшкендер қайта келіп жатқан көрінеді.
Шымкенттіктер Шығыстың аязынан хабардар
Алтай ауданы әкімдігіне қоңырау шалғанымызда олар әуелі көші-қон полициясы мәлімет ұсынады деді. Ол жақтан мәлімет алу қиындаған соң жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламаларды үйлестіру бөлімі байланысқа шықты. Аталған бөлім мәліметіне сәйкес, жуықта ғана жұмыс сапары аясында Алтай ауданына Шымкент қаласынан делегация келіп қайтқан.
– Ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуымен, елдімекендердің инвестициялық және еңбек әлеуетімен таныстыру мақсатында делегация мүшелеріне Октябрьск кенті, Жаңа Бұқтырма кенті, Полянский ауылдық округі және Серебрянск қаласы ұсынылды. Сапар барысында қонақтар әлеуметтік және инженерлік инфрақұрылым нысандарымен, тұрғын үй қорымен, білім және медициналық мекемелермен, сондай-ақ осы елдімекендердің одан әрі даму перспективасымен танысты, – делінген ақпаратта.
Еңбек күші мол аймақтардан азаматтарды ерікті қоныстандырудың мемлекеттік бағдарламасын, қоныс аударушылар мен қандастарды қолдау шараларын іске асыруға ерекше назар аударылып отырған көрінеді. Бағдарламаға қатысушыларға бейімделу қызметтерінің бірнеше түрі ұсынылады. Әкімдік өкілдері қоныс аударушыларға жұмысқа орналасуға, тұрғын үй таңдауға, қажетті құжаттарды рәсімдеп, жаңа тұрғылықты жерінде әлеуметтік бейімделуге де көмек көрсетілетінін жеткізді.
– Алтай ауданына делегация құрамында бес адамнан тұратын 4 отбасы келді. Олардың 4-уі Шымкент қаласының, біреуі Талдықорған қаласының тұрғындары. Сапар барысында қатысушылар қоныс аудару бағдарламасы бойынша көрсетілетін тұрғын үй жағдайларына, жұмыспен қамту мүмкіндіктері мен мемлекеттік қолдау шараларына қызығушылық танытты, – деді аудандық жұмыспен және әлеуметтік бағдарламаларды үйлестіру бөліміндегілер.
Айтпақшы, шымкенттіктер Шығыс Қазақстанның ең суық аудандарының біріне қыстың қатты болатынын біліп барды. Бірақ бәрі көңілден шықса, аязға қарамай тұра беруге бар екендерін жеткізген. Әкімдік ақпаратынша, делегацияны күтіп алу, оларды ақпараттандыру жағы өз деңгейінде ұйымдастырылды. Шымкенттіктер сапары әрі іскерлік әрі еркін форматта өткен. Тараптар қоныс аудару және әлеуметтік-экономикалық даму саласындағы аймақаралық ынтымақтастықты одан әрі нығайту жағын да талқылапты.
Асыл АЙТБАЕВ
Фотосурет: Алтай ауданы әкімдігінен
Соңғы жаңалықтарды ресми Instagram арнамыздан оқыңыз!
ТіркелуПайдалы
{calendar}
Пікірлер