
Лесхоз кенті тұрғындары неліктен таза ауызсу іше алмай отыр?
Өскемен іргесінде орналасқан Лесхоз кентінің 600-ге жуық тұрғыны бірнеше жылдан бері сапалы ауызсуға қол жеткізе алмай келеді. Өткен жылы жаңа су құбыры тартылғанымен, жүйе әлі іске қосылмаған. Соның салдарынан халық жуынып, кірлеген дүниені жуатын су пайдаланып, ауызсуды бөтелкемен тасып ішуге мәжбүр, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Қала әкімі келмеді
Ауызсу мәселесінің тұрғындарды әбден титықтатқаны анық. «Айта-айта Алтайды, Жамал апам қартайдының» кері болып тұр. Жергілікті халық жаңа су құбыры тартылса да, бірде-бір үй орталықтандырылған ауызсу жүйесіне қосылмағанын алға тартты. Лесхоз кентінің тұрғыны Сандуғаш Алқанова күнделікті тұрмыстың қиындап кеткенін жеткізді. Оның сөзінше, технология мен техниканың дамыған шағында суды тасып ішу азапқа айналды.
– Кір жуу мүмкін емес. Шай ішу, тамақ дайындау, жуыну үшін бес литрлік су сатып аламыз немесе бірнеше шақырым жердегі құдықтан тасимыз. Ескі су құбыры жарылып кетсе, техникалық судың өзі болмай қалады. XXI ғасырда өмір сүріп жатқанымызға сену қиын, – дейді ол.
Елдімекендегі ауыз су мәселесінің ушығуы көпшілікті қатты алаңдатып отыр. Адамдар жылдар бойы тозығы жеткен желілер арқылы келетін техникалық суды пайдалануға мәжбүр. Билікке және олардың уәделеріне қатысты ойларын ашық айту үшін ондаған тұрғын жиналып, Өскемен әкімдігі өкілдерін кездесуге шақырды. Олар қала әкімі Алмат Ақышов, болмағанда, оның орынбасарлары келеді деп күткен. Бірақ ешкім келмеді. Ал шеткерірек тұрған тәртіп сақшылары тұрғындардың шағым айтып, пікір білдіруіне кедергі келтірмеуді жөн көрген сияқты. Кент тұрғыны Ольга Савинова жаңа құбырдың былтыр төселгенін, алайда бүгінге дейін іске қосылмағанын айтты.
– Құжат бойынша су жүйесі пайдалануға берілген дейді. Бірақ үйлерге су келіп тұрған жоқ. Ешқандай жұмыс жүргізіліп жатқанын көрмейміз, – дейді ол.
«Жаз бойы қиналдық»
Техникалық су жеткізу ісінің меңгерушісі Татьяна Бухрякова жылдар бойы тұрғындар су желілерін өз қаражаттарына күтіп-ұстап келгендерін айтты. Олар бұл желілерді банкротқа ұшыраған жекеменшік иесінен сатып алған екен. Сондықтан мұнда жаңа су құбыры тартыла бастағанда, халық қатты қуанған. Бірақ қуаныштары көпке созылмады.
– 2016 жылы әкімдікке жүгіндік. Олар жоба әзірлеп, ауызсу тартып береміз деп уәде еткен еді. Міне, былтыр ғана жұмыстар басталды. Жаз бойы әбден қиналдық, өйткені жаңа құбыр жүргізген кезде ескі желілерімізді бүлдіріп отырды. Жарайды, құбырларды төседі. Бірақ әлі күнге дейін су жоқ, құдықтардың қақпақтары жабылмаған. Жақында бір жылқы түсіп кетіп, өліп қалды. Біздің ұңғымадан беріп отырған суымыз – техникалық су. Негізінде ол тек кір жуып, күнделікті шаруашылықта қолдануға ғана жарайды. Ал ауызсуды жұрт не сүзгіден өткізіп ішеді, не қаладан тасып әкеледі. Былайша айтқанда, әркім өз күнін өзі көріп отыр. Осындай жағдайда қалай өмір сүруге болады? – деді ол.
Жалпы алғанда, белсенділер мердігердің аяқталмаған жұмысы мен тұрғын үйлердің су жүйесіне қосылмауына қатты наразы. Ал мердігерлер болса, кешігу жұмыстарын қыс мезгілінің келуімен және іске қосу-баптау жұмыстарының жүргізілуімен түсіндірді.
Сенімнен бұрын секем көп
Халықпен жүздесуге келген «Alyans XXI» ЖШС өкілі Андрей Окуньковтың айтуынша, алдағы күндері суды техникалық іске қосу және резервуарларды толтыру басталады. Осыдан кейін жүйе соңғы тұтынушыларға су беру үшін қысыммен тексеріледі. Қыста су құбырын қатып қалады деген қауіппен қоспаған екен. Халықты осы сөздердің рас екеніне сендіру үшін жиынға Өскемен қаласы Тұрғын үй-коммналдық шаруашылығы бөлімі басшысының орынбасары Рашид Шерубаев та келді. Бірақ ол жобалық-сметалық құжаттама мен су құбырын жүргізуге бюджеттен қанша қаржы жұмсалғанын нақты айта алмады.
– 2022 жылы жоба әзірленіп, 2024 жылы оны іске асыруды бастадық. Бірақ қаржыландыру толық болмағандықтан, аяқталу мерзімі 2025 жылға ауыстырылды. Өткен жылы барлық негізгі құрылыс-монтаж жұмысы аяқталды. Алайда жұмыстар желтоқсан айында біткендіктен, техникалық талаптарға сәйкес жүйені іске қосу мүмкін болмады. Сондықтан суды іске қосу және беру осы жылға қалдырылды. Тұрғындарға былтыр барлық жұмыс толық аяқталды және бұл туралы есеп берілді деп ресми ақпарат таратылған жоқ. Осы аптада насос станциясына су жібере бастаймыз, ал келесі аптадан бастап тұтынушыларға береміз, – деді Рашид Шерубаев.
Мердігерлер мен шенеуніктердің бірлескен әрекеті арқасында тұрғындар үйлеріне тарады. Бірақ кездесуден кейін де тұрғындардың ойында күдік пен күмән қалғаны анық. Қатты сене қоймаған секілді. Дей тұрғанмен азаматтар уәдесі қызыл сөз емес, кесімді шешім болар деп сенеміз.
Айсана МЕДЕУБЕК
Фотосурет: Hronika.kz
Соңғы жаңалықтарды ресми Instagram арнамыздан оқыңыз!
ТіркелуПайдалы
{calendar}
Пікірлер