A+ A A-

admin 87 8-10-2024, 13:00 0

Күздің сөз бен бояу палитрасы

---

Күз дегеніміз не? Бұл сұраққа әркімнің өзінше айтар жауабы бар. Әрине біреулер үшін күз - жер бетін дымқыл тұман торлаған және аспанды сұр бұлт қаптаған жыл мезгілі болса, енді біреулер үшін еңбегінің жемісін көрген молшылық айы. Ал мен үшін күз табиғаттың алтын түске айналуын бақылау мен ойға берілу. Иә, күзді алтынға теңейді. Күзді неге алтынға теңейді? Күміске неге теңемеске?­­­ - деген заңды сауал сізде туындауы мүмкін.

Менің ойымша, бұл сұрақтың жауабы қиын емес. Өйткені ағаштардың жапырақтары жасыл және алтын түстес түрлі түстерге боялады. Сары, қызыл, жасыл, қоңыр, бозғылт сары және қызғылт сары алтын - бұл түстер күзге ұқсайды. Сіз осындай реңктерге боялған орманға қарап: иә, алтын күз - деп тіршіліктің жаратқан табиғи суретіне еріксіз тамсанасыз. Бұл шын мәнінде өте әдемі мезгіл. Қалай болғанда да, суретшілер мен ақындар әсіресе күзгі пейзажды жазуды жақсы көреді. Бұл тақырып оларға шығармашылық шабыт береді.

Сурет өнері шеберінің әйгілі туындысының арқасында күз менің ең сүйікті жыл мезгіліме айналды. Күздің бір тамаша күні біздің мұғалім әдебиет сабағына оның "Алтын күз" суретін әкелді, туындының жалпы талқылауын жасадық.

Мен орыстың қылқалам шебері Исаак Левитанның "Алтын күз" суретіне қарап отырып, қазақтың ұлы ақыны Сәкен Сейфуллиннің күз туралы мына бір өлең жолдары еріксіз еске аламын:

Алтын күз бірде шуақ, бірде салқын,

Жер мен көк жалтыраған сап-сары алтын

Ағашта жапырақтар сылдырлайды,

Төгілген алтын теңге сансыз жалқын.

Сары алтын батсайыдай дала мидай,

Үйілген мая-мая қызыл мидай

Қырманда қызыл алтын, қызыл маржан,

Жайнайды жаратылыс берген сыйдай.


Суретші мен ақынның суреттеу бояуы тұнып тұрған ғажайып! Күз мезгілінің жанға сая болар, шаршаған көңіліңді басар табиғат аясын суреттен көзбен көріп, өлең жолдары арқылы алтын күз бояу палитрасын сезіне аламын. Күзгі әлемнің алтынға толы бейнесі мені еліктің лағындай еліте осы бір көріністің ішінен әсемдік іздетіп сабылта берді...

Жалғыз мені ғана емес, бұл көрініс кез келген адамның жүрегіне таңба салары анық деген ойыммен құрдастарыммен бөлістім. Қызықты сабағымыз күзгі орманда жалғасты. Орманда серуендеп жүріп кездейсоқ мына бір жайтты бақыладым.

Сіз алтын түсті жапырақтардың бұтақтан қалай әдемі үзіліп түсетінін байқадыңыз ба? Олар шеңбер жасап, жоғарыға, төменге қарай қауырсындай қалықтап, ауада шыр көбелектей айналып, Фредерик Шопеннің әуеніне елітіп, бейне бір күзгі вальс билегендей көрінеді. Кейде, күзгі жел бір мезгілде түрлі түсті жапырақтардан әдемі калейдоскоп құрып, жерге кілем етіп төсейді. Жерге төселген жапырықтар әр қадам жасаған сайын алтын теңгелердей сылдыр қағып, күздің ерекше сәттерінің біріне айналады. Қоңыр күзгі орманға кіргенде өзіңді алтынмен апталған, күміспен қапталған ертегі бағына кіргендей әсер қалдырады. Бұл мезгіл табиғаттың ең тамаша көріністерін, адам айтқысыз сұлулыған суреттейтін ерекше мезгіл екенін ойға түйдім. Ал сен оқырман, осынау бір ғажап күрең күзде қандай ойға берілесің?

#сөзмаржан #coliaborationfest

Шығыс Қазақстан облысы

Глубокое ауданы, Белоусовка кенті

«№ 1 Белоусовка орта мектебі» КММ

7 «А»сынып оқушысы Талапхан Жанайым

Біздің инстаграмға жазылыңыз

Жаңалықтарды басқаларға қарағанда тезірек көріңіз

Жазылу
1 0 0

Пікірлер

Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив