Кеңес Одағының батыры, Халық Қаһарманы, ҚР тұңғыш қорғаныс министрі, армия генералы Сағадат Нұрмағамбетовтің ескерткішіне гүл шоқтарын қою рәсіміне облыс әкімі Нұрымбет Сақтағанов қатысты, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Отан қорғаушылар күніне арналған салтанатты шараға әскери бөлім қызметкерлері, құқық қорғау органдары өкілдері, ардагерлер, жоғары оқу орындарының ректорлары мен әскери кафедра студенттері қатысты.
Аймақ басшысы Нұрымбет Сақтағанов бұл күннің ел үшін маңызы ерекше екенін атап өтті.
– Бүгін біз ел тыныштығы мен бейбіт өмірдің сақталуына үлес қосып жүрген азаматтарымызға құрмет көрсетіп, ерлігі аңызға айналған батыр бабаларымыздың даңқты жолын кейінгі ұрпаққа үлгі етеміз. Отан қорғау – қасиетті парыз әрі үлкен міндет. Сондықтан бұл мереке әрбір азамат үшін ерекше маңызға ие, – деді Нұрымбет Аманұлы.
Сонымен қатар салтанатты жиын барысында Сағадат Нұрмағамбетовтің ел тарихындағы орны ерекше екені айтылды. Оның майдан даласындағы ерлігі мен Тәуелсіз Қазақстан Қарулы күштерін қалыптастырудағы еңбегі кейінгі буынға үлгі ретінде дәріптелді.
Өскемен гарнизонының әскери прокуроры, әділет полковнигі Есжан Сыбанбаевтың айтуынша, мерекелік шараның негізгі мақсаты – жастарды отансүйгіштік пен патриоттыққа тәрбиелеу.
– Бұл шараға мектеп оқушылары мен әскери қызметте үздік шыққан сарбаздар қатысты. Әскери қызметкерлер марапатталып, Алғыс хаттар табысталды. Осындай кездесулер жастарға әскери қызмет маңызын түсіндіруге мүмкіндік береді, – деді ол.
Гүл шоқтарын қою рәсімінен кейін мерекелік концерт ұйымдастырылды. Ашық аспан астында құрылған сахнада облыстық филармония солистері өнер көрсетті. ҚР Еңбек сіңірген әртісі Вячеслав Ткач, Мәдениет саласының үздігі Ботагөз Жұмабекова, халықаралық және республикалық байқаулардың лауреаты Арника Байбусынова және басқа да өнерпаздар патриоттық әндер шырқап, шығармашылық ұжымдар би билеп, көпшілікке көтеріңкі көңіл-күй сыйлады.
Балауса ОРАЗАЛЫҚЫЗЫ
Фотосурет автордікі
Пікірлер