«Әділет» партиясының Әйелдер қанаты бастамасымен «Қазақстан балалары» ұлттық бағдарламасы аясында балалар құқықтарын қорғау мәселелері бойынша тұрғындарды қабылдау өтті, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Қоғамдық қабылдауға облыстық филиалдың басшылығы, «Әйелдер қанатының» мүшелері, депутаттар қатысты.
Іс-шараның басты мақсаты – кәмелетке толмаған балалардың құқықтық қорғалуын қамтамасыз ету, қауіпсіздігі мен әлеуметтік қолдау мәселелерін шешу, сондай-ақ азаматтармен тікелей диалог орнату. Өңірдің барлық түкпірінде өткен қабылдауларда тұрғындар өздерін толғандырған өзекті сұрақтарын қойып, нақты жауаптар мен кеңестер алды.
– Балалар қауіпсіздігі, құқықтарын қорғау және сапалы білім мен тәрбие алуына жағдай жасау – біздің басты басымдықтарымыздың бірі. Бүгін облысымыздың барлық аудан-қалаларында өтіп жатқан Бірыңғай қабылдау күні азаматтардың үніне жедел құлақ түріп, туындаған түйткілдерді жергілікті және республикалық деңгейде шешуге жол ашады. Мемлекет басшысының өскелең ұрпақты қолдауға бағытталған игі бастамаларын іске асыруға партия әрқашан өз үлесін қоса береді, – дейді «Әділет» партиясының ШҚО филиалы төрағасы Жанат Мекеева.
Облыс бойынша өткен қоғамдық қабылдауларға 50-ден астам адам қатысты. Кездесу барысында тұрғындар ерекше күтімді қажет ететін балалардың әлеуметтік жағдайы, көпбалалы отбасыларды баспанамен қамту және балалардың денсаулығына қатысты өзекті мәселелерді көтерді.
– Өскемен қаласында мүгедектігі бар балалар мен психоневрологиялық аурулары бар 18 жастан асқан азаматтарға стоматологиялық және оңалту көмектерін алу қиындық туғызуда. Қалада наркозбен тіс емдейтін мамандандырылған мекемелер мен арнайы оңалту орталықтары жоқ. Ал жеке клиникалардағы емнің құны 600–700 мың теңгеге дейін жетіп, отбасыларға ауыр қаржылық салмақ түсіреді. Осы санаттағы азаматтарға қолжетімді стоматологиялық көмек көрсетіліп, Өскемен қаласында оңалту орталығы ашылса екен, – дейді қала тұрғыны Назира Есенбаева.
Қабылдау барысында азаматтарға қажетті консультативтік-құқықтық көмек көрсетіліп, мемлекет тарапынан балалар мен отбасыларға берілетін қолдау шаралары жан-жақты түсіндірілді. Тұрғындар тарапынан айтылған ұсыныс-тілектер мен проблемалық сұрақтар партияның қатаң бақылауына алынды.
Пікірлер