19 қараша күні А.С.Пушкин атындағы облыстық кітапханада көрнекті тарихшы, шығыстанушы, этнограф Құрбанғали Халидұлының өмірі мен ғылыми мұрасына арналған «Құрбанғали Халидұлы мұрасы» атты кітап таныстырылымы ұйымдастырылды, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Іс-шараның негізгі мақсаты – ғалымның өмір жолы мен ғылыми еңбектерін кеңінен насихаттау, тарихи зерттеулерінің маңызын таныту, сондай-ақ жас ұрпақтың ұлттық тарих пен өлкетануға деген қызығушылығын арттыру. Танымдық кездесуге оқушылар мен студенттер қатысып, қазақ тарихында өзіндік орны бар тұлғаның өмірі мен шығармашылығы туралы тың мәліметтер алды.
– Кездесу барысында С.Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университеті тарих факультетінің магистранттары Зейін Рауанқызы, Болатхан Мәрмар және Дәулет Қадылбекұлы арнайы әзірлеген баяндамаларын көпшілік назарына ұсынды. Олар Құрбанғали Халидұлының өмір жолы, ғылыми ізденістері мен тарихи еңбектерінің мазмұнына тоқталып, ғалым мұрасының қазақ және Шығыс халықтарының тарихын зерттеудегі маңызын атап өтті. Магистранттардың мазмұнды баяндамалары қатысушылардың тарихи тұлға туралы білімдерін толықтырып, оның ғылыми мұрасына деген қызығушылығын арттыра түсті, – деді ұйымдастырушылар.
Сондай-ақ, таныстырылым аясында кітап көрмесі де ұйымдастырылды. Оған Құрбанғали Халидұлының төл еңбектері, қазақ тіліне аударылған басылымдары, сондай-ақ ғалымның өмірі мен ғылыми қызметін зерттеуге арналған әдебиеттер қойылды. Кітап көрмесі қатысушыларға тарихи деректермен танысып, ғалымның шығармашылық мұрасын тереңірек зерделеуге мүмкіндік берді.
Іс-шара соңында қатысушылар ұлттық тарихты танудың, тарихи деректерді зерттеп, зерделеудің маңызы жөнінде ой бөлісті.
Пікірлер