Тарбағатай ауданындағы Зайсан көлі жағалауына 15 мың турист келді
[xfgiven_foto]Фото: [/xfgiven_foto]
Ауданның туристік әлеуетін арттырып, Зайсан көлі жағалауында заманауи туристік инфрақұрылым қалыптастыру мақсатында бірқатар маңызды жоба іске асырылуда. Биыл жағажайды дамытуға 3,5 млн теңге қаражат бөлінді, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Туристік аумаққа қолжетімділікті қамтамасыз ету үшін Омбы-Майқапшағай халықаралық транзиттік тасжолынан Қарсақбай учаскесіне дейін жол салу мәселесі қарастырылуда. Осы бағытта аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі, автомобиль жолдары, құрылыс, сәулет және қала құрылысы бөлімі мен «Градпроект» ЖШС арасында меморандум әзірленіп жатыр. Жобаның бас жоспарына сәйкес Зайсан көлі жағалауының бас жоспары әзірленіп, 172 орын анықталды.
– Былтыр 9 киіз үй мен 5 беседка, биыл 70 киіз үй және 20 беседка орналастырылды. Осы жылы санитариялық талаптарды қамтамасыз ету мақсатында жергілікті бюджет есебінен 3 млн теңге қаражат бөлініп, жағалау аумағына киім ауыстыратын орындар мен санитариялық тораптар орнатылды. Өткен жылы Зайсан көлі жағалауына шамамен 15 мың турист келді. Ал биылғы туристік маусымда туристер саны 45 мың адамнан асты, – делінген ақпаратта.
Инженерлік инфрақұрылымды дамыту үшін «Тагбент» ЖШС тарапынан құны 40 млн теңге болатын үш су ұңғымасы бұрғыланды. «East Copper» ЖШС демеушілігімен электр желілерін тарту жоспарланып отыр.
– Өткен жылы «Ауыл аманаты» бағдарламасы аясында жағажай туризмін дамытуға бағытталған кәсіпкерлік бастамаларды қолдау мақсатында 48,8 млн теңгеге жеңілдетілген несие берілді. Қаражат қайықтар, сапбордтар және судағы ойын-сауық құралдарын сатып алуға жұмсалды. Негізгі инфрақұрылымдық мәселелер толық шешілген жағдайда Зайсан көлі жағалауы Шығыс Қазақстан облысының ғана емес, республикалық деңгейдегі тартымды туристік орталықтардың біріне айналады деп күтілуде, – деді әкімдік өкілдері.
Болашақта іске асырылатын ауқымды жобалар өңірдің экономикалық және әлеуметтік өркендеуіне серпін бермек.
– Президенттің тікелей тапсырмасы бойынша Зайсан мен Тарбағатай аудандары ортасындағы Сәтпай ауылы маңында әуежай құрылысы биыл аяқталады деп күтілуде. Бұл жоба ауданның көлік логистикасын түбегейлі жақсартып, туризм мен бизнестің дамуына жол ашады. Сонымен қатар Зайсан көліне түсетін су жолы порты мен Майқапшағай-Тұғыл бағыты бойынша теміржол салу бастамасы өңірдің транзиттік мүмкіндігін күшейтіп, жаңа экономикалық дәлізді қалыптастырады. Стратегиялық маңызы бар жобалардың бірі – «Қызылқайың» кен орнында жүргізіліп жатқан барлау жұмыстары. Егер кен қоры расталса, 2027-2028 жылдары жобалау, инженерлік инфрақұрылым тарту жұмыстары басталады. 2028 жылдан бастап комбинат құрылысын қолға алу жоспарлануда. Өндіріс толық қуатына шыққанда тұрақты жұмыспен қамту көзделіп отыр. Нәтижесінде Тарбағатай ауданы тоғыз жолдың торабында орналасқан, туризмі мен логистикасы дамыған, тек мал шаруашылығына ғана тәуелді аудан емес, өнеркәсіптік әлеуеті жоғары, экономикасы әртараптандырылған ауданға айналмақ, – делінген ресми хабарламада.
Жаңалықтарды басқаларға қарағанда тезірек көріңіз
Пікірлер