448.72 493.86 5.49
A+ A A-

Тарбағатай ауданында 2027 жылы не өзгереді?

Тарбағатай ауданында 2027 жылы не өзгереді? [xfgiven_foto]Фото: [/xfgiven_foto]

Алдағы уақытта ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуын қамтамасыз ету, тұрғындардың өмір сүру сапасын арттырып, инфрақұрылымды жақсарту бағытында бірқатар маңызды міндет пен жобаны жүзеге асыру көзделіп отыр, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.

Мәселен, Тұғыл ауылындағы Т.Рысқұлов атындағы орта мектеп ғимаратын күрделі жөндеу, Ш.Уәлиханов атындағы мектеп жанындағы құрылысы аяқталмай қалған ғимаратты толық жөндеп, халық игілігіне берілмек. Сонымен қатар Ақжар ауылында Балалар өнер мектебін салу қажет. 
– Құйған орта мектебінің ғимаратын күрделі жөндеуге 782,6 млн теңге көлемінде қаражат керек. Бюджеттік өтінім беріліп, қаржыландыру мәселесі облыс деңгейінде қарастырылып жатыр. Жаңалық ауылындағы Қ.Жарылғасынов атындағы орта мектептің жылыту қазандығы былтыр жөнделді. Енді жылыту жүйесіне ағымдағы жөндеу жүргізу үшін қаражат бөлінуі күтілуде. Бұдан бөлек, 9 мектептің материалдық-техникалық базасын жаңарту жоспарланған. Оның ішінде 6 мектептің қажетті жабдықтары «Қазақстан халқына» қоры қолдауымен алынбақ, – делінген ресми хабарламада. 
Балалардың жазғы демалысын тиімді ұйымдастыру да назардан тыс қалмайды. Осы бағытта «Сеңгір» демалыс лагерін 100 орындық заманауи этнолагерьге айналдыру жөнінде ұсыныс жолданды. Жоба жүзеге асса, лагерь әр маусымда 600 оқушыны қабылдауға мүмкіндік береді. 
– Қабанбай мен Қарасу ауылдарында жаңа дәрігерлік амбулаториялар салу жоспарлануда. Қазір Жаңатілеу, Шолақорда және Тәуке ауылдарында орталықтандырылған су құбыры желілерінің құрылысы басталды. Шорға және Асусай ауылдарында құрылыс жұмыстары аяқталуға жақын. Жамбыл және Бозша ауылдарында су құбыры желілерін салу бойынша қаржы бөлінуін күтіп отырмыз. Жылумен жабдықтау саласындағы ең ірі жобалардың бірі – Ақжар ауылында орталықтандырылған жылу жүйесі құрылысын жүргізу. Жылу желілерінің жалпы ұзындығы 9 шақырымға жуық болады. Жоба толық іске қосылған кезде аудан орталығындағы 27 әлеуметтік нысан мен 15 көпқабатты тұрғын үй орталық жылу жүйесіне қосылады, – деді әкімдік өкілдері. 
Сондай-ақ жол инфрақұрылымын дамыту бағытында нақты жобалар әзірленді. Биыл бес бағыт бойынша көшелер мен автомобиль жолдарын орташа жөндеуге жобалық-сметалық құжаттамалар әзірленіп, бюджеттік өтінімдер ұсынылды. Оларды жүзеге асыру ауылішілік жолдардың сапасын жақсартып, тұрғындардың қатынауына қолайлы жағдай қалыптастыруға мүмкіндік береді.
– Мәдениет және спорт саласында алға қойылған мақсаттар бар. Атап айтқанда, Ақжар және Құйған ауылдарында мәдениет үйлерін салу, Қабанбай мен Жетіарал ауылдарында спорттық модульдер орнату жоспарланып отыр. Жалпы келер жылдарға белгіленген жобалардың барлығы ауданның әлеуметтік инфрақұрылымын жаңғыртып, ауылдардың әлеуетін арттыруға және тұрғындарға қолайлы өмір сүру ортасын қалыптастыруға бағытталған. Қазір бірқатар бастама бойынша жобалық-сметалық құжаттамалар әзірленіп, бюджеттік өтінімдер берілді. Басты мақсатымыз – оларды сапалы әрі уақтылы аяқтап, жаңаларын кезең-кезеңімен жүзеге асыру арқылы Тарбағатай ауданының тұрақты дамуына негіз қалау, – делінген әкімдік берген ақпаратта.

Мақаламен бөлісу:
Біздің инстаграмға жазылыңыз

Жаңалықтарды басқаларға қарағанда тезірек көріңіз

Жазылу

Пікірлер

Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив