Өңір құтқарушылары жергілікті атқарушы органдар және полиция қызметкерлерімен тізе қосып, пешпен жылытылатын тұрғын үйлерді аралап, пеш, мұржалардың жай-күйін тексеріп жүр, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Бұған волонтерлер мен электр мамандары да қатысып жатыр. Осының аясында тұрғындарға жылыту құралдарын пайдалану ережелері түсіндіріліп, мұржаларды күйеден уақтылы тазарту қажеттігі ескертілуде.
Әсіресе көпбалалы және аз қамтылған отбасыларға, жалғызбасты зейнеткерлерге және мүгедектігі бар адамдарға ерекше назар аударылады. Құтқарушылар олардың үйлеріне улы газ датчиктерін орнатып, құрылғылар орнатылған соң олардың жұмыс жағдайын бақылауда ұстайды. Аталған акция тұрғындардың қауіпсіздік мәдениетін арттыруға бағытталған.
– Жылыту маусымы басталғанда, әдетте, өрт саны мен улы газдан улану жағдайлары көбейеді. Жағдайды тұрақтандыру мақсатында ауқымды профилактикалық жұмыстар жүргізілуде. Әсіресе өрт шығу қаупі туындаған үйлерге ерекше көңіл бөлінеді. Жылыту маусымы басталғалы барлығы 20 мыңнан астам тұрғын үй араланып, 9 мыңға жуық заңбұзушылық анықталды. Олардың қатарында жылыту пештерінің мұржаларын уақтылы тазаламау, зақымдалып, тозған электр құрылғыларын пайдалану, ұшқын шығаратын розеткалар бар. Әлеуметтік осал топтағы отбасылар тұратын 2 758 үйдің барлығына улы газ датчиктері 100 пайыз орнатылды, – деді ШҚО ТЖД бастығының міндетін атқарушы Фархат Амре.
Полиция қызметкерлері рейдтер барысында қоғамға жат өмір салтын ұстанатын азаматтардың тұрғылықты жерлерін анықтап, олармен тиісті профилактикалық жұмыстар жүргізеді. Өйткені өрттен зардап шеккендер арасында көбінесе мас күйінде жүретін және темекі шегу кезінде отты абайсыз пайдаланатын адамдар кездеседі.
– «Қауіпсіздік әр үйге» акциясы өрттің алдын алуға бағытталған кешенді шараларды іске асыруды көздейді. Сондай-ақ өрт оқиғаларының, адам өлімінің және улы газдан улану жағдайларының алдын алу мақсатында мекемелер мен қызметтердің күш-жігерін біріктіруге бағытталған, – делінген ШҚО ТЖД баспасөз қызметі мәліметінде.
Пікірлер