455 498.77 5.56
A+ A A-

Өскеменде Күршім ауданының мәдени күндері өтті

Өскеменде Күршім ауданының мәдени күндері өтті [xfgiven_foto]Фото: [/xfgiven_foto]

20 қараша күні Шығыс Қазақстан облыстық филармониясында «Туған жер – алтын бесігім» жобасы аясында Күршім ауданының мәдени күндері ұйымдастырылды, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.

Көрменің кереметі
Өнер мен өнеге, ұлттық құндылықтар мен өлке жетістіктері тоғысқан тағылымды шара ауданның тыныс-тіршілігін, бай мәдени мұрасын және талантты өнерпаздарын көпшілікке таныстырды. Мәдени шараға ауданнан 150-ге жуық өнерпаз бен мәдениет саласының өкілдері қатысты. Кеш қонақтары алдымен филармония фойесінде ұйымдастырылған көрмені тамашалады. Мұнда аудан қолөнершілерінің бұйымдары, ауыл шаруашылығы өнімдері, жергілікті кәсіпкерлердің тауарлары мен оқушылардың шығармашылық жұмыстары көпшілік назарына ұсынылды. Көрме Күршімнің табиғи байлығын, кәсіпкерлік әлеуеті мен қолөнер дәстүрін кеңінен танытуға мүмкіндік берді.
Аудан әкімі Мейржан Альбековтің айтуынша, мәдени күндердің басты мақсаты – байқауда жүлделі орын алу ғана емес, өлке жетістіктерін таныстырып, өңірлер арасындағы ынтымақ пен бірлікті нығайту.
– Филармония кіреберісінде аудан қолөнершілерінің өнімдері қойылған. Сонымен қатар, ауданымыздың ата кәсібіне айналған балық шаруашылығының түрлі өнімін әкелдік. Өткен жылы бас жүлдеге ие болған едік. Биыл да жоғары деңгейде өнер көрсетеміз деген үміт бар. Дегенмен басты мақсат – орын алу емес. Бұл жобаның мәні – аудан халқының ауызбіршілігін, өзге аудандармен арадағы береке-бірлікті көрсету. Міндетіміз – абыроймен өнер көрсетіп, Өскемен тұрғындарына көтеріңкі көңіл күй сыйлау. Биылғы бағдарламада «Заң және тәртіп», «Таза Қазақстан» тақырыптарына да ерекше мән бердік. Осы бағытта арнайы көрініс дайындап келдік, – деді аудан басшысы.
Көрме көркін қыздырған ерекше дүниелердің бірі – картоннан жасалған қайық пен оған орналастырылған балықтар коллекциясы. Бұл туынды Күршімнің балық шаруашылығын өзгеше тәсілмен бейнелеп, ауданның табиғи байлығын танытты.
– Бүгінгі көрмеге балықтар коллекциясын алып келдік. Оның ішінде шабақ, шортан, сазан, көксерке және таза суда өсетін хариус балығы бар. Бұлардың барлығы – Маралды суында кездесетін балықтар, – деді аудан тұрғыны Бақтыгүл Нұрымова.
Ал Күршім ауылында Островский атындағы №4 орта мектептің көркем еңбек және сурет пәні мұғалімдері оқушылармен бірлесе әзірлеген шығармашылық жұмыстарын ұсынды. Солардың ішінде «Күршімнің төрт мезгілі» атты көлемді макет ерекше назар аудартты. Онда ауданның табиғаты, көрікті мекендері мен сәулетті нысандары шебер үйлестірілген.
– Макетті төрт мұғалім тізе қосып, 20 күн бойы дайындадық. Онда жаз, күз, қыс, көктем мезгілдерінің ерекшеліктерін бейнеледік. Сонымен қатар, аудан аумағындағы төрт тауды, Маралды мен Қиын-Керішті  көрсеттік. Күршім мен Самарды жалғап тұрған еліміздегі ең ұзын көпірді де назардан тыс қалдырмадық. Жұмыс барысында фанера, пенокартон және ағаш материалдарын пайдаландық. Ағаш бөлшектерін лазерлік станокпен кестік. Ал суреттерді әріптесіміз Манарбек Қайрқанов салды, – деді мұғалім Ерболат Каримбаев.
Мектеп оқушылары өнерге деген қабілеттерін шыңдап қана қоймай, облыстық және республикалық байқауларда жүлделі орындарға ие болып жүр.
– 7-8-сынып оқушыларының бірнеше жұмысын ала келдік. Мәселен, күннің батуын бейнелеген мына туынды майлы бояумен салынған. Ал шаңырақ астындағы қыздың бейнесі акварель бояуымен орындалды. Сондай-ақ мына натюрмортты Бинұр есімді оқушымыз салды. Оның сурет салуға қабілеті ерекше. Қазірдің өзінде түрлі байқауда жүлделі орындарға қол жеткізіп жүр, – деді еңбек пәні мұғалімі Манарбек Қайрқанов.
Көрмеде жергілікті кәсіпкерлер өнімдері де ұсынылды. Кәсіпкер Эльмира Ессманбек ұлттық ою-өрнекпен көмкерілген шапандары мен авторлық киім үлгілерін көпшілікке таныстырса, «Мойнақ» кәсібінің иесі Раушан Рахимова өзі әзірлейтін шұжық өнімдерін әкелді.
– Бұл кәсіппен айналысып жүргеніме екі жыл болды. Айына шамамен 300 келі өнім шығарамыз. Жылқы, тауық, сиыр және үйрек етінен түрлі шұжық дайындаймыз. Құйрық май қосылған өнімдеріміз де бар. Бағасы 5900 теңгеден басталады, – деді кәсіпкер.
Өнерімен өрнектелген өлке
Көрмеден кейін мәдени бағдарлама аудан өнерпаздарының концертімен жалғасты. Кешті тамашалауға келген жұртшылықтың қарасы қалың болғаны соншалық, филармония залына  сыймай, кейбірі есік алдында тұрып тамашалады. Қосымша орындықтар да қойылды.
Концерт шымылдығы «Шабыт» би ансамблінің әсерлі прологымен ашылды. Мың бұралған бишілер сахнаға сән беріп, көрерменді бірден баурап алды. Одан кейін «Сарын» халықтық ұлт аспаптар ансамблі «Маржан қыз» әнін орындап, ұлттық әуен әсемдігін сезіндірді. Бағдарламадағы ерекше қойылымдардың бірі – «Қыз ғұмыры» атты сахналық би. Қыз баланың тағдыры мен өмір жолын би арқылы жеткізген қойылым көрермен көңілінде ерекше әсер қалдырды. Тіпті, кейбір көрерменнің көзіне жас алып, толқыған сәттері де байқалды. Ал Әли Идаятов орындаған «Құдайбергеннің желдірмесі» залдағы жұртшылық делебесін қоздырып, кештің көркін қыздыра түсті. Биылғы мәдени күндердің мазмұнына сәйкес «Заң мен тәртіп» тақырыбында театрландырылған музыкалық композиция да сахналанды. 
Кештің көпшілік асыға күткен қонағы, Шығыс Қазақстан тумасы, тележүргізуші, әнші әрі актриса Анар Батырхан да сахна төріне көтерілді. Өнер иесі жерлестеріне екі әнін арнап, жүрекжарды лебізін жеткізді.
– Әкем – Күршімнің тумасы. Сондықтан мен үшін Шығыстың орны ерекше. Бүгін алдарыңызға әнші ретінде емес, өз қыздарыңыз ретінде келіп тұрмын, – деді Анар Батырхан.
Концерт барысында Мақпал Нұрпейісова, Бақытбек Масалиев, Гүлжанат Базарбек пен Қуашбек Өкейхан өскемендіктерге «Өскеменім» әнін тарту етті. Ал вокалды-аспаптық ансамбль орындауындағы «О, Ана» әні кештің әсерлі сәттерінің біріне айналды. Мәдени бағдарлама Елдидар Ахметовтің «Айбарлы Күршім» әнімен түйінделді. Туған өлкенің рухын асқақтатқан ән көрерменге ерекше әсер сыйлады. Өнерпаздар сахнадан түскен соң да жұртшылықтың қошеметі толастамады.

Әдемі АМАНГЕЛДІ

Мақаламен бөлісу:
Біздің инстаграмға жазылыңыз

Жаңалықтарды басқаларға қарағанда тезірек көріңіз

Жазылу

Пікірлер

Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив