Межелі жерге таңғы сағат 08:35-те барғанымызбен, аларын алып, қанар-қабын толтырған тұрғындардың алды тарқасып жатты. Етті балталап шапқан азаматтарда маза жоқ, тұрғындардың көбі соғымға қазірден дайындалып жатқан секілді, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Базар саудагерлері басып келе ме?
Бір қызық өзгерісті байқадық әуелден. Әдетте, сенбі сайын келетін аудан кәсіпкерлері мен шаруа қожалық өкілдері үшін тиісті орындар бекітілетін. «Алтай» көтерме-бөлшек сауда орталығының сол жағында, ең бастапқы сөрелерден аудан өнімдері қойылып жүрген. Осы жолы бір орынның маңдайшасында ауылдық округ атауы жазылмады. Кейін білдік, ол жерге Өскемен базарларындағы саудагерлер келіп орныққан. Осыдан-ақ Күршімнен келген кәсіпкерлердің кей өнімі басқа жерге ауыстырылып, азаннан күтпеген сценарий тіркелгенін байқадық. Мұны тиісті мекемелерге сұраухат жолдап, нақтылауға болады. Әзірге жәрмеңке жөніне ойысайық. Аудандағы кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Ришат Искаковтың сөзінше, осы жолы шаруа қожалықтарынан барлығы 7500 келі ет, 800 келі бал, 700 келі бал және 200 келі ұлттық тағамдар әкелінді.
– Сонымен қатар ауданымыздың жеке кәсіпкерлері мен тауар өндірушілері де өз өнімдерін таныстырып жатыр. Мәселен, жеке кәсіпкер Раушан Чупенова шұжық өнімдерін әкелді. Ол 2024 жылы мемлекеттік қолдау аясында қайтарымсыз грант қаражатына ие болып, кәсібін дамытуға мүмкіндік алды. Қазір оның өнімдері аудан орталығы мен Өскемендегі бірнеше сауда нүктесінде сатылымға шығарылған, – деді бөлім басшысы.
Иә, Раушан Чупенова жәрмеңкеге шұжықтың түр-түрін әкелді.Тұз-бұрышын қосып, қақтаған құйрық майының дәмі тіл үйіреді. Үш түрлі құс етінен әзірленген шұжық та өткен-кеткенді қызықтырып жатты. Одан бөлек, балығы өңірге танымал «Төре-Тоғам» ЖШС өкілдері де келді.
– Аталған кәсіпорын өңір көлеміндегі ірі балық және балық өнімдерін өндірушілердің бірі саналады. Қазір серіктестік өнімдерін Өскемендегі «Fresh Market» пен «Әлем» сауда орталықтарынан сатып алуға болады. Одан бөлек, «ДЕЕН» ЖШС-да өз өнімдерін ұсынуда. Кәсіпорын аудан аумағында жылыжай шаруашылығын ашып, көкөніс өнімдерін өсірумен айналысады, – деді Ришат Искаков.
Ауыл дәмін сағынғандар 6:00-ден барған
Жылыжайда өсірілген көкөніс пен тағамға қосатын түрлі шөп-шаламды ауылдан әкеліп сатқан кәсіпкерлерді көп байқай бермейміз. Бөлім басшысынан осы «ДЕЕН» ЖШС жайлы толығырақ айтып беруін сұрадық.
– Осы серіктестікті 2025 жылы ұлттық пулға енгізу жұмыстарын жүргізген болатынбыз. Биыл толықтай кіріп, аталған кәсіпорын Абай ауылдық округіндегі Тоқбура учаскесінде жұмысын жалғастырып келеді. Ол жерде 200 адамға арналған турбаза ашуға әрекеттеніп жатыр. Осы жоба аясында ол кісілер жеке қазандығын салып, 40 шақты жылыжай орнатты. Одан бөлек, 500 түптей алма ағашы мен өрік, 5000-ға тарта түп алма ағашы, одан бөлек, шырша екті. Жылыжайда биыл қияр, қызанақ және басқа өнімдер өсірілді. Ауданда сенбі сайын өтетін ауылшаруашылығы жәрмеңкесіне үзбей қатысып отырады, – деді бөлім басшысы.
Күршімнің жәрмеңкесі таңғы сағат 7:00-де басталған. Бірақ ауыл дәмін сағынып жеткен жұрт 06:00 кезінде сөредегі өнімдерді таңдауға кірісіпті. Біз байқамасақ та, ұйымдастырушылар бұл сөзімізді растады. Ришат Искаковтан 08:40 шамасында ақпарат алып тұрғанда, барлық әкелінген өнімнің жартысына жуығы саудаланып кетті деген ақпарат жетті. Кейбірі тары мен талқанды стақанмен өлшеп алып, дорбаларына салған.
– «ДЕЕН» ЖШС Тоқбура учаскесі маңында құс өсірумен де айналысады. Бүгінгі саудада жұмыртқа өнімдері де бар. Тауық, үйрек, қаз еттері сатылып жатыр, – аудан әкімдігі өкілдері.
Бағаны түсіріп сататындар бар
Құйғанның етіне сұраныс күрт артты. Бейбіт Ерболұлы есімді кәсіпкер әкелінген тауар кейде бірнеше сағатта мол сұраныспен сатылып кететінін айтса, кейде бәрін уақыт еншісіне қалдырады. Бірақ жайылымдағы мал етіне көпшілік үнемі назар аударады.
– Ет өзіміздің Құйғандікі. Бордақы емес, жайлаудың еті. Қазы да әкелдік. Сапасы жақсы, сауда ойдағыдай. Жас ет, бағасы халыққа қолайлы. Сүйекті еттер – 3500 теңгеден, сан еті – 3600 теңгеден. Қазы 4500 теңгеден саудаланса, фарш 3800 теңге деп бекітілді. Кейде халықтың қалтасына түсіріп береміз. Етті молырақ алғандармен бағасын келісіп, қымбатқа шығып кетпеуін ескереміз. Кейбірі соғымға деп сатып алып жатыр, – деді Бейбіт.
Ришат Искаков соңғы жылдары аудан кәсіпкерлерінің сауда сахнасындағы тынысы одан әрі кеңи түскенін жеткізді. Себебі, жаңа көпір қолданысқа берілгелі, сатушылар уақыттан ұтып жүр, ет пен өнімдер бұзылмайды.
– Жүк көлігін айтпағанда, жеңіл автокөліктерінің өзі 6-7 сағаттап тұрған кезі болды. Жүк көліктері сол жерде қонатын еді. Көпірдің ашылуы әсіресе, бақша өнімдерін егетіндерге бап, – деді бөлім басшысы.
Бүгінгі жәрмеңкеге аудандағы жеті ауылдық округ толықтай келді. Өздерінің жер жағдайлары мен шаруашылығына байланысты әралуан өнім әкелген. Қалғұты ауылдық округінен қой, жылқы, ірі қара еті, Маралдыдан бал мен бал өнімдері, Абай ауылдық округінен ірі қара еті молынан жеткізілді. Бір айта кетерлігі, Қалғұты, Бурабай, және Күршім ауылдық округінің кәсіпкерлері мал бордақылайды. Қалғұты ауылдық округінің өзінде жылына 7-8 мың бас қой сойылып, Шымкент пен Өзбекстан қалаларына жеткізіледі. Кейде өздері сойып алып кететін көрінеді. Қасапханадағы сауда жаз айларында қызады.
Әділхан ЕСІМХАНОВ
Фотосуреттер: автордікі
Жаңалықтарды басқаларға қарағанда тезірек көріңіз
[xfgiven_foto]

Пікірлер