
«Әділет» жастары 1 800 шақырым жол бойынан 150 тонна қоқыс жинады: Соңғы аялдама – ШҚО
«Таза Қазақстан» – бір реттік тазалық акциясы емес, қоршаған ортаға жауапкершілікпен қарауды қалыптастыратын ортақ құндылық. Осы қағидатты басшылыққа алған «Әділет» партиясының «Жастар Рухы» жастар қанаты «Taza Qazaqstan» road-эстафетасын қорытындылады, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
13 - 16 қазан аралығына жоспарланған бастама аясында Ақмола, Павлодар, Абай және Шығыс Қазақстан облыстарындағы жалпы ұзындығы шамамен 1 800 шақырым жол бойы тазартылып, 150 тонна қоқыс жиналды.
«Жастар Рухы» жастар қанаты өкілдері мәліметінше, Road-эстафетаның негізгі мақсаты сол, жастарды экологиялық бастамаларға жұмылдыру, табиғатқа жанашырлықпен қарау мәдениетін қалыптастыру. Одан бөлек, туған жер тазалығына деген жауапкершілікті арттыру. Бастама аясында жол бойындағы аумақтарды тазарту жұмыстары жүргізіліп, экологиялық акциялар, ауыл тұрғындарымен кездесулер, қоғамдық қабылдаулар, тарихи-мәдени мұраны вандализмнен қорғау шаралары және «Чемпиондық рух» бағыты бойынша спорттық іс-шаралар ұйымдастырылды. Тұтас тур барысында жастар жұмыс істеп қана қойған жоқ, арқа-жарқа шүйіркелесіп қайтты.
Эстафета барысында төрт өңірдегі жол учаскелерінде тазалық жұмыстары жүргізіліп, төмендегідей нәтижелерге қол жеткізілді:
1) Қоянды – Баянауыл бағыты: 474 шақырым жол бойы тазартылып, 40 тонна қоқыс жиналды;
2) Баянауыл – Семей бағыты: 529 шақырым аумақ қамтылып, 50 тонна қоқыс шығарылды;
3) Абай облысы: 487 шақырым жол бойы тазартылып, 35 тонна қоқыс жиналды;
4) Шығыс Қазақстан облысы: 317 шақырым аумақ қамтылып, 25 тонна қоқыс жиналды.
Осылайша, 4 өңір бойынша жалпы 1 800 шақырым жол учаскесі қамтылып, 150 тонна қоқыс жиналды. Бұл нәтиже жастардың бірлескен еңбегі мен қоршаған ортаны қорғауға бағытталған жүйелі жұмысының маңызын көрсетеді.
«Жастар Рухы» Жастар қанатының Шығыс Қазақстан облыстық филиалының консультанты Эльмира Нурсеитованың айтуынша, road-эстафета экологиялық мәдениетті қалыптастырумен қатар, жастардың азаматтық белсенділігін арттыруға мүмкіндік берді.
– Біз «Таза Qazaqstan» Road-эстафетасын Шығыс Қазақстан облысында жалғастырудамыз Эстафетаны Абай облысынан қабыл алдық. Шығыс Қазақстан облысында 2 аудан мен 3 ауылды қамтып, 1000-нан астам жасты қатыстыру жоспарлануда. Сонымен қатар қатысушылар Ақбауыр археологиялық кешенінің аумағын тазалап, тарихи-мәдени нысандардағы жазулар мен граффитилерді жою жұмыстарын жүргізеді, – деді ол.
Одан кейін команда жергілікті жастармен кездесіп, экологиялық жауапкершілік, тарихи мұраны сақтау және азаматтық белсенділікті арттыру мәселелерін Бір толқында талқылайды.
Айта кетейік, «Таза Qazaqstan» Road-эстафетасы 13 қазанда басталып, 16 қазан, яғни бүгін Шығыс Қазақстан топырағында түйінделді. «Әділет» партиясының жастары Ақмола, Павлодар, Абай және Шығыс Қазақстан облыстарындағы тасжол бойын қоқыстан тазартып, экологиялық мәдениетті қалыптастыруға үлес қосуда.
– «Таза Qazaqstan» бұл қатардағы тазалық жұмысы емес. Бұл табиғатты, тарихи мұраны және еліміздің болашағын сақтауға қосқан ортақ үлесіміз. Өйткені Қазақстанның тазалығы әрқайсымыздан басталады!, – деді Эльмира Нурсеитова.
Эстафетаның маңызды бағыттарының бірі – тарихи-мәдени мұраны сақтау болды. «Вандализмге жол жоқ» акциясы аясында Абай облысындағы Жидебай қорығында тазалық жұмыстары жүргізіліп, тарихи нысандарға ұқыпты қарау және ұлттық мұраны қорғау мәселесіне назар аударылды. Сонымен қатар Павлодар облысындағы Баянауыл өңірінің Кемпіртас пен Қоңыр әулие секілді көрікті жерлерін вандализмнен қорғау мәселесі де бастаманың басым бағыттарының қатарында болды.
Road-эстафета аясында ауыл тұрғындарымен және жастармен кездесулер ұйымдастырылып, қоғамдық қабылдаулар өткізілді. Бұл алаңдарда тұрғындардың ұсыныстары мен өтініштері тыңдалып, жергілікті жерлердегі өзекті мәселелерді талқылауға мүмкіндік берілді. Осылайша, бастама экологиялық міндеттермен қатар, халықпен тікелей байланыс орнатуға және жастардың қоғамдық өмірге қатысуын арттыруға бағытталды.
Ал «Чемпиондық рух» бағыты бойынша ұйымдастырылған спорттық іс-шаралар жастарды салауатты өмір салтын ұстануға үндеді. Экологиялық акциялар мен спорттық белсенділіктің қатар жүруі табиғатқа қамқорлық, денсаулық және азаматтық жауапкершілік құндылықтарын бір арнаға тоғыстырды.
– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен жүзеге асырылып жатқан «Таза Қазақстан» жалпыұлттық экологиялық бастамасы қоршаған ортаны қорғау мен қоғамдық мәдениетті қалыптастырудың маңызды бағытына айналды. «Әділет» жастарының road-эстафетасы осы құндылықтарды нақты істер арқылы дәріптеп, экологиялық жауапкершіліктің ортақ міндет екенін көрсетті, – делінген мәліметте.
Суреттерді түсірген: Нұрдаулет Болысбек
Соңғы жаңалықтарды ресми Instagram арнамыздан оқыңыз!
ТіркелуПайдалы
Руханият
Жұлдыз жорамал

Пікірлер