A+ A A-

talgatzhan 43 Бүгін, 14:15 0

ШҚО-да «Кітап оқитын ұлт» облыстық марафоны басталды

Бүгін / ШҚО / Руханият

Бұл туралы бүгін Өңірлік коммуникациялар қызметі мен А.С. Пушкин атындағы ШҚО кітапханасы бірлесіп ұйымдастырған баспасөз конференциясы кезінде айтылды, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.

«Кітап оқитын ұлт» жобасы ел тұрғындары арасында тұрақты кітап оқу мәдениетін қалыптастырып, сыни және аналитикалық ойлауды дамытуға бағытталған ауқымды зияткерлік-ағартушылық бастама.. Сондай-ақ кітапты барлық жас пен әлеуметтік топтар үшін білімнің маңызды көзі ретінде дәріптеу басшылыққа алынды.

– Марафон Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың оқу мәдениетін дамыту және оқитын ұлтты қалыптастыру жөніндегі тапсырмалары аясында ұйымдастырылып отыр. Аталған марафон елдің барлық облысында бастау алды. Биылғы қыркүйек айынан келесі жылдың сәуіріне дейін жалғасады, – деді Мәдениет басқармасының басшысы Самат Қасенов.

Марафонда барлығы 6 номинация қарастырылған. Олар:

    • «Үздік оқырман-оқушы» – 6-11 сынып оқушылары;
    • «Үздік оқырман-студент» – колледж және жоғары оқу орындарының студенттері;
    • «Үздік оқырман-оқытушы» – мектеп, колледж және ЖОО оқытушылары;
    • «Үздік оқырман-әулет» – 3-5 адамнан тұратын отбасылар;
    • «Инклюзивті ортадағы үздік оқырман» – ерекше қажеттіліктері бар оқырмандар;
    • «Үздік оқырман-қызметкер» – түрлі мекеме мен ұйымдардың қызметкерлері.

Ескере кететін жайт, марафонға қатысушылардың жас ерекшелігіне шектеу қойылмайды. 

– Барлық жастағы азамат тең дәрежеде қатыса алады. Қазіргі тіркеу ресми сайтта жүргізіліп жатыр. Әр бағыт бойынша 15 кітаптан тұратын әдебиеттер тізімі бекітілген. Қатысушылар бұл кітаптарды облыстық А.С. Пушкин атындағы кітапханадан, сондай-ақ балалар мен жасөспірімдер кітапханаларынан алып оқи алады. Марафон соңында қатысушылар 45 сұрақтан тұратын онлайн тестілеуден өтеді. Әр оқылған кітап бойынша 3 сұрақ қойылады. Негізгі критерийлердің бірі – сұрақтарға дұрыс әрі нақты жауап беру және уақытты тиімді пайдалану, – деді А.С. Пушкин атындағы облыстық кітапхананың басшысы Назымгүл Тлеубекова.

Айта кетейік, марафон жеңімпаздарына арнайы сыйлықтар табысталады. Мәдениет басқармасы басшысының айтуынша, марафон қорытындысы 23 сәуір – Ұлттық кітап күніне орайластырылмақ.

Біздің инстаграмға жазылыңыз

Жаңалықтарды басқаларға қарағанда тезірек көріңіз

Жазылу
0 0 0

Пікірлер

Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив