
Тіл – ұлттың рухани байлығы, елдіктің белгісі және қоғамды біріктіретін маңызды құндылық. Мемлекеттік тілдің қолданыс аясын кеңейту, азаматтардың тілдік құзыреттілігін дамыту және тіл үйренуге қолайлы жағдай қалыптастыру – бүгінгі күннің басты міндеттерінің бірі. Осы бағытта Шығыс Қазақстан облысының мәдениет басқармасына қарасты Шығыс Қазақстан лингвистикалық орталығы өңірде тілдерді оқыту, мемлекеттік тілдің мәртебесін нығайту және тіл саясатын іске асыру бойынша жүйелі жұмыстар жүргізіп келеді. Орталық қызметі Қазақстан Республикасында тіл саясатын дамытудың 2023-2029 жылдарға арналған тұжырымдамасы мен Шығыс Қазақстан облысы әкімдігінің 2023 жылғы 21 қарашадағы № 259 қаулысымен бекітілген өңірлік іс-қимыл жоспарына сәйкес жүзеге асырылуда, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Тілдерді оқыту – басты бағыт
Орталық қызметінің негізгі бағыттарының бірі сол, мемлекеттік тілді оқыту. Есепті кезеңде қазақ тілі курстарына 391 тыңдаушы қатысып, олардың 213-і оқу нәтижесі бойынша сертификат алды.
Оқыту барысында тыңдаушылардың сөйлеу, оқу, жазу және тыңдалым дағдыларын дамытуға басымдық берілді. Сабақтарда сұрақ-жауап, пікір алмасу, жағдаяттық тапсырмалар, аудиовизуалды материалдар мен заманауи цифрлық платформалар қолданылды. Сонымен қатар жасанды интеллект мүмкіндіктерін пайдалану арқылы оқу барысын жетілдіруге, сөздік қорды байытуға және тыңдаушылардың жеке қажеттіліктеріне сәйкес тапсырмалар ұсынуға көңіл бөлінді.
Ағылшын тілін оқыту жұмыстары да тұрақты түрде жүргізілді. Биыл бұл курстарға 268 тыңдаушы қатысып, 134 адам сертификатқа ие болды. Сабақтар тілдік дағдыларды жетілдіруге, кәсіби қарым-қатынас мәдениетін дамытуға және халықаралық тәжірибеге қол жеткізу мүмкіндіктерін кеңейтуге бағытталды.
Оқу сапасын арттыру мақсатында бастапқы тестілеу, тілдік деңгейді анықтау, аралық және қорытынды бағалау жұмыстары ұйымдастырылды. Тестілеу нәтижелері тыңдаушылардың білім деңгейін бағалап, оқу бағдарламаларын олардың қажеттіліктеріне сәйкес жоспарлауға мүмкіндік берді.
Әдістемелік жұмыс пен кәсіби тәжірибе алмасу
Орталық қызметінде оқытушылардың кәсіби біліктілігін арттыруға, әдістемелік материалдарды жетілдіруге және озық тәжірибені енгізуге ерекше мән беріледі. Осы мақсатта семинарлар, конференциялар, дөңгелек үстелдер, тренингтер мен кәсіби кездесулер ұйымдастырылды.
2026 жылғы 20 қаңтарда Ұлттық ұланның 6699 әскери бөлімі сарбаздарына арналған ашық сабақ өткізілді. 9 ақпанда Шығыс Қазақстан облысының қорғаныс істері жөніндегі департаменті қызметкерлеріне мемлекеттік тілді оқыту мәселелері бойынша семинар ұйымдастырылды. Сонымен қатар сот жүйесі қызметкерлерімен тіл мәдениетін дамытып, әдеби мұраны насихаттауға бағытталған кездесулер өткізілді.
20 ақпанда цифрландыру мен жасанды интеллекттің тілдік үдерістерге ықпалын талқылауға арналған «Жасанды интеллект дәуіріндегі тілдік өзгерістер» атты облыстық семинар өтті. Ал
26 маусымда «Академиялық жазылымды оқытудың интеграциялық моделі: зерттеу нәтижелері мен әдістемелік ұсыныстар» тақырыбында ғылыми-әдістемелік воркшоп ұйымдастырылды. Іс-шара барысында Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің ғалымдары академиялық жазылымды оқытудың заманауи тәсілдері мен зерттеу нәтижелерін таныстырды.
20 мамырда Риддер қаласында Ахмет Байтұрсынұлы атындағы «Үздік оқытушы – 2026» облыстық байқауы өткізілді. Байқау мақсаты – оқытушылардың шығармашылық әлеуетін арттыру, кәсіби шеберлігін бағалау және инновациялық әдістерді насихаттау. Ол жерде бас жүлдені Шемонаиха ауданының тілдерді оқыту орталығының оқытушысы Гүлбану Керейбаева иеленді. Бірінші орын Ұлан ауданының тілдерді оқыту орталығының оқытушысы Елсінбек Бақжанға, екінші орын Шемонаиха ауданының оқытушысы Диана Абдрасулова, үшінші орын Самар ауданының оқытушысы Алтай Ардагүлге берілді.
17-21 тамыз аралығында Астанада өткен «Қазақ тілін оқыту әдістемесінің ортақ жүйесі» тақырыбындағы біліктілікті арттыру курсына Орталық оқытушылары Ләззат Әскербекқызы мен Балжан Серікбекқызы қатысты. Сондай-ақ 10 қыркүйекте Жетісу облысында өткен мемлекеттік тіл мен тілдік тұлғаны қалыптастыру мәселелеріне арналған республикалық ғылыми-практикалық конференцияға Орталық оқытушылары Л. Қайдарова мен Ы. Райханқызы қатысып, кәсіби тәжірибе алмасты.
Тіл саясатын іске асыру мен қоғамдық іс-шаралар
Орталық мемлекеттік тілдің қоғамдық өмірдегі рөлін арттыруға, ұлттық құндылықтарды дәріптеуге және тілдік ортаны дамытуға бағытталған мәдени-танымдық іс-шараларды да жүйелі түрде ұйымдастырады.
6 сәуірде «Сөз сарасы» шешендік клубының кезекті отырысы өтті. Клубтың негізгі мақсаты – қатысушылардың сөйлеу мәдениетін қалыптастыру, ойды жүйелі, нақты әрі сенімді жеткізу дағдыларын дамыту. Іс-шараға әдебиет саласының мамандары, филология факультетінің студенттері, сот, полиция және банк қызметкерлері қатысты.
Пікірталас алдында қатысушылар арасында жағымды психологиялық ахуал қалыптастыруға арналған тренинг өткізілді. Жиын барысында сөйлеу мәнері, эмоция мен интонацияның маңызы талқыланып, қатысушылар тәжірибелік дағдыларын жетілдірді.
Жыл басталғалы Мұқағали Мақатаевтың 95 жылдығына арналған «Сөз сарасы» шешендік клубының отырысы, «Әр өлеңі – бір әлем» атты поэзия сағаты және Әлихан Бөкейхановтың 160 жылдығына арналған кездесу ұйымдастырылды. Наурызнама онкүндігі аясында ұлттық салт-дәстүрлерді, ұлттық киім мен спортты дәріптейтін іс-шаралар өткізілді. Алғыс айту күніне орай өңірдегі бірқатар мекемеде тақырыптық кездесулер өтті.
8 шілдеде «Мемлекеттік тіл – Тәуелсіздік символы» атты облыстық байқау ұйымдастырылды. Қала және аудан кезеңдерінде іріктелген, мемлекеттік тілді меңгерген этнос өкілдері байқау барысында қазақ тілінде сөйлеу шеберліктері мен шығармашылық қабілеттерін көрсетті.
23 қыркүйекте өткен облыстық семинарға тілдерді оқыту орталықтарының басшылары, оқытушылар мен әдіскерлер, сондай-ақ С. Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университетінің студенттері қатысты. Семинарда тіл үйретудің заманауи әдістері, ересектерді оқытудың ерекшеліктері және көпшілік алдында сөйлеу мәдениеті мәселелері талқыланды.
15-16 қазанда Солтүстік Қазақстан облысында өткен «Тіл – бірлік пен үйлесім негізі: жаңа дәуірдегі тіл саясаты» атты республикалық семинарға Орталық директоры А. Абзалова қатысты. Іс-шара өңірлер арасындағы тәжірибе алмасуға және мемлекеттік тілдің қолданыс аясын кеңейту бағытындағы жұмыстарды жетілдіруге мүмкіндік берді.
Сот саласында мемлекеттік тілдің қолданысын кеңейту мақсатында «Қазақ тілінде жасанды интеллектіні қолдану және құзыреттерді жетілдіру» және «Мемлекеттік тілдегі сот актілерін түсіндіру және шешендік өнерге баулу мәселелері» тақырыптарында семинар-тренингтер өткізілді. Іс-шараларға Шығыс Қазақстан облыстық сотының судьясы, Оқу орталығының үйлестірушісі Жанна Мәулетханқызы Нұрсалинова модераторлық етті. Қатысушылар жасанды интеллектіні қолдану, кәсіби тілдік құзыреттерді жетілдіру және сот актілерін мемлекеттік тілде түсіндіру мәселелерін талқылады.
Бұдан бөлек, «Заң мен тәртіп» қағидатын іске асыру аясында сыбайлас жемқорлықтың алдын алу, заңнама талаптарын түсіндіру және комплаенс-қызметтің рөлін арттыру мәселелеріне арналған интерактивті кейс-сессия ұйымдастырылды.
Орталықтың ақпараттық-насихаттық жұмыстары аясында «Қазақ тілін қалай оңай үйренуге болады?» тақырыбында подкаст әзірленіп, тіл мәдениеті мен мемлекеттік тілдің маңызы туралы ақпараттық материалдар ұсынылды.
Алдағы міндеттер
Алдағы кезеңде мемлекеттік тілді оқыту сапасын арттыру, ағылшын тілін үйренуге деген қызығушылықты қолдау, цифрлық технологияларды тиімді пайдалану, әдістемелік жұмысты жетілдіру және мекемелермен ынтымақтастықты нығайту көзделіп отыр.
Тіл – ұлттың рухани тірегі, қоғам бірлігі мен ұлттық бірегейліктің негізі. Сондықтан мемлекеттік тілдің қолданыс аясын кеңейту және азаматтардың тіл үйренуіне қолайлы орта қалыптастыру – баршамызға ортақ жауапкершілік. Шығыс Қазақстан лингвистикалық орталығы алдағы уақытта да осы бағыттағы жұмыстарын жүйелі түрде жалғастыра береді.
Әсемгүл МӘДЕНИЕТҚЫЗЫ,
Шығыс Қазақстан лингвистикалық орталығының директоры
Соңғы жаңалықтарды ресми Instagram арнамыздан оқыңыз!
ТіркелуПайдалы
{calendar}
Пікірлер