
«Оралханмен достығымыз ол қайтыс болғанша үзілмеді» – жаузышының жан досы
Күні кеше әдебиет пен әкімдік өкілдері руханият ордасына біркісідей жиналып, ортақ шараны ойдағыдай өткізуге ниет білдірді. Бас қосу әралуан форматта жалғасын тапты. Жасанды интеллект жарықтық жазушы Оралхан Бөкейді «қайта тірілтіп», жарқын бейнесі көз алдымызға келді. Өзі аттас кітапханаға 10 жыл бұрын есімі берілген болатын. Осыған орай келген меймандар көңіл шегін шертер естеліктерімен бөлісті, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Ұлы достық
Көшеде кетіп бара жатып, болмаса тұрғындар арасында соңғы оқыған кітабы туралы сауалнама жүргізгенде көбі катонқарағайлық қаламгердің шығармашылығын есіне түсіреді. Осыдан-ақ Оралхан Бөкей жазған әңгіме, повесть, романдардың оқырманды жалықтырмай, қайта өзара талқыға салар тақырып қозғап кеткенін аңғарасың. Мерекелік іс-шара бөгеуі ағытылмай тұрып, жазуышының әдебиет әлеміне бойлауға бекінген буынға айтқан ағалық ақылы жүрекке жетті.
– Қолына қалам алып жүрген студент жастарға ең алдымен ұлт алдындағы, халық алдындағы абырой мен борышты сезінбейінше, шығармашылық деген сарайға кіруге қақыңыз жоқ дегім келеді. Қазіргі жастарға мен жан-жақты дайындықты, керемет білімділікті, іші-сыртындағы әдемілікті, өз халқы үшін күресе білетін үлкен күрескерлік рухты тілер едім, – деді қаламгер.
Мұндай риясыз, көкейден шыққан кеңес берер жетекшісі, ағасы бар жастар жалыннан да жасқанбас еді дерсіз. Иә, оның дауысын естіген бойда жүректе сартап сағыныш көрініс беріп, экранға ұзақ қарадық. Жазушының сырлас досы Аманжан Нұқсараұлы да сөйлеп тұрып, көңілі босады.
– Оралханмен арамызда ұлы достық-қарым-қатынас болды. Сіздерге айтайын, мен 1983 жылы 40-тан асқан шағымда жоғары білім алдым. Мектепте 16 жыл орта біліммен жұмыс істедім. Сонда төрт жыл оқуды мен Оралханның үйінде қысы-жазы тұрып оқып шықтым. Сессия болса, сондай дайындаламын. Оралхан, Айман үшеуімізде үш кілт болды. Олар таңертең жұмысқа кетеді, мен түстен кейін оқимын. Оған дейін үйде шалжиып жатамын. «Ал Аманжан, ана жерде анандай тамақ, мына жерде мынадай тамақ тұр» деп бәрін айтып кететін. Бірінші Алматыда менің нағашы апам тұрды. Шешемнің ағасының қызы. Сол үйге баруға маған рұқсат бермей, «астыңнан су шықты ма?» деп жібермейтін. Айта берсе, әңгіме көп. Оралханның жолдасқа, жақсы көрген адамына деген мінезі ерекше. Бойымнан әлі кетпейді. Амал бар ма? Міне-міне 50 жылдығын тойлаймыз деп отырғанда аяқ асты айырылып қалдық, – деді ол.Бұл ғана емес, қаламгер бақилық болды дегенде қазақ әдебиетінің алыптары жиналып, марқұмды ақтық сынға шығарып салған сәтті де айтып берді. Кәдірбек Сегізбаев, Ақселеу Сейдімбек және басқа да жазушылар келіп, қайғыны бөліскен.
– Біреулер олай дейді, біреулер былай дейді. Бірақ ауылдан басталған екеуіміздің арамыздағы достық Оралхан қайтыс болғанша үзілген жоқ. Сол жолдасымның аруағы риза болсын деп, сегіз жыл музейде істедім, – деді Аманжан Нұқсараұлы.
Алтайдың әсем табиғаты, тауы мен жазығында жортқан аң-құс тіршілігінен сыр шертер талай тың шығарма жазған Әлібек Асқар да көсіле сөйледі. Оралхан Бөкей 49 жыл ғұмырында берерін беріп, жазарын жазып кетті дейтіндердің ой-пайымы дұрыс болмағанын айтты. Әсте олай емес дейді. Осылай деді де жазушының 1993 жылы Түркияға дайындалғанын, бірақ аяқ асты Үндістанға кеткенін айтты. Ол кезде аталған мемлекет жабық болған көрінеді.
Үндістанға сапар
Осыдан 30 жылдан астам уақыт шегініс жасап, журналистика мен әдебиеттегі шиеленісті, қаламгердің мерейтойын атап өтуге деген дайындығын қаз-қалпы айтты. Облыс әкімінің орынбасары Айдар Садырбаевта «Алтайдың кербұғысы» атанған қаламгердің асыл сүйегіне әркез тағзым жасап, есімін дәріптеу қазіргі буын жауапкершілігінде екенін баса айтты. Он жыл ішінде кітапханада аз жұмыс атқарылмағанын, директор Хабиба Ақжігітова бастаған ұжымның еңбегі республика көлемінде көрініп жатқанын тілге тиек етті.
– Сөз жоқ, тау баласы тауға қарап өседі дейді. Ал таулардың биіктігі алыстаған сайын көрінеді. Біз де ауық-ауық Оралхан атамызға қайта оралып, терең ойларына әлі талай рет бойлаймыз деген сенімдемін. Себебі, осы елдің азаматы ретінде, осы елде еңбек етіп жүрген кез келген көзі қарақты жерлестеріміз Оралханды ұлықтамаса, кімді ұлықтайды? – деді Айдар Серікқазыұлы.
Осы аралықта қалалық мәслихаттан, қала әкімдігінен және басқа да мекемеден онжылдық қарсаңында құттықтаулар айтылды. Оралхан Бөкейдің жиені, жазушы, өлкетанушы Тоқтар Мағзұмов та дүние айтуға оқталып, соңында қонақтар уақытын көп алмауды жөн көріп, қысқа қайыруға тырысты.
– Қазақта мынадай сөз бар: Өткенді еске алу, мейлі қуанышты болсын, мейлі күйінішті болсын – жаныңды тебірентпей қоймайды. Әлекең (Әлібек Асқаров) Оралханның қайтыс болғанын айтты. Ол 93-жылы болған оқиға. Әлекең екеуіміз жамбас топырағы мен бас топырағын бірге салдық. Бір жағдай болған, оны айта кеткен орынды. Оралхан Бөкей қайтыс болып кеткенде ауылдан туыс-туғандар келіп, Шыңғыстайға жерлейміз деген болатын. Сол кезде министрлік өкілдері, Жазушылар одағының хатшысы Қалдарбек Найманбаев секілді біршама азамат келген, – деді ол.
Айтуынша, Оралхан ағасы жұмыс кезінде албаты хабарласпайтын. Сонда қоңырау шалып былай депті:
– «Мен осылай сапарымды өзгертіп, Үндістанға кетіп бара жатырмын. Қасымда чемоданым тұр. Алыс жолға жүргенде отбасында өзімнің жалғыз екенімді осындайда білдім деді». Содан Индияға кетті. Ары қарай өздеріңіз білесіздер, қайтыс болды. Жерлеу комиссиясының төрағасы Қуаныш Сұлтанов, орынбасары Қалдарбек Найманбаев, Әлібек Асқаров және мен – ұшақтан сүйекті қарсы алдық. Ол кезде әуе көлігі Ташкент арқылы ұшатын, – деді жазушының жиені.
Сүйекті жеткізгенде Оралхан Бөкейдің үйінде Әзілхан Нұршайықов, Әбдіжәміл Нұрпейісов бастаған барлық жазушы отырған. Тоқтар Мағзұмов та, Әлібек Асқаров та катонқарағайлық қаламгердің ажалы сол уақыттардағы Қазақстанның мәдениет саласындағы «трагедия» болғанын айтты.
Ал облыстық Didar газетінің бас редакторы болған Уәлихан Тоқпатаев қаламгер жұмыс істеген «Коммунизм туы» газеті сол уақыттары талай өзекті мәселе көтеріп, оқырман үшін тұщымды дүниелер ұсынғанын айтты. Оның журналистикада да, әдебиетте де қалдырған ізі өшпейтінін жеткізді. Қазір Оралхан Бөкей атындағы қалалық кітапханада ол туралы деректер молынан кездеседі. Ал руханият ордасының басшылығы жыл өткен сайын жаңашылдықтар енгізіп келеді.
Әділхан ЕСІМХАНОВ
Фотосуреттер: автордікі
Соңғы жаңалықтарды ресми Instagram арнамыздан оқыңыз!
ТіркелуПайдалы
{calendar}

Пікірлер