A+ A A-

talgatzhan 42 Бүгін, 11:10 0

Жау көрінген жалыннан жасқанған емес: ШҚО-да әкесі мен ұлы тілсіз жаумен күресіп жүр

Бүгін / ШҚО / Сұхбат

1995 жылы Президент Жарлығымен Төтенше жағдайлар жөніндегі мемлекеттік комитет құрылды. Содан бері елімізде жыл сайын 19 қазанда Құтқарушылар күні аталып өтеді. Бұл – қатерге қаймықпай қарсы тұрып, өзгелердің өмірін өз өмірінен жоғары қоятын мамандарға құрмет көрсететін ерекше күн. Солардың қатарында Шығыс Қазақстан облысында қызмет етіп жүрген Булекпаевтар отбасы да бар. Айдар Булекпаев пен оның ұлы Темірлан Құмарқанов өрт сөндіруші мамандығын таңдап, тілсіз жаумен күресуді өмірлік міндетіне айналдырған. Олардың кәсібі – батылдық пен табандылықты, жоғары жауапкершілік пен адам өміріне деген жанашырлықты талап ететін абыройлы қызмет, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.

Оттың ортасындағы оқиға

Айдар Булекпаев төтенше жағдайлар саласында жиырма жылдан астам уақыттан бері еңбек етіп келеді. Бүгінде ол – Ұлан ауданына қарасты Таврия ауылындағы №12 өрт сөндіру бөлімінің бөлімше командирі. Осы жылдар ішінде талай тілсіз жаумен бетпе-бет келіп, Күршім мен Алтай аудандарындағы ірі орман өрттерін сөндіруге қатысты.

– Өзім Марқакөл ауданындағы Алексеевка ауылында туып-өстім. 2000 жылы мектеп бітірген соң, кеден ісі мамандығы бойынша оқуға түстім. Негізі, өрт сөндіруші боламын деп ойлаған жоқпын. Бұл салаға кездейсоқ келдім. 2005 жылы еңбек жолымды Абай облысындағы Шүлбі кентінің №47 өрт сөндіру бөлімінде бастадым. 2006 жылы Өскемен қаласындағы №4 өрт сөндіру бөліміне ауыстым. Биылдан бастап Ұлан ауданына қарасты Таврия ауылындағы №12 өрт сөндіру бөлімінде қызмет етіп келемін, – деді Айдар Булекпаев.

Өрт сөндірушінің айтуынша, әр шақыртудың өз қиындығы бар. Бірде газ баллоны тұтанса, енді бірде биікке көтерілуге тура келеді.

– Еңбек жолымды енді бастаған кезімде ауылдағы 1940 жылдары салынған клуб өртенді. Сол өртті сөндіруге барғанымызда жанып жатқан жертөлеге түсіп кеттім. Оттың ортасында қалған сәтте қорқыныш болды. Бірақ екі секундтың ішінде сыртқа атып шықтым. Үстімдегі киім су болғандықтан, күйік шалған жоқ. Қызмет барысында мұндай күтпеген жағдайлар жиі болады. Өрт сөндіруші болу кез келгеннің қолынан келе бермейді. Бұл мамандық иесінен төзімділік, шеберлік, сабырлылық, жанашырлық пен адалдықты талап етеді. Риддер қаласы мен Абай облысындағы орман өрттерін сөндіруге де қатыстым. Сондай бір алапат өрт кезінде үш күн бойы көз ілмей жұмыс істегеніміз есімде. Ақыры өртті ауыздықтадық, – дейді ол.

Айдар Булекпаев үшін әке ретінде ұлы Темірланның да осы саланы таңдауының орны бөлек. Бір жағынан, ұлының өз жолын жалғағанына қуанса, екінші жағынан уайымдайды.

– Баламның мен салған соқпақпен жүріп, өрт сөндіруші болғанына қатты қуандым, мақтан тұттым. Дегенмен уайымдайтыным да рас. Құдайға шүкір, қазір бәрі жақсы. Әркімнің өз жолы бар ғой. Басқа балаларым да осы саланы таңдаса, білгенімді үйретіп, ақылымды айтып, қолымнан келгенше көмектесер едім. Үйдегілер біз жұмысқа немесе іссапарға кеткенде алаңдап отырады. Ал дастархан басына жиналғанда, қызмет барысында болған оқиғаларды бөлісіп, әңгімелесеміз, – деді әке.


Көпірдегі келеңсіз жайт

Айдар Булекпаевтың ұлы Темірлан Құмарқановтың өрт сөндіруші қызметіне кіріскеніне бір жыл болды. Бүгінде ол Өскемен қаласындағы №4 өрт сөндіру бөлімінде еңбек етіп етіп жүр.

– Өзім Семей қаласында дүниеге келдім. С. Аманжолов атындағы Жоғары колледжде білім алдым. Кішкентай кезімнен әкемнің қызметін көріп өскендіктен, оның жолын жалғастырғым келді. Жұмыстан кейін әкемнің басынан өткен оқиғаларын қызыға тыңдайтынмын. Оның ешқашан шаршап-шалдығып, мойымайтыны маған әрдайым үлгі болды, – деді Темірлан Құмарқанов.

Жас маман алғашқы жұмыс күнін де ұмытқан жоқ. Өрт сөндірушілер арасында алғаш рет өртке шыққан қызметкерге қатысты дәстүр бар. Аязды күні үстіне су шашып, «жуындырған» сәті әлі күнге дейін есінде.

Ал қызмет барысында есте қалған оқиғалардың бірі – адам өмірін арашалап қалған сәті. Мамыр айында жұмысқа бара жатқан жолда Темірлан көпірден секірмек болған қызды байқап қалады. Жас жігіт абдырап қалмай, қыздың жанына барып, сабырмен тілдеседі. Он минутқа жуық әңгімелесудің нәтижесінде оны райынан қайтарып, аман алып қалады.

– Әкем үнемі ақыл-кеңесін айтып отырады. Бір салада қызмет еткендіктен, көп жағдайда ойымыз бір жерден шығады. Болашақта өз баламның да өрт сөндіруші болғанын қалар едім. Өйткені бұл – абыройлы қызмет, – деді жас өрт сөндіруші.

Кәсіби мереке қарсаңында Айдар Булекпаев әріптестеріне ақ тілегін жеткізді.

– Барлық әріптесімен зор денсаулық, отбасыларына амандық тілеймін. Ал жас мамандар өз ісінің нағыз шебері болып, мамандықтың қыр-сырын жетік меңгерсе деймін. Ең бастысы, әріптестеріміз кезекшіліктен үйлеріне дін аман оралсын, – деді өрт сөндіруші.


Қымбат МУХАМАДИЕВА

Фотосурет кейіпкерлердің жеке мұрағатынан

Біздің инстаграмға жазылыңыз

Жаңалықтарды басқаларға қарағанда тезірек көріңіз

Жазылу
0 0 0

Пікірлер

Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив