Қазақстан 2035 жылға дейін 26 гигаватт (ГВт) көлеміндегі жаңа қуат көздерін іске қосуды жоспарлап отыр. Бұл туралы Ташкентте өтіп жатқан «Uzbekistan Energy Forum» форумына қатысқан ҚР Энергетика вице-министрі Бақытжан Ілияс айтты, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі KAZINFORM сайтына сілтеме жасап.
- Қазақстан 2060 жылға қарай көміртегі бейтараптығына қол жеткізуді көздеп отыр. Бұл стратегияға сәйкес, 2035 жылға дейін көлемі 26 ГВт болатын жаңа қуат көздерін іске қосуды жоспарлап отырмыз. Оның 5,5 ГВт-ы қолданыстағы электр станцияларын жаңғырту есебінен жүзеге асады. Ал қалғаны таза энергиямен жұмыс істейтін жаңа генерацияның үлесіне тиесілі, - деді форумда сөз сөйлеген вице-министр.
Ол атап өткендей, 2035 жылға қарай ел жаңартылатын энергия көздерінің үлесін 25%-ға жеткізуге ниетті. Сондай-ақ, алдағы уақытта күн, жел және су станцияларынан қосымша 8 ГВт қуат алу жоспарланып отыр.
- Электр және жылу желілерін жетілдіру жұмысы да назардан тыс қалмайды. Елде 2029 жылға дейін энергетика секторын жаңғыртуға арналған ауқымды ұлттық жоба жүзеге асырылып жатыр. Оның шеңберінде жүздеген шақырым жаңа желі салынып, қолданыстағылары жөндеуден өтеді, - дейді Бақытжан Ілияс.
Вице-министрдің сөзінше, Қазақстан баламалы энергия көздерін дамытуға да ерекше көңіл бөліп келеді. Атап айтқанда, елде сутегі энергетикасын дамытудың ұзақ мерзімді тұжырымдамасы бекітілді.
- Біз бұл салаға аса жоғары жауапкершілікпен қараймыз. Осыған байланысты қазіргі таңда нормативтік-құқықтық базаны әзірлеу және «жасыл» сутегіні қолдануға болатын кәсіпорындарда пилоттық жобаларды іске асыру мүмкіндігі қаралып жатыр, - деп мәлім етті ол.
Мұнымен бірге бүгінде дата-орталықтарға деген сұраныс артып келеді. Бұл ретте инвесторлар олардың экологиялық таза жолмен өндірілген электр энергиясымен жұмыс істегенін қалайды. Осыған байланысты Қазақстан бұл ұсыныстар мен мүмкіндіктерді саралауға кіріскен.
- Біз көршілес мемлекеттермен тиімді ынтымақтастық орнатып жатырмыз, тиісінше Орталық Азия мен ТМД елдеріндегі әріптестерімізбен тәжірибе алмасуға әрдайым дайынбыз, - деп түйіндеді вице-министр Бақытжан Ілияс.
Еске салайық, Қазақстан Қырғызстанға 2025-2026 жылдары 1,56 млрд кВт/сағат электр энергиясын жеткізді.
Пікірлер