
Қонаевқа құт болған қала тұрғындары оның соғыс жылдары сіңірген еңбегін ұмытпайды
Екіншідүниежүзілік соғыс тақырыбын сөз еткенде фильмдер мен түрлі бағдарламада бірден немістердің КСРО жерін бомбалағанын көрсетеді. Қара теңізден Балтық теңізіне дейінгі аралықта батыс шекара ойрандалып, Каунас, Виндава, Брест, Гродно, Житомир секілді қалалар әп-сәтте қирады. Тұтас республика, сонымен қатар Риддер қаласы шұғыл түрде соғыс жағдайына бейімделуге көшті. Аса көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері, көзі тірісінде халқының сүйікті перзентіне айналған Дінмұхамед Қонаев бұл уақытта кеншілер шаһарында жұмыс істеп жатқан. Дөңгеленген дүние дүр сілкінгенде кеніштегі тірлік ырғағы өзгеріп сала берді.
Кеніш жұмысындағы кемшін тұс
Қан майдан жалыны жер-жерді шарпығанда Риддер кен орнындағы табанды еңбек, ондағы жоспардың орындалуы қоғам қайраткері тұсында жүзеге асты. Көп деректе көзге шалынғаны сол, Дінмұхамед Қонаев үшін бірнеше жыл болғанымен, осы қалаға тұрақтау ғұмырының жемісті де, жеңісті кезеңі. Өмірлік жары Зухра Шәріпқызымен танысқан соң арада бір жыл өткенде Шығыс Қазақстанға қоныс аударып, комбинат тіршілігі тұралап жатқанда тығырықтан жол табуы – көп жылғы тәжірибенің айқын көрінісі еді. 27 жаста. Күші қабындап, өзіне деген сенім кенересінен асып тұрған шақ. Ол уақытта қазақстандық студенттердің көбі Риддер, Зырян (қазіргі Алтай қаласы), Шымкент, Текелі, Жезқазғандағы алтын өндіретін кәсіпорындар туралы хабардар. Дінмұхамед Ахметұлы 1936 жылы Мәскеу Түсті металл және алтын институтын тәмәмдаған соң 1937-39 жылдары Балқаш мыс қорыту комбинатындағы Қоңырат кен орнына жұмысқа орналасты. Онда бұрғылау станогінің машинисі, цех бастығы, кеніштің бас инженері, сосын директор болып тағайындалады. Тарихи тұлғаның естеліктері жинақталған «О моем времени» деген кітап бар. Қолға тигені сол болды. Әйтпесе, ақпараттың біршамасы «Өтті дәурен осылай» еңбегі негізінде ұсынылады. Балқаш өлкесіндегі барлау мен жарылыс жұмыстары, ол жақтағы Қонаевтың еңбек жолы туралы молынан әңгімелеуге болады. Дегенмен негізгі тақырыптан алшақтамай, Қоңырат кенішінен өндірісі өрлеп тұрған Алтай өлкесіне келген Дінмұхамед Ахметұлы туралы жан-жақты жазуды жөн көрдік.
Көп деректе жазылғандай, ол 1939-шы жылдың қыркүйегінде Балқаштан Алматыға жол тартты. Қазақстан Компартиясының қарамағына оралған бойда, басшылық тараппен іскерлік әңгіме бірден басталды. Жалпы Риддердегі кеніш жағдайы республика, одан асып одақ көлемінде бас қатырар мәселеге айналғаны шындық еді. Осыған байланысты Қазақ КСР-ды басқарып тұрған Николай Скворцов Дінмұхамед Ахметұлына қысы қатты өңірге баруға қолқа салды. Риддер полиметалл комбинаты кеніштерінде жоспардың орындалмай жатқанына біраз болды. Ал ендігі өзгеріс өндірісті өлкеде өз жемісін беріп, серпіліс әкелуі керек. Осы уақытта Өскеменде «Алтайполиметалл» комбинаты ұйымдастырылды. Түсті металлургия кәсіпорындары тегіс соған қарайды. Ал Риддер комбинаты таратылып, орнына Риддер кен басқару және зауыт басқару жұмысын бастады. Алғашқы ұсыныс белгілі. Димаш Ахметұлы басшылық қызметтен бас тартпады. Өзі үшін жаңалық болған тағы бір жайт, енді орталығын Өскемен деп бекітіп, Шығыс Қазақстан және Семей облысын құру туралы шешім шықты. Бұл туралы қазан айының 20-сы күні ресми хабарланбақ.
Кейінірек анықталғандай, Риддер комбинатын қайта құру кешеуілдеп жатыр. Соған орай, Скворцов Дінмұхамед Қонаевқа Өскемендегі «Алтайполиметалл» комбинатына барып, бас инженердің орынбасары ретінде жұмысқа кірісуді ұсынды. Осымен шешілді барлығы. Сол күні кешкісін ұнатқан қызы Зухра Ялымовамен жолығып, Риддерге бірге баратын болып келісті. Өмірлік жары етуге ұсыныс білдірген де осы кез. Қазақ тау-кен металлургия институтының оқытушылары мен институттағы жолдастарының басын қосып, әпкесі Әмина Ахметқызының пәтерінде той ырымын жасады. Өскеменнен бөлек, небір ірі мұрағаттың тереңіне үңілген ардагер журналист Айтмұхамбет Қасымовтың «Кенді Алтайдағы екі жарым жыл» атты мақаласында тың ақпараттар бар. Сонда қазан айындағы қарбалас та қамтылған.
– Семейден бөлінген Шығыс Қазақстан сияқты жаңа облысты ұйымдастырғалы бара жатқан көптеген азаматтармен бірге, осы сапардың алдында ғана үйленген Дінмұхамед Қонаев өзінің жары Зухра Шәріпқызын жетектеп, 1939-шы жылғы 23-ші қазанда «Риддер қайдасың?» деп Алматыдан аттанады. Жас жұбайлар бір айдай қонақ үйде тұрып, содан соң Береговой деген көшедегі барактан екі бөлмелі пәтер алады, – делінген.
Қонаев Әуезовпен қалай жолықты?
Бірақ алдымен Өскеменге орнықты. Ал Кенді Алтай демекші, оның қойнауындағы түсті металлургия – қорғасын, мырыш, мыс, алтын, күміс сияқты бағалы бес металлдың негізгі қорын сақтады. Кеңестік елдер ішінде ҚазКСР қорғасынның жалпы көлемінің 86 пайызын шығарса, соның 40 пайызы Риддерге тиесілі. Оған қоса, кеніштерден шығатын металл мөлшері күн санап артуы тиіс-тін.
Тұлғалар тағдыры, олардың замандастарымен қарым-қатынасы кейінгі ұрпаққа қашан да қызық. Осыдан екі жыл бұрын отандық бағдарламалардың бірінде Дінмұхамед Қонаев пен жазушы Мұхтар Әуезовтің дәл осы Риддерде жолыққандығын естіген едік. Ол сұрапыл соғыс басталмай тұрған уақыт. Облыстағы мұрағаттар мен газет тігінділерінде көп дерек табылмады. Қуанышқа орай, естеліктер арасынан әжептәуір мәтін ұшырасты. Дінмұхамед Қонаевтің сөзінше, сол уақытта қаламгермен қатты таныстығы жоқ, бірақ белгілі жазушы, драматург ретінде сырттай таниды. Әсіресе, оқушы күнінде Әуезовтің «Қарагөз» пьесасын көріп, шығармаларына ықыласы ауған.
– Сол күні адамдарды жеке сұрақтары бойынша қабылдап жатқам. Аздан соң «сізге Әуезов деген кісі келіп тұр» дегенді жеткізді. Кабинетке шақырайын деп дәлізге шықтым. Ол кісі көпшілік арасында, аяғына етік, үстіне қарапайым жұмыс киімін киіп отыр екен. Екеуіміз бірнеше сағат сөйлестік. Келгендегі мақсаты сол, жұмысшылар өмірбаяны мен кеніштегі мәселемен танысу. Соңғы жылдары Мұхтар Омарханұлымен жиі жолықтым. Бірақ жүздескен сайын сол әңгімемізден кейін Риддер туралы не жазғаны туралы сұрауды ұмыта бердім, – дейді естелігінде.
Архивтердегі көп ақпарат ашық дереккөз ретінде жария етілмейді. Бірақ музей арқылы әлдебір мәліметтерді түртіп алуға болады. Мәселен, үш жыл бұрын Ресей тарихи-әскери қоғамы музейінің сайтында Бас артиллериялық басқармаға қарасты жерүсті артиллерия қаруландыру басқармасының баяндамасы шықты. Бірден қызықтырды. Оқ-дәрілер шығарған зауыттардың атын атамаса да, жоспарлы тапсырмаға сәйкес сандар жазылған. Нақтысында, 4 миллиметрлі оққа қарсы снарядтың 160 мың корпус қуаттылығына ие №259 зауыт тамыз-қыркүйек айларына 2 млн 40 мың өнім шығару туралы тапсырма алды. №179 комбинат миллион қуаттылыққа ие өндіріс ретінде көрсетілген. Тура сол тамыз-қыркүйек айларына деп Харьков трактор зауытына 122 миллиметрлі оққа қарсы снарядтың 25 мың корпусы бекітілді.
Сайып келгенде, тылдағы жұмыста кідіріс жоқ. Алда мыңдаған тонна темір шығару межесі тұр. Ал Шығыс Қазақстанда қорғасыннан әзірленген оқ Риддер металлургиялық өндірісінде балқытылды. Металлургиялық пештер тәулік бойы жұмыс істеп, жұмысшылар кен шикізатын тоқтаусыз шығаруға міндеттелген. Бірақ алдымен зауыттағы жағдайды реттеу керек қой? Осы үшін Дінмұхамед Қонаевтың естеліктеріне үңілейік. Ол қайта құру аяқталғанша Өскемендегі «Алтайполиметалл» комбинатында еңбектенді. Бірақ аппарат жұмысы онша қызықтырмай, сол үшін обкомның бірінші хатшысы Рванцевке жүгініп, Риддердегі өндіріс ортасына баруға сұранды.
Темір балқытудағы тиімді тәсіл
Өтініші қанағаттандырылып, Алматыдан келген жас отбасы 1939-шы жылдың қарашасында Риддерде жаңа өмір желкенін көтерді. Ал Дінмұхамед Ахметұлы өзі қалап келген кеніште 9-шы қараша күні қауырт тірлікке кірісті.
– Зухра Шәріпқызымен Риддерге келгенде пәтеріміз де, оған қажет мүлкіміз де болмады. Алдымен «Алтай» қонақүйінде екі бөлмелі нөмір тауып берді. Желтоқсан айында пәтерге көштік. Көршіміз – горком хатшысы мен тау-кен техникалық инспекциясының бастығы. Кәсіпорынның шығармашылық басқармасы алғашында төсек, үстел және бірнеше орындық ұсынды. Зухра Шәріпқызы үй алдындағы шағын аулада көктемде бақша өсіретін. Қолға тиген алғашқы көтерме ақшаға сиыр, бақша мен асүйге қажет жабдықтар сатып алдық. Кейін сүт пен май, көкөніс атаулыға қол жетті, – дейді қоғам қайраткері естілігінде.
Шоқан Уәлиханов атындағы тарих және этнология институты сайтында кеншілер шаһарындағы халық саны жазылған. Бірақ 1925-ші жылдан басталып, 1932-ші жылмен шектеліп тұр. Соңғысына сенсек, ол уақытта 27 мың 404 адам тұрып жатты. Арада 6-7 жыл өтіп, жұмыс өрлеп, қара саны молайды дегеннің өзінде 35 мыңға жетуі мүмкін. Өндіріске ұмтылғандар саны көп болғанымен, кеніштегі көрсеткіш әбден тұралаған. Мұнымен қатарласып, 1940-шы жылдары батыста майдан қызып, одақ шекарасына неміс полктері шоғырланды. Мемлекет ашық түрде әскери рельске көшті. «О моем времени» кітабында Риддер кен орнында қаңтардың 1-інен бастап ер-азаматтардың жоспар орындауға кіріскендері жазылды.
Тіпті еңбек өндірісін арттыру бойынша социалистік жарыс басталып, инженерлер, шахтерлер, бұрғышыларға шейін кестеден қалыспауға қамданды. Қан майданда қалыптасқан беймаза шақта кенжелеп қалған жұмысқа жан бітірген Қонаевтың еңбегін онымен жолығып, көшбасшылық қабілетіне қанық болған Зинаида Степанова айтып берді. Биыл қыста 80-ге толған қарт тұлға туралы ой қозғаған сайын көңілі босап, қимастық күйін кешетінін жеткізді.
– Ең әуелі ол облыстағы үш кен орнын жақсы білді. Себебі, оның алдында келіп іс-тәжірибеден өткен болатын. Сәл кейінірек кеніш саны төртеуге жетті. Соғыс басталған шақта Қонаев осында жұмыс істеді. Металлургия, энергетика және тау-кен ісі қаламызда ерте екпін алған. Өз естелігінде жауды жайратуға бағытталған әр екінші оқты Риддердегі жұмысшы азаматтардың балқытқанын атап өтеді. 1941-ші жылдың 7-ші ақпанында Риддер атауы Лениногорск болып өзгертілді. Бірақ майданда айқас жүріп жатты, – деді тұрғын.
Дінмұхамед Қонаев қолда бар резевпен забойлардағы қарбаласты бір мезетте жұмыс істеу жүктемесінен босатты. Оң өзгеріс бір жылда байқалды. Архив құжаттарына сүйенген Айтмұхамбет Қасымовтың мәліметінше, жоспар орындалмай жатқанда жас та жігерлі басшы бір жыл ішінде алдыңғы қатарға шығарып, кеніш облыстық партия комитеті мен облыстық атқару комитетінің грамотасымен және 15 мың сом сыйлықпен марапатталды. Одан бөлек, облыстың Ауыспалы Қызыл туын жеңіп алады.
Мақала басында жазғанымыздай, Димаш Ахметұлы Қоңыратта тер төгіп жүргенінде бұрғылау цехының бастығы да болды. Қыр-сырын біледі. Ал 1940-шы жылдың қаңтарында Риддер кен орнындағы жұмысшылар арасында бұрғышылар ерекше көзге түсті. Естелікте Біләл Ықыласов, Асқаров Насыровтың есімі аталады. Алматыдан келген басшы Ильич Криворожский атындағы бассейн шахтасының үздігі саналған Алексей Семиволос пен оның Оралдағы ізбасары Янкин тәжірибесін қолдануға тәуекел етеді. Не де болса жылдам бұрғылауға кірісу керек. Ол көп ұзамай жемісін берді. Семиволос пен Янкин әдісіне басқандар қатарында Балпан Тайжанов, Василий Ноздрачев, Ахметқали Ахметжанов, ағайынды Петр, Георгий Нефедов және басқасы бар. Қонаев қолға алған жоспар үнемі толық орындалды. Тылдағы тынымсыз тірлік бірте-бірте жоспарды асыра орындауға әкелді. Мәселен Василий Ноздрачев бір ауысымда екі телескопты перфоратордың көмегімен 55 шаршы метр болатын барлық секцияны бұрғылап, межені 1000 пайызға орындап, онысын 18-ші партия конференциясына арнады. Оған дейін Тайжанов пен Сарманов тұрақты түрде жоспарды 250-280 пайызға орындап жүрді.
Бұрғыға байланған бұрымдылар
мен Риддерде орнаған рекорд
Арада бір ай өткенде Риддер полиметалл комбинатындағы қайта құру аяқталып, Қонаев 1940-шы жылғы 4-ші ақпанда, Риддер кенішінің директорлығына бекітіліп, жұмысына кіріседі. Арада бірнеше ай өткенде кен басқару ісінде басшылар өзгерді. Дінмұхамед Ахметұлы кен басқарудың бас инженері Дмитрий Вербицкиймен жұмыс кестесін барынша қолайлы ету, кен өндіру көлемін ұлғайту, сапалы концентратқа ие болу жағына мән берді. 1941-ші жылдың 22-ші маусымы – аптаның жексенбісі. Қарт шахтерлер әңгімесінен естуші едік, бұл күні әдетте жөндеу жүргізіледі. Дінмұхамед Ахметұлы да естелігінде осыны атап өтеді.
– Сол күні Сокольный кенішіне барып қайттым. Үйге келсем, баспалдақта әлденеге алаңдаулы тұрған әйелім радио арқылы Молотов сөйлеп, Германиямен соғыс басталғанын айтты. Бір-біріне хабар бермесе де, арада 20-30 минут өткенде партиялық, кеңестік және шаруашылық орган басшылары бас қосып, не істеу керектігін талқылады. Митинг өтіп, кеншілер мен металлургтер «Жеңіс үшін өндірісте бар күшімізді сарп етеміз!» деп ұрандады, – дейді Қонаев естелігінде.
Риддер тарихи-өлкетану музейі қызметкері Светлана Никифорованың мақаласында соғысқа дейін ел көлемінде металл сүрмесін (химиялық элемент) өндіру қолға алынбағанын жазады. Мұндай дефицит материал бұған дейін Чехословакия, Белгия, Қытайдан сатып алынып келді.
– Екінші дүниежүзілік соғыс сауда байланыстарын талқандады. Металл сүрмесі қару-жарақ пен оқ-дәрі әзірлеуде қатты керек еді. Осы металлды алу әдісі майдан басталмай тұрып қиын жұмыс саналған. Қорғасын зауытының бас инженері Қайым Сымақов бір топ өнер тапқыштың басын қосып, осыған кірісіп кетті. Олардың зертханаларда өткізген ұйқысыз түндері ақыр соңында жемісін беріп, сүрменің алғашқы келісіне қол жетті. Пайда болған өнім сыртына «СЛ» (Сурьма Лениногорская) деп жазылды. Осыдан бастап Лениногорск металлы жауға қарсы қолданған кез келген қарудың құрамында болды, – деді музей қызметкері.
Жалпы, майдан шоғы лап еткенде Риддер кенішінен 3652 жұмысшы, оның ішінде, 275 бұрғышы қайласын қаруға алмастырды. Көкейде кек қайнаған басшылар мен инженерлер соғысқа сұранғанда «сіздер осы жерге керексіздер» деп алып қалғандары тағы бар. Бір адамның екі-үш жұмысшының міндетін арқалағаны осы шақта басталды. Дінмұхамед Ахметұлы шайқас даласына тылдағылардан ұшан-теңіз қолдау қажет екенін өзге басшылармен бірге жіті түсінді. Бойда қуат, санада сергектік сарқыла бастағанда күтпеген жерден әйелдердің көмекке келгендері жұмысшыларды рухтандырғаны рас. Кеніш басшысы естелігінде оларға ағынан жарыла алғысын жеткізген.
– Олар қолұшын созбағанда, жағдайдың қалай құбылатынын кім біледі? Соғыс жылдары әйелдер болат қайнатты, ал Лениногорскіде кен қазды. Тозақ тірлігі дерсің. Кей ер-азамат еңсере алмаған жұмысты нәзік жандылар табандылықпен орындады. Үйге жеткен бойда бала тәрбиесін де қаперде ұстаған. Шамамен алғанда сол уақытта кеніштерде 3700 әйел жұмыс істесе, 1941-ші жылдың соңына таман 110 нәзік жанды бұрғылаумен айналысты. Әйелдер байыту фабрикаларында негізгі жұмыс күшіне айналып, соңында токарь, слесарь мамандықтарын меңгерді, – делінген кітапта.
Кен басқармасында темірдей тәртіп орнады. Жұмыста әбден ысылған стахановшы Георгий Хайдин бір ауысымда норманы 3322 пайызға орындап, бір айдың межесіне жетті. Оның шәкірті В.Дементюк 1942-ші жылдың 25-ші наурызында сегіз сағат ішінде 1395 тонна кен қазып, тапсырманы 5470 пайызға орындаған. Бұл дегеніміз – бүкілкеңестік рекорд! Осы үшін Дементюк Ленин орденімен марапатталды. Негізі тылдағы жеңісті сәттерден бөлек, күрмеуі түйіншек болып байланған қиындықтар аз емес еді. Бірақ Дінмұхамед Ахметұлы бастаған білікті жұмысшылар майдан өрті қиралаңдатқан қисық арбаны бірлесе тартты. Мұны риддерліктер әлі ұмытпайды. Әсіресе, қарттарын көшеде тоқтатып, Қонаев туралы сұрасаң сіңірген еңбегін қаз-қалпы айтып беруге бар. Ендеше олардың естелігі мен басқа деректерді газеттің алдағы нөмірлерінде ұсынуға еш кедергі жоқ. Ал бұл мақала майданда мерт болған ерлер мен Қазақстан Компартиясының Орталық Комитетінің бірінші хатшысы Дінмұхамед Ахметұлының рухына бағышталады.
Мақала дайындауда ақпараттар ұсынған Риддер тарихи-өлкетану музейі ұжымына, Айтмұхамбет Қасымов және Зинаида Степановаға алғыс білдіреміз!
Әділхан ЕСІМХАНОВ
Фотосурет Kunaev.kz сайтынан
Соңғы жаңалықтарды ресми Instagram арнамыздан оқыңыз!
ТіркелуПайдалы

Руханият

Жұлдыз жорамал

Пікірлер