A+ A A-

talgatzhan 36 Бүгін, 12:00 0

Қазақстандықтардың жартысынан көбі мемлекеттік мерекелерді рәміздермен байланыстырады

Бүгін / Республика

Қазақстандықтардың басым бөлігі мемлекеттік мерекелерді елдің басты мемлекеттік рәміздерімен байланыстырады. Мұндай қорытынды Қазақстандық қоғамдық даму институты жүргізген әлеуметтік зерттеу нәтижесінде белгілі болды, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі KAZINFORM сайтына сілтеме жасап.

«Мемлекеттік мерекелер символдық саясаттың құралы ретінде» тақырыбындағы зерттеуге еліміздің әр өңірінен 3 мың адам қатысқан.

Зерттеу нәтижесі бойынша респонденттердің 51,2%-ы мемлекеттік мерекелерді ең алдымен Мемлекеттік Ту мен Елтаңбамен байланыстырса, 44,1%-ы Мемлекеттік Әнұранды атаған.

– Мемлекеттік рәміздердің рейтингте үлкен басымдықпен көш бастауы қазақстандықтардың мемлекеттік мерекелерді жай демалыс күні ретінде емес, егемендік пен ұлттық бірліктің белгісі ретінде қабылдайтынын көрсетеді, – делінген зерттеу қорытындысында.

Сауалнама барысында ұлттық құндылықтарға қатысты көзқарастар да анықталған. Азаматтардың 38,1%-ы мемлекеттік мерекелерді ұлттық киіммен байланыстырса, 22%-ы тарихи тұлғаларды атаған.

Зерттеу авторларының пікірінше, бұл қоғамның мерекелерді мәдени кодты сақтаудың, тарихи жады мен ұрпақтар сабақтастығын нығайтудың маңызды құралы ретінде қабылдайтынын аңғартады.

Мерекелердің сыртқы атрибуттары ретінде қатысушылардың 24,3%-ы бұқаралық серуендер мен концерттерді, 23,8%-ы ұлттық тағамдарды, ал 17,1%-ы отшашуларды атаған.

– Қоғам форма мен мазмұнды нақты ажырата біледі. Концерттер мен мерекелік іс-шаралар маңызды болғанымен, олар мемлекеттік рәміздер мен патриоттық құндылықтардан кейінгі орында тұр, – деп атап өтті зерттеу авторлары.

Ал рейтингтің соңғы орындарында сыйлықтар мен құттықтаулар (7,7%), сондай-ақ әлеуметтік желілердегі ресми мерекелік безендірулер (4,1%) орналасқан.

Зерттеу қорытындысына сәйкес, мемлекеттік мерекелер қазақстандық қоғамды біріктіретін және патриотизмді нығайтатын маңызды құрал ретінде өз рөлін сақтап отыр.

Біздің инстаграмға жазылыңыз

Жаңалықтарды басқаларға қарағанда тезірек көріңіз

Жазылу
0 0 0

Пікірлер

Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив