Облыс орталығында 4 маусым – Мемлекеттік рәміздер күніне арналған салтанатты іс-шара өтті. Мерекелік жиынға облыс әкмі Нұрымбет Сақтағанов, қала басшысы Алмат Ақышов, қоғам қайраткерлері, мемлекеттік қызметшілер, ардагерлер, жастар мен қала тұрғындары қатысты, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Салтанатты шара барысында Нұрымбет Сақтағанов азаматтарды мерекемен құттықтап, мемлекеттік рәміздердің ел өміріндегі маңызына тоқталды.
– Бүгін біз еліміздің тәуелсіздігі мен мемлекеттілігін айқындайтын ерекше мереке – Мемлекеттік рәміздер күнін атап өтудеміз. Мемлекеттік Ту, Елтаңба және Әнұран – халқымыздың сан ғасырлық тарихын, асқақ рухы мен жарқын болашаққа деген сенімін білдіретін қасиетті құндылықтар. Олар әрбір қазақстандықтың жүрегінде Отанға деген мақтаныш сезімін оятып, ел игілігі жолында адал қызмет етуге үндейді, – деді өңір басшысы.
Сондай-ақ облыс әкімі мемлекеттік рәміздердің тәуелсіз Қазақстанның басты нышандары екенін атап өтті.
– Қазақ елінің көгінде ұлы даламыздың айбынын асырған Тәуелсіздік туы желбіреп тұр. Көк байрағымыз – мызғымас мемлекеттіліктің, тәуелсіздік пен еркіндіктің белгісі. Елтаңба – халқымыздың бай тарихы мен жарқын болашағын тоғыстырған елдіктің көрінісі. Ал Әнұран – ұлттық рух пен патриотизмнің асқақ үні. Тәуелсіздіктің осы үш символы халқымызға ерекше күш-қуат пен рух береді. Мемлекеттік рәміздер – ұлттық руханиятымыздың тұғыры, елдік еңсемізді көтеретін асыл мұрамыз, – деді Нұрымбет Сақтағанов.
Мерекелік іс-шара аясында өңір дамуына елеулі үлес қосқан бірқатар азамат марапатталды. Атап айтқанда, білім саласының мамандары мен ұстаздарға «Ерен еңбегі үшін» медалі табысталды. Марапат иелерінің бірі – Өскемендегі Шәкәрім Құдайбердіұлы атындағы №1 мектептің география пәнінің мұғалімі Гүлбаран Ибраева.
– Еңбек жолымды өскелең ұрпақты тәрбиелеуге, білім беруге арнадым. Жұмысымның бағаланып, «Ерен еңбегі үшін» медалімен марапатталғаным – мен үшін үлкен мәртебе. Барша қазақстандықты Мемлекеттік рәміздер күнімен құттықтаймын, – деді ұстаз.
Жиын соңында мерекелік концерт ұйымдастырылып, қатысушылар мемлекеттік рәміздердің ел бірлігі мен тәуелсіздігін нығайтудағы маңызын тағы бір мәрте атап өтті.
Пікірлер