A+ A A-

talgatzhan 31 Бүгін, 14:30 0

Адам папиллома вирусы: ШҚО-да қанша қыз вакцина курсынан өтті?

Бүгін / ШҚО

ШҚО Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Сәуле Слямғазина Өскемендегі брифинг кезінде осы және аталған вирустың қаупі туралы толық айтып берді, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.

Мәлім болғандай, бұған дейін өңірде адам папиллома вирусына (ары қарай АПВ) қарсы иммундау науқаны аясында 11-13 жастағы қыздарға 8 мың вакцина егілген. Оның ішінде 4784 қыз бала вакцинацияның толық курсынан өткен.
Сәуле Слямғазинаның айтуынша, тұрғындар тарапынан вакцина алушылар санатын кеңейту туралы өтініштер жиі түскен.
– Профилактикалық шараларды күшейту мақсатында Қазақстанның Бас мемлекеттік санитариялық дәрігерінің қаулысы қабылданды. Соған сәйкес, АПВ-ға қарсы вакцинация 14 жастан 17 жас 11 ай 29 күнге дейінгі қыздарға жүргізіледі. Вакцинация қыздың өзінің немесе ата-анасының, заңды өкілінің ақпараттандырылған келісімімен білім беру ұйымдарының медициналық кабинеттерінде және тіркелген жері бойынша емханаларда жүргізіледі, – деді ол.
Екпе алу төрт валентті «Гардасил» вакцинасымен арнайы схема бойынша жүзеге асырылады. Бірінші доза кез келген күні салынады. Екінші доза екі айдан кейін, ал үшінші доза алғашқы егуден алты ай өткен соң енгізіледі. Дәрігерлер барлық үш дозаны бір жыл ішінде қабылдап үлгеруге кеңес береді.
Мамандар сөзінше, вакцина неғұрлым ерте салынса, тиімділігі соғұрлым жоғары болады. Себебі бұл ағзада күшті иммундық жауап қалыптастыруға мүмкіндік береді.
– АПВ-ға қарсы вакциналар қауіпсіз әрі жақсы қабылданады. Қолданылған уақыт ішінде денсаулыққа зиян келе қоймады, – деді департамент өкілі.
Аталған департамент өкілдері жатыр мойны обырының алдын алудың ең тиімді жолы – вакцинация екенін жеткізді. Қазір АПВ-ға қарсы вакцина әлемнің 135-тен астам елінің ұлттық иммундау күнтізбесіне енгізілген.
Ал Қазақстанда 2013-2015 жылдары 17 мыңнан астам қыз балаға осы вакцина салынған.

Самғар Мұқашұлы
Фотосурет автордікі

Біздің инстаграмға жазылыңыз

Жаңалықтарды басқаларға қарағанда тезірек көріңіз

Жазылу
0 0 0

Пікірлер

Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив