Өмірге келген адам «мен мұндалап»,
Ғұмырын өткізеді алға қарап.
Тіршілікте адамды алға сүйрер,
Сатыларды көрелік талдап, санап.
Бірінші саты – сәби, балалық шақ,
Ойнайтұғын алаңсыз тек асыр сап.
Күлсең де, жыласаң да тұратұғын,
Алдыңда ата-анаң жайып құшақ.
Екінші саты – жастық, бозбалалық.
Айна алдына жүз барып, жүз таранып,
Қолың сәл босай қалса, барлық ойың –
Көзге түсу – қырындап, қызға барып.
Үшінші – жалындаған жастық шағың,
Күтетін алда жарқын болашағың,
Есейіп келіп әскер қатарынан,
Түтетер жанұялық өз ошағын.
Төртінші – ересек боп қалыптасып,
Жүрген кез ғой еңбекке араласып,
Қоғамнан орын тауып, ал артыңда
Келе жатқан ұрпағың жағаласып.
Бесінші – ұзақ жылдар еңбек етіп,
Бақытты зейнеткерлік жасқа жетіп,
Балаларды қондырып тұғырына
Жүрер шақ - немерені еркелетіп.
Алтыншы – қаусап қалар кезең қарттық,
Шама келмей істеуге ештеңе артық,
Бата беріп отырар жас ұрпаққа,
Солардың табысынан көріп шаттық.
Талғат Қашқынбаев,
«Өмір жайлы ойлар», «Тұнық бастаулар», «Қазақ күресінің саңлағы» кітаптарының авторы
Пікірлер