
Наурыз мейрамын тойлау кейінгі онжылдықтарда қалай өзгерді?
Жуанның жіңішкеріп, жіңішкенің үзілер шағында мұқым ел көнеден атап өтетін Наурыз мейрамының қандай дәстүрлері сақталып, қайсысы жаңарып, түрленгені жайлы газет тілшісі зерделеп көрді. Әралуан ұлт өкілі шоғырланған Риддерде 90-шы жылдары жергілікті жұрттың наурыз көжені алғаш татқаны көпшілігіне беймәлім болар. Осы туралы және елдегі әз-Наурыздың тойлануы туралы елордалық сарапшылардан да суыртпақтап сыр тарттық, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Наурыздың қайта оралуы
Қазақ халқы үшін Наурыз – көктемгі жаңаруды, береке мен жаңа өмірдің бастауын білдіретін ерекше мейрам. Десе де бүгінгі мейрам бұрынғымен салыстырғанда талай өзгерісті бастан өткерген.
Ш.Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының профессоры, тарих ғылымдарының кандидаты Ақсұңқар Абдулинаның айтуынша, Қазақстанда Наурызды қайта жаңғырту процесі 1980-жылдардың соңында басталып, бірқатар маңызды тарихи шешімдермен байланысты болды.
– Наурыз мерекесінің қайта жандануына белгілі мемлекет қайраткері, Қазақ КСР-інің мәдениет министрі Өзбекәлі Жәнібеков сүбелі үлес қосты. Ол 1988 жылы 22 наурызда Наурыз мейрамын атап өту бастамасын көтерді. Ал дәстүрлі мейрамға ресми мәртебе Қазақ КСР Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың жарлығымен берілді. 2001 жылы Наурыз мемлекеттік мейрам болып жарияланды, ал 2009 жылдан 21, 22 және 23 наурыз күндері қатарынан үш күн атап өтіле бастады, – дейді тарихшы Ақсұңқар Абдулина.
Профессордың айтуынша, Қазан төңкерісіне дейін Наурыз ресми мәртебеге ие болмағанымен, халық үшін қасиетті әрі маңызды мереке болған. Ол табиғаттың жаңаруымен және ата-баба дәстүрімен тығыз байланысты күнтізбелік мейрам саналған.
– Бұрын Наурызды ауыл тұрғындары төрт көзі түгел жиналып, бірлесе тойлайтын. Ал қазіргі кезде мерекелік шаралар көбіне қалаларда өтіп, көпшілік қатысатын ауқымды іс-шараларға айналды, – дейді ол.
Сарапшының айтуынша, қазіргі Наурыз этнофестивальдер, тарихи реконструкциялар мен театрландырылған қойылымдар сияқты жаңа элементтермен толыққан. Ал бұрын мұндай формат болмаған.
Десе де мейрамның негізгі мазмұны өзгерген жоқ. Көктемгі жаңару идеясы, қазыналы қарттардың батасы, той-думан, дастарқан жайып, қонақ күту дәстүрі сақталған. Бәйге, көкпар, күрес, айтыс сияқты ұлттық ойындар да әлі күнге дейін өткізіледі. Наурызкөже әзірлеу мен ортақ дастарқан басына жиналу дәстүрі де жалғасып келеді.
Кенді қала жұрты көже ішкен кез
Тәуелсіздік жылдары мейрамды атап өтудегі өзгерістердің бірі – оның ұзақтығы болды. 2024 жылға дейін Наурыз көбіне 1-2 күн ғана тойланатын. Ал қазір еліміздің әр өңіріндегі дәстүрлерді қамтитын Наурызнама онкүндігі қайта жаңғыртылды.
Кеншілер қаласы аталатын Риддерде Тәуелсіздік енді ала бастаған жылдары қазақ тағамдары көпшілікке танылмай, жасы да, қарты да ет асу, бешбармақ әзірлеу дегенді білмеген көрінеді. Наурыз көже деген тіптен таңсық саналатын. Катонқарағайдың тумасы, 70-тің жуын ортасын араласа да, қоғамдық шаралардың бел ортасында жүретін Алима Эсенова осы туралы асықпай айтып берген еді бір сұхбатында. Алима Қабашқызының сөзінше, 1990-шы жылдардың аяғында қызметі Риддермен қабысқан Шәкәрім Бұқтұғұтов көп жағдайда мемлекеттік тілдің құлаш сермеуіне мұрындық болды. Мемлекет меншігіндегі радионы жекеменшікке ауыстыруға да үлесін қосқан. Соған орай кейіпкеріміз «Мақсат» радиосының қазақ және орыс редакциясына директор болып тағайындалды. Бас редакторы да – Алима Эсенова. Кейінірек Риддерде «Достық үйі» ашылды. Әр ұлты өкілі осында топталды. Ал наурыз көже ішіп, бауырсақ жегенде көбі таң қалған екен. Былтыр қаңтарда 75 жас мерейтойын атап өткен Алима Қабашқызы мына бір естелігін мысал етті.
– Барлық мерекені осы «Достық үйінде» атап өтетінбіз кезінде. Сол Наурыз көжені, бауырсақты қалаға таныстырған біздің «Қазақ тілі қоғамы» еді. Наурыз мейрамын тойлатып, үйге қайтып келе жатсақ, екі орыс әйелі сөйлесіп келе жатты. Сөйтсе, «дастарханда шабдалыға ұқсас, бірақ ұннан жасалған тағам түрін жедік» деп бауырсақты сипаттап айтып келеді екен. Жалпы, Риддер халқы 90-шы жылдардың басында Наурыз көжені алғаш рет ішті. Ұлттық әндерді айтып, домбыра тартып жүрген қазақтар да атсалысты бұған, – деді Алима Эсенова.
Өскеменнен 110 шақырым жерде орын тепкен шаһарды Наурыз мейрамы осылай тойланып басталған екен.
Ресми ақпараттарға сенсек, қазан төңкерісіне дейін Наурыз Қазақстанның барлық өңірінде атап өтілетін. Мейрам дайындық пен тазалықтан басталған. Адамдар үйлері мен аулаларын тазалап, дастарқанды түрлі тағаммен әрлеп, туыстарын аралап, бір-біріне дәм ұсынған.
Сондай-ақ тазарту рәсімдері өткізілген – от жағылып, мал мен үй-жайға су себілген. Бозара таң атқанда ауыл тұрғындары күнге тағзым ету үшін далаға шығып, бұлақ көздерін тазалап, ағаш отырғызған. Негізгі мерекелік шаралар 22 наурызда өткен.
Бұл күні дастарқанға қазы-қарта, бауырсақ, тәттілер қойылып, міндетті түрде жеті түрлі дәмнен әзірленетін Наурызкөже дайындалған. Жеті саны қазақ дәстүрінде ерекше мәнге ие. Адамдар жеті үйге кіріп, жеті қонақ шақыруға тырысқан. Бір-бірін «Наурыз құтты болсын!» және «Көктем туды!» деп құттықтаған. Мереке айтыс, ән мен ұлттық ойындармен жалғасқан. Бәйге, көкпар, аударыспақ, қыз қуу сияқты жарыстар ұйымдастырылған. Соңында ақсақалдар жастарға бата беріп, мереке бірнеше күн бойы көрші ауылдарға қонаққа барумен жалғасқан.
Ақсұңқар Абдулинаның айтуынша, қазіргі уақытта ежелгі дәуірдегі кейбір ғұрып біртіндеп қолданыстан шығып қалған.
Наурыз – ұлттық бірегейліктің көрінісі
Қазақстан халқы Ассамблеясының ғылыми-сараптамалық тобының мүшесі, тарих ғылымдарының кандидаты Айбек Шалғымбековтің айтуынша, 1990-жылдары Наурыз мейрамы алғаш рет қайта тойлана бастағанда бүгінгіден өзгеше болған.
Ол кезде мейрам қоғамға енді ғана оралып, көп жағдайда сәндік сипатта ғана өткен.
– Алғашқы мерекелік шаралар көбіне декоративті сипатта болды. Қалаларда жаппай шерулер, театрландырылған көріністер қойылған. Әсіресе солтүстік өңірлерде бұл талай адам үшін жаңа құбылыс еді. Бірақ уақыт өте келе Наурыз ірі қалалардағы халықты біріктіретін нағыз ұлттық мейрамға айналды, – дейді Айбек Шалғымбеков.
Оның айтуынша, Наурызды тойлаудың алғашқы жылдарында кейде халық арасында формалды көзқарас та байқалған.
– 1990-жылдардың басында мерекелік іс-шаралардың жүргізушісі болған кездерім есімде. Кейде бәрі сценарий бойынша ғана өтіп, халықтың қабылдауы басқалай болатын. Бірақ уақыт өте келе бұл мереке шын мәнінде көптен күтілетін мейрамға айналды, – дейді ол.
Сарапшының пікірінше, дәстүрдің нығаюына ұрпақ алмасуы ықпал етті. Бүгінгі жастар тәуелсіз Қазақстан жағдайында өсіп, бұл мейрамды өмірдің табиғи бір бөлігі ретінде қабылдайды.
– Бүгінде халықтың едәуір бөлігін жастар құрайды. Статистикаға сәйкес, тұрғындардың шамамен 60 пайызы – 30 жасқа дейінгі адамдар. Олар осы ортада өсіп, Наурызды бала кезінен көріп келеді. Сондықтан бұл мейрам олар үшін жасанды нәрсе емес, – деді Айбек Шалғымбеков.
Тарихшының айтуынша, соңғы онжылдықтарда Наурыз толық қалыптасып, елдің мәдени бірегейлігінің ажырамас бөлігіне айналды. Осының бәрін зерделесек, Шығыс Қазақстанда ұлттық мейрамды тойлай бірқалыпты құлашын кеңге жайып келеді. Өзге ұлт өкілдері оюлы киім, маңдайына шекелік тағып, көктем туа дайындала бастайды. Тіпті кейбірі, жаңашылдыққа ұмтылып, тың идеялар ұсынып жатады.
Асқар ТҰМАРБЕК
Соңғы жаңалықтарды ресми Instagram арнамыздан оқыңыз!
ТіркелуПайдалы
{calendar}
Пікірлер