
Өскемен мешіттерінің бірінде болған ұрлық адам ажалына әкелген
Бір жылдары облыс аумағында диірмен қабылдаушысы әкімшілік бақылаудың жоқтығынан екі жылда 33 тонна бидай, үш тонна арпа жымқырып, төңіректі бір шулатқан еді. Ол аздай жалған түбіртекпен ізін жасырып, нан ұрлауға да әбден машықтанған. Бұған мақала барысында тоқталып өтеміз. Ал ұрлық тақырыбы қашан да қоғамның қызу талқысында. Өткен жылдың соңында Өскемендегі мешіттен әлдекімнің 400 мың теңге тұратын ноутбук жымқыруы көкейге бірнеше сауал қондырды. Мешіттегі тағы бір қылмыс сонау 90-шы жылдары да қоғам назарын аударған болатын, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Кілем ұрланған кез
Осыдан төрт ай бұрын бұқаралық ақпарат құралдарында қаладағы мешіттердің бірінде әйел адам ноутбук ұрлады деген ақпарат тарады. Сәлден соң Полиция департаменті ресми ақпарат таратып, тұрғылықты мекенжайы жоқ 37 жастағы әйелді қолға түсірдік деді. Оның басқа мешіттерде де осындай қылмысқа барғаны анықталды.
– Ол барлық жағдайда бір әдіспен әрекет етті. Тегін тамақ алып кетуді желеу етіп, қызметтік бөлмелерге ұрлыққа түскен. Сөйтіп жүргенде ноутбуктердің бірін сатып, ақшаны өз қажетіне жаратты, – деді департамент өкілдері.
Қатардағы тәртіп бұзудың бірі болып көрінуі мүмкін. Бірақ әккі әрекетін алдын ала жоспарлап, Алланың үйінен қалағанын ала беруге ет үйрету жақсылықтың нышаны емес екені анық. Өңірдегі Полиция департаменті бастығының бірінші орынбасары Алмаз Тукеновтің сөзінше, соңғы үш жыл ішінде облыс аумағында 2900-ден астам қылмыс тіркелді. Ұрлық жасағандар дені шамамен 20-30 жас аралығындағы тұрғындар.
– Былтыр желтоқсан айының соңында болған ноутбук ұрлау фактісі қаладағы «Халифа Алтай» мешітінде тіркелді. Аталған факті бойынша күдіктінің Защита ауданындағы мешітте болған ұрлыққа қатысы бар-жоғы анықталып, қылмыстық істер бойынша тергеу амалдары жүргізілді. Соңғы үш жыл көлемінде Шығыс Қазақстан облысы мешіттерінде жоғарыда тіркелген фактілерден басқа ұрлық әрекеттері тіркелген жоқ, – делінген ақпаратта.
Ресми ақпараттарға сенсек, өңірдегі өрескел жағдай шынымен де осымен тыйылған. Республика көлемінде де шектен шығып, мешітте арам әрекетін іске асырды деген ақпар шықпады. Тек жыл басында болған бір жағдай желі пен портал атаулыда желдей есті. Polisia.kz сайты мәліметінше, биыл қаңтар айында Алматы мешіттерінегі сериялық ұрлық фактісі әшкере болды. Құқық қорғау органы ақпаратынша, келген адамдардың жеке заттарын жымқырған ер адам қолға түскен. Нақтысында, телефон, әмиян және басқа да бағалы заттар. Тергеу нәтижесінде анықталғандай, келеңсіз жағдай көпшілік намазға жығылғанда тіркелді. Содан тәртіп сақшылары сотқа дейінгі тергеу амалдарын жүргізіп, оның осы сияқты бірнеше әрекетке барғанын анықталды.
Бұл әккі сыған, Чикатило, адам жейтін адамдардың «қылышынан қан саулаған» 1990 жылдар емес, қалада айналасы 3-4 ай ішінде болған жайт. Осыдан 30 жылдан астам уақытқа шегініс жасасақ, тіпті сорақы оқиғаға тап боламыз. Естеріңізде болар, осыдан екі жылдан астам уақыт бұрын Үлкен Нарын ауданының тумасы, талай қауіпті қылмыскердің жолына тосқауыл болған тәртіп сақшысы Виктор Горшковтың оқиғаларын ұсынған едік. Соның бірінде қаладағы «Юбилейный» кинотеатры жанындағы мешітті мысал еткен болатын. Нысанды емес, сондағы жантүршігерлік қылмыс. Сыралғы тәртіп сақшысының жанында оның әріптестері де отырған болатын. Олар XX ғасыр аяқ басуға шақ қалғанда ұрлық атаулының неше атасын көргендерін жеткізді.
– Спорт сарайы артындағы автовокзал бұрын басқаша болатын. Маңайы ашық, бәрі көрініп тұрады. Бертін ғой, қоршаулар, ғимараттар пайда болды. Теледидар ұрланса, сонда апарып сатты. Кілем де көзге түсті, ал кір сабынды жәшігімен жымқыра беретін. Айтпақшы, бірде таңғы 6:00 шамасында Потанин көшесіндегі үйіме бара жатсам, жақын маңнан тарс-тұрса деген дыбыс шықты. Қарасам, біреу кілем қолтықтап, сүріне-қабына кетіп барады. Ол кезде учаскелік полицеймін, «формада» жүргем. Қолына кісенді сап, іздеуде жүрген ұрылардың бірін қолға түсірдім, – деді сақшылардың бірі.
Шай үстіндегі тергеу
Қазір төңірек толы камера. Ал бұрын мұрты бұзылмай жатқан қылмысты кім бұрын ашты – полицейлер міндетті түрде атап өтетін. Себебі, бұл да олжалы қадам болған көрінеді. Түйсік пен тәжірибе түйісіп, бір істің беті ашылған. Бір шишаның қақпағын ашып, «сақшылар сәттілігін» өздерінше жуады. Қазір техника алға озған сайын, полицейлердің логикалық ойлауы кенжелеп бара жатқан көрінеді.
– Жоқ дегенде кейде ұялы телефонға түсіп қалады. Бейнебақылауға түсіп, сараптама жасалған соң зерттейтін де ешнәрсесі жоқ. Ал бұрын ұсақ-түйек әр заттың қарақшы атаулыға апарар із екенін түсінетін едік, – деген болатын жерлестеріміз.
Осы аралықта мана айтқаны мешіттегі сұмдық жайтқа тоқталды. Ұрылардың бірі жеңіл жолмен пайда көргісі келіп, орталық мешітті нысана еткен. Сондағысы садақа жәшігіне салынған бар-жоқ ақшаны қалтаға салу. Сақшылар сөзінше, ол уақытта шамамен 7-8 мың теңге ғана болған. Көпті көрген полицейлер бұрын кісі өлтіруге оқталғандар айрықша қатігез болған сияқты ма деп аз-кем мысал келтірді. Кезінде Өскеменнің өзінде жылына 115-ке тарта адам ажалы тіркелген көрінеді.
– Таңертең адамдар орталықтағы мешітке келсе, есік ашылмайды. Сәлден соң ашса, күзетші сұлқ жатыр. Ал оның ұлы біздегі колонияда жұмыс істейтін. Өзі бастық. Сөйтсе, біреу әкесінің басынан балғамен ұрып, жер жастандырыпты. Қауіп жоқтығын білген соң садақа жәшігін бұзып, жиналған ақшаны алып кетті. Мешіт есігі неге жабық тұрды, неліктен қашып кетті деген сауал келді. Кімнің қалай кеткенін сараптай бастадық. Сол күні келгендердің бәрін жинап, кім-кімді көрді деп нақтыладық. Ең соңғы болып шықты-ау деп имамның көмекшісіне тоқталдық, – деді Виктор Горшков.
Жерлесіміздің айтуынша, айтылған, расталған жауаптар да түбі сол адамды нұсқай бастады. Содан оның «кеттім» деген уақыты басқалардың айтқанынан әлдеқайда ауытқыған. Анықтай келе, оның Ташкенттегі медресені аяқтағаны белгілі болды. Сақшылар сипаттауынша, біртоға, мінезді жігіт. 19 жаста екен.
– Бір сағаттай тегедік. Шай ішіп те сөйлестік. Кіммен болды, не істеді – жақ ашпады. Осы уақытта серігім оның бақайына шәйнектегі суды құйып кеп жіберді. Бірден еденге қан жайыла бастады. Сөйтсе, күзетші құлаған кезде, ол аққан қанды екі рет басып кетіпті. Серігім «Алла саған кінәңді мойында деп белгі берді, бәрін жасырмай айт» деп жауап алуын жалғастыра берді. Осылай бір амалын жасамаса, сең қозғалар емес. Әйтпесе, мен тағы бір сағат тергеп, түк шықпаса жөніне жібере салайық деп отырғам. Біз қылмыс болған күннің ертесінде сағат 11:00-лер шамасында қолға түсірген едік, – деді ол.
Қылмысын қалай жасырды?
Имамның көмекшісі кешкі сағат 21:00 шамасын кінәсін толық мойындады. Кісі өліміне қатысы болса да, камераға қамалмады. Бірқалыпты әңгіме 8-9 сағатқа жалғасыпты. Оның айтуынша, мешіттен қас-қарайған шақта шығып кеткен, күзетші жұмысында қалды. Есік қалай ішінен жабылды дегеннің жауабы былай екен. Ол жұртпен бірге мешіттен шығып, қаша маңында тұрды. Халық тарады-ау дегенде қайта барып кіріп, қолын қанға бояп қайтқан. Есік жабылғанда ішіндегі күршегі ілінетіндей етіп дайындап қойыпты. Садақа жәшігіндегі ақшаны алып, ертеңінде іс насырға шауып жатса, күзетші бар қылмысты өзі істегендей етіп көрсетуді жоспарлапты. Көптің ойын сан-саққа жүгірткен іс осылай ашылды. Бұл 1996 жыл болатын.
Ал мақала басында мысал еткен диірмендегі оқиғада төрт адам жазаға тартылды. Олардың серкесінің тегі – Рогов. Оның сыбайластары тегіс диірменде жұмыс істейді. Бақылау болмаған соң ақша табудың тиімді жолын тауып, біршама уақыт тайраңдады. Бірақ ертелі-кеш барлығы қолға түскен. Нан, бидай, арпа жымқырған топ бойынша 1932 жылдың 7 тамызында бекітілген заң аясында шешім шықты. Әрбірі 4-5 жыл мерзімге бас бостандықтарынан айырылса, істі жоспарлаған Рогов ату жазасына кесілді. Аталған қылмыс туралы Виктор Горшковтың «Красный Восток» кітабында да
жазулы тұр.
***
Біз әңгімелескен тәртіп сақшылары аталған факті қала бойынша 2000 жылдар аяқ баспай тұрғандағы жасалған ең атышулы қылмыстардың бірі екенін атап өтті. Медресе бітірген жігіт ойда-жоқта осындай әрекетке барған. Ал өткен жылдың соңындағы ұрлық осы оқиғаларға көз жүгіртуге жетелеген бір жайт. Садақадан нан, ноутбуктен нәпақа табамын дегендер жасаған әрекеттерінің жақсылыққа апармайтынын қаншалықты ерте түйсінгендері беймәлім. Алайда Алланың үйіндегі мұндай қадамды ессіздік пе, шарасыздық шегі деп қарау керек пе – мұны көпшілік өзі пайымдай жатар.
Әділхан ЕСІМХАНОВ
Фотосурет ашық дереккөзден
Соңғы жаңалықтарды ресми Instagram арнамыздан оқыңыз!
ТіркелуПайдалы
{calendar}
Пікірлер