Өскемен қалалық О.Бөкей атындағы кітапханада Мұзтаудың мұзбалағы атындағы республикалық драматургия байқауының қорытындысы шығарылды, деп хабарлайды Вuqara.kz сайтының тілшісі.
Шығыстың маңдайына біткен жарық жұлдызы, жазушы, драматург Оралхан Бөкейдің құрметіне орай республикалық байқау жарияланған болатын. Байқауды Өскемен қаласының мәдениет және тілдерді дамыту бөлімі, ҚР Жазушылар одағының ШҚО филиалы, және Оралхан Бөкей атындағы кітапхана бірлесіп ұйымдастырды. Оған еліміздің түкпір-түкпірінен 15 қаламгер қатысты. 20 қыркүйек күні руханият ошағында байқау жеңімпаздары мараптталды.
Ал марапаттау рәсімінен бұрын Оралхан Бөкейдің Жібек маталар комбинаты ықшамауданында орналасқан ескерткішіне тағзым етіліп, гүл шоқтары қойылды. Содан кейін концерттік бағдарлама мен жеңімпаздарды марапаттау рәсімі шаһарда орналасқан әйгілі жазушының атына берілген кітапханада жалғасын тапты.
ШҚО Драма және оперетта театрының көркемдік жетекшісі Дос Айжарықұлының сөзінше, байқау өте жоғары деңгейде өтті.
- Байқағандарыңыздай, қатысушылар осал емес. Барлығы осы жазушылық салада жүрген жүйріктер. Алдымен осындай дүниені қолға алып, Шығыстан шыққан атақты жазушымыздың республикалық деңгейде тағы бір мәрте атын шығаруға өз септігін тигізген ұйымдастырушыларға алғысымды айтамын. Осындай байқаулар алдағы уақытта да көптеп қолға алынады деп сенемін, - деді ол.
Айта кетейік, жазушының атындағы байқау биыл үшінші рет өткізіліп отыр.
- Бұл байқауға Ақтөбе облысынан келіп отырмын. Екінші рет қатысудамын. Осыдан екі жыл бұрын алғаш рет «Ауыл хикаялары» атты туындыммен қатысып, екінші орынды иеленген едім. Келешекте тағы да ұйымдастырылса деген тілегім бар. Егер өткізілсе, міндетті түрде тағы қатысамын. Қарсыластарым осал болмады. Барлығы жоғары деңгейдегі шығарма жазған кіл жүйріктер. Солардың арасынан менің жазған туындым қазылар алқасының шешімімен бас жүлдені иеленді. Өте қуаныштымын!, - деді жарыс жеңімпазы Бақыт Мейрамғалиқызы.
Келесі жылы жазушы, драматург Қалихан Ысқақтың 90-жылдығына орай осындай байқау ұйымдастырылу мүмкін. Бұны Өскемен қаласының әкімі Жақсылық Омар айтты.
- Біз қазақ драматургиясының дамуына кішкентай болса да өз үлесімізді қостық деп есептеймін. Осы байқаудың Өскеменде өтуі заңдылық. Алдағы уақытта осыған ұқсас шараларды көптеп қолға алу жаспарда бар, - деді шаһар басшысы.
Айта кетейік, байқаудан бас жүлде алған жеңімпазға 1 млн теңге табысталды.
Нұрдәулет Қалибеков
Пікірлер