A+ A A-

talgatzhan 30 Бүгін, 09:15 0

Өскеменде Абай шығармашылығына арналған қалалық байқау өтті

Бүгін / Өскемен / Руханият

10 тамыз – Абай күніне орай облыс орталығындағы Амфитеатр алаңында қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімдері арасында «Ұлы Абайдың мұрасы – ұрпаққа аманат» атты  қалалық байқау ұйымдастырылды, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.

Шығармашылық сайысқа қала мектептерінен 30-дан астам ұстаз қатысты. 

Байқаудың негізгі мақсаты – ұлы ақынның мұрасын дәріптеу, шығармашылығын кеңінен насихаттау және Абайдың рухани құндылықтарын жас ұрпаққа жеткізетін ұстаздардың шығармашылық қабілетін шыңдау.

Қалалық білім бөлімінің қазақ тілі мен әдебиеті пәні бойынша мұғалімдер әдіскері Альмира Қабидолдинаның айтуынша, биылғы іс-шараға қатысушылар саны былтырғымен салыстырғанда көп.

– Бүгін – Абай күні. Бұл күн жыл сайын дәстүрлі түрде аталып өтеді. Биылғы іс-шара былтырғыдан да ауқымды өтіп жатыр. Қатысушы ұстаздар қатарының көбейгені қуантады. Бұл – Абайды ұлықтау, шығармашылығын дәріптеу және жас ұрпаққа насихаттау жұмыстарының жылдан жылға кеңейіп келе жатқанын көрсетеді. Байқаудың мұғалімдер арасында өткізілуінің де өзіндік мәні бар. Педагогтер, әсіресе тіл мамандары, Абай шығармашылығын терең білуі керек. Себебі ұлы ақынның мұрасын оқушыларға жеткізетін де – ұстаздар, – деді Альмира Қабидолдина.

Байқау барысында қатысушылар ақынның өлеңдерін мәнерлеп жатқа оқып, әндерін орындап, қарасөздерінен үзінділер ұсынды. Әр ұстаз Абай шығармашылығын өзіндік қырынан танытып, өнері мен білімін ортаға салды.

– Бұл – менің осындай байқауға алғаш рет қатысуым. Әрине, қобалжу бар. Үлкен сахнада өнер көрсетіп көрмегендіктен, аздап қорқыныш та сезіледі. Дегенмен Абай шығармашылығы бізге мектеп бағдарламасынан жақсы таныс. Сондықтан аса қиындық тудырмады. Қазір Абайдың «Желсіз түнде жарық ай» әнін орындаймын, – деді №49 жалпы білім беретін мектептің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Маржан Мұратбекқызы. 

Байқауға ақын Әскерхан Ақтай мен филология ғылымдарының кандидаты Сәкен Қасенов қазылық етті. Қазылар алқасы қатысушылардың орындаушылық шеберлігін, шығарманы жеткізу мәнерін және Абай мұрасын қаншалықты терең меңгергенін бағалады.

– Баршаңызды адамзаттың алыбы, қазақтың ұлы кемеңгері, ойшыл ақын Абай Құнанбайұлының мерекесімен құттықтаймын. Қазақта Абайдан асқан дана адам жоқ. Ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлы «Қазақтың бас ақыны» атты мақаласында Абайдың әдебиеттегі орнын айқындап, оған жоғары баға берген. Ал Міржақып Дулатұлы Абайды жаңа әдебиеттің көшбасшысы деп атаған, – деді Сәкен Қасенов.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, ақынның өлеңдері, қарасөздері мен әндері ұлттың білімге, еңбекке, адамгершілікке ұмтылысын насихаттайды. Осындай шығармашылық байқаулар арқылы ұлы ойшылдың мұрасы дәріптеліп, оның тағылымы кейінгі ұрпаққа жеткізіле береді.

Біздің инстаграмға жазылыңыз

Жаңалықтарды басқаларға қарағанда тезірек көріңіз

Жазылу
0 0 0

Пікірлер

Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив