A+ A A-

talgatzhan 1 Кеше, 22:00 0

ШҚО-да Жаңа Конституцияны қолдауға арналған өңірлік коалиция жұмысын бастады

ШҚО / Бүгін

Аймақта «Әділетті және Прогрессивті Қазақстанның Халықтық Конституциясы үшін!» өңірлік коалициясы өз жұмысын бастады, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.

Коалиция құрамына бес жетекші саяси партия мен азаматтардың мүддесін білдіретін қоғамдық ұйымдар өкілдерінен құралған 322 адам енді. 
– Бүгін аталған коалицияның алғашқы жиыны өтті. Оған саяси партиялар, қоғамдық ұйымдар, үкіметтік емес сектор өкілдерінен, сарапшылар мен белсенділер азаматтар қатысты. Жиын қатысушылары Жаңа Ата Заң жобасына қатысты өз пікірлерін ортаға салып, ондағы негізгі өзгерістердің мәніне тоқталды, – делінген облыс әкімдігі ұсынған ақпаратта.
Кездесу барысында Конституция жобасының саяси реформаларды жүйелі түрде жалғастыруға, мемлекеттік басқару тиімділігін арттыруға және билік тармақтарының тепе-теңдігін нығайтуға бағытталғаны атап өтілді.
Отырысты ашқан Шығыс Қазақстан өңірлік коалиция жетекшісі Денис Рыпаков алдағы жұмыс жоспарын айқындады. Оның айтуынша, басты міндет – халық арасында ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жүргізу.
– Біз өңір тұрғындарына Конституция жобасының мазмұны мен негізгі бағыттарын түсіндіруді жоспарлап отырмыз. Түсіндіру жұмысы ашық және жария түрде жүргізіледі. Қатысушылардың ұсыныс-пікірлері жазбаша түрде тіркеледі және талқылауға енгізіледі. Алдағы кезеңде өңірлік коалиция барлық аудан мен қаланы аралап, жобаның мәнін жеткізуді көздейді, – деді ол. 
 Өз кезегінде «AMANAT» партиясы Шығыс Қазақстан облыстық филиалы төрағасының міндетін атқарушы, коалиция мүшесі Аманбай Нұркенов Ата Заң жобасындағы негізгі өзгерістеге тоқталды.

– Жаңа Конституция жобасы – еліміздегі саяси реформалардың заңды жалғасы. Құжатта Егемендік пен Тәуелсіздік, аумақтық тұтастық пен мемлекеттік шекара ең жоғары құндылық ретінде нақты бекітілді. Сондай-ақ мыңжылдық тарихымыз алғаш рет мызғымас ұлттық құндылық ретінде танылды. Біздің міндет – осы өзгерістердің мәнін өңір тұрғындарына жан-жақты түсіндіру, – деді Аманбай Нұркенов. 
Жиында Конституция жобасын талқылау үдерісінің ашықтығы мен жариялылығы ерекше аталып өтті. Алдағы бір айда коалиция мүшелері облыстың барлық аумағын аралап, еңбек ұжымдары, жастар, ардагерлер және үкіметтік емес ұйымдар өкілдерімен кездесулер өткізуді жоспарлап отыр. Оған сәйкес облыс көлемінде барлығы 970 іс-шара ұйымдастырылады.

Фото: ШҚО әкімдігінен

Біздің инстаграмға жазылыңыз

Жаңалықтарды басқаларға қарағанда тезірек көріңіз

Жазылу
0 0 0

Пікірлер

Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив