A+ A A-

talgatzhan 47 Бүгін, 10:05 0

Зайсан ауданына көшіп барғандардың көңілі тоқ па?

Бүгін / Басты / Зайсан / Өзекті мәселе

Алдың материалдарда шекара маңындағы бірнеше аудан ахуалына үңілген едік. Атап айтқанда, Катонқарағай, Марқакөл, Тарбағатай және Күршімдегі жағдай жан-жақты қарастырылды. Ендігі кезек Зайсан ауданына келіп жетті. Бұл өңір облыстағы ірі аудандардың бірі ретінде ерекшеленеді, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.

Былтыр қанша адам келді?

Аудан іргетасы әлі қаланбай тұрғанда бұл аумақты найман, керей, уақ тайпалары мекендеді деген тұжырым бар. Әкімшілік бірлік ретінде 1928 жылы Семей облысының құрамында құрылған. Ол кезде ауданға 70-тен астам елдімекен қарады. 1939 жылдан бастап, бұл аудан Шығыс Қазақстан облысына қарайды. Құрамында 1 қала, 8 ауылдық округі бар ауданда 34 527 адам тұрады. 2024 жылғы дерекке сүйенсек, халық саны 35 679 адам болған. Соңғы 3 жылда аудан тұрғындарының саны 1152 адамға азайған.

Оңтүстіктен келушілер мен «Дипломмен ауылға» бағдарламасының жүзеге асырылуы бойынша жуықта аудан әкімдігіне сұраухат жолданған болатын. Алынған мәліметтерге сәйкес, 2025 жылы еңбек күші артық өңірлерден ауданға 20 отбасы (72 адам) қоныс аударған.

– Жұмыс күшінің ұтқырлығын арттыруға бағытталған адамдардың ерікті түрде қоныс аудару бағдарламасы аясында өңірге соңғы 5 жылда бірқатар отбасы көшіп келді. Атап айтқанда, 2020 жылы – 9 отбасы (29 адам), 2021 жылы – 19 отбасы (46 адам), 2022 жылы – 18 отбасы (31 адам), 2023 жылы – 5 отбасы (19 адам), 2024 жылы – 14 отбасы (46 адам) қоныс аударған. Бағдарлама аясында көшіп келушілерге мемлекеттік қолдау көрсетіледі. Әр адамға көшу шығындарын өтеу үшін 70 АЕК (302 750) мөлшерінде біржолғы төлем беріледі. Сонымен қатар тұрғын үйді жалға алу шығындарын өтеу мақсатында бір жыл мерзімге субсидия қарастырылған. Оның орташа мөлшері 21 АЕК (90 825 теңге), – делінген ресми жауапта.

Ал тұрғын үй сатып алған жағдайда қоныс аударушыларға 1 625 АЕК (7 028 125 теңге) мөлшерінде қаржылай қолдау көрсетіледі. Соңғы жылдары қоныс аударған азаматтар Зайсан қаласы мен Қаратал, Айнабұлақ, Саржыра, Бақасу, Дайыр, Кеңсай, Көкжыра, Жарсу, Біржан, Тасбастау ауылдарына қоныстанған. Осы жылы 60 адам қоныс аударады деп күтіліп отыр. Жалпы ауданға Алматы, Жетісу, Түркістан облыстарынан және Астана қаласынан көшіп келушілер саны басым. Бұл туралы ресми жауапта айтылған.

Шілікті ауылдық округіне қарасты Тасбастау елдімекеніне артынып-тартынып жеткен тұрғындардың бірі – Жолым Қизат. Ол қалай көшіп келгенін және алғашқы жылдардағы жағдайды баяндап берді.

– Мен 2017 жылы Көкшетаудан Шіліктіге көшіп келдім. Ол кезде мемлекет тарапынан арнайы көші-қон саясаты да, квота да болмады. Ақмола облысынан алғаш келген жылдары ешқандай көмек көрсетілген жоқ. Балаларым жұмыс істеп, біртіндеп өз күнімізді көріп, қалыптасып кеттік. Кейін өзім Ақмола жақтан бірнеше отбасын көшіріп әкелдім. Ол отбасыларға заң аясында қаржылай қолдау көрсетілді, яғни үй алуына, жол шығындарын өтеуге қаражат берілді. Осы тұста облыстар арасында айырмашылық бар екенін аңғардым. Кей өңір көмек көрсетсе, кейбірі өйтпейді екен. Қазір өзім зейнеткермін. Аздаған малым бар, соны бағып отырмын. Немерелерім, бала-шағам қасымда. Шағымым жоқ. Жақында аудан әкімі мен «Amanat» партиясы өкілдері шақырып, шекаралық ауданның дамуына қосқан үлесім үшін төсбелгімен марапаттады. Одан артық не керек? Қазір де бұл жаққа көшіп келіп жатқан адамдар бар, – деді Жолым Қизат.


Әкімдіктен әрекет бар

Шілікті ауылдық округі құрамына Жалши, Тасбастау, Кәкен-Талды, Қарасай және Шілікті ауылдары кіреді. Қазір бұл аумақта 1450 адам тұрады. Округ әкімі Қуаныш Төлеуханұлы ауданда халық санының азаюы өзекті мәселе екені рас екенін алға тартты. Дегенмен бұл бағытта жүйелі жұмыс жүргізіліп жатыр.

– Иә, ауданда халық саны аз. Алайда бұл мәселені шешу үшін нақты шаралар қабылдануда. Жақын күндері тағы екі отбасы көшіп келуі тиіс. Қазір олар баспана мәселесін қарап, үйлерді тексеріп жүр, – деді округ әкімі.

Оңтүстіктен келгендерден бөлек, «Дипломмен ауылға» бағдарламасы да қолға алынып жатыр. Аталған бағдарлама аясында биыл жеті маманға бюджеттік кредит, 30 маманға көтерме жәрдемақы беру жоспарлануда.

– 2025 жылы 4 маманға бюджеттік кредит, 35 маманға көтерме жәрдемақы берілді. Жәрдемақы алған мамандар білім беру, денсаулық сақтау, ветеринария және мемлекеттік қызметте жұмыс атқарады. ҚР Ұлттық экономика министрінің 2014 жылғы 6 қарашадағы «Ауылдық елдімекендерге жұмыс істеуге және тұруға келген денсаулық сақтау, білім беру, әлеуметтік қамсыздандыру, мәдениет, спорт және агроөнеркәсіптік кешен саласындағы мамандарға, ауылдар, кенттер, ауылдық округтер әкімдері аппараттарының мемлекеттік қызметшілеріне әлеуметтік қолдау шараларын ұсыну қағидаларын бекіту туралы» №72 бұйрығы негізінде көтерме жәрдемақы және тұрғын үй сатып алуға немесе салуға бюджеттік кредит түріндегі әлеуметтік қолдау шаралары денсаулық сақтау, білім беру, әлеуметтік қамсыздандыру, мәдениет, спорт, агроөнеркәсіптік кешен саласындағы сұранысқа ие мамандықтар тізбесі бойынша ұсынылады. Яғни жаңадан жұмысқа орныққан мамандар әлеуметтік қолдау шараларын алу үшін электрондық цифрлық қолтаңба көмегімен немесе бір реттік парольмен куәландырылған Баспана Маркет жылжымайтын мүлік порталына тіркеліп, портал арқылы өтінім бере алады. Тұрғын үй сатып алуға немесе салуға 2000 АЕК (8 650 000 теңге) беріледі, – делінген әкімдік берген ақпаратта.

Анықталғандай, «Дипломмен ауылға» бағдарламасы бойынша жергілікті атқарушы орган келген мамандарға тұрақты түрде түсіндірме жұмыстарын жүргізеді.

– Өтінім берген мамандарды әлеуметтік қолдау шараларын толық қамту мәселесі жолға қойылған. Әлеуметтік қолдау шаралары көрсетілген мамандар заңнамаға сәйкес тұрақты 3 жыл жұмыс істеуге міндеттеме алады. Жергілікті атқарушы органға тоқсан сайын жұмыс орнынан анықтама тапсырады, – делінген ресми жауапта.

 

Қоныс аударушыларға қолдау қандай?

Ауданда денсаулық сақтау саласы бойынша кадр тапшылығы байқалады. Атап айтқанда, хирург, анестезиолог-реаниматолог және фармацевт мамандарына сұраныс жоғары. Сонымен қатар химия, физика және математика пәндері бойынша мұғалімдер де жетіспейді. Бұл мәселе жас мамандарды да бейжай қалдырмай отыр. ЖОО студенті Мақсат Ризабектің айтуынша, мүмкіндік болса, туған өлкесіне барып еңбек етуге дайын.

– Жалпы мүмкіндік туса, әрине барып жұмыс істер едім. Балалық шағым Зайсан ауданында өтті. Жақындарымның бәрі сонда тұрады. Естуімше, қазір мұғалімдерге сұраныс бар екен. Оқуымды аяқтаған соң барып жұмыс істеуге дайынмын, – деді ол.

Облыста халық санының азаюы мен кадр тапшылығы өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына кері әсер ететін негізгі факторлардың бірі болып отыр. Осы мәселелерді шешу үшін қоныс аудару бағдарламасы аясында өңірге жаңа тұрғындарды тартуға бағытталған нақты қолдау шаралары қабылданған. Бұл туралы 30 қаңтарда өткен брифингте ШҚО Еңбек мобильділігі орталығының басшысы Арайлым Есімбекова айтты.

– 2025 жылы өңірге 794 адам қоныс аударды. Оның ішінде, 269 – қандас, 525-і – ішкі қоныс аударушылар. 2026 жылға 600 адамды қоныстандыру жоспарлануда. Облыста азаматтардың еңбек ұтқырлығын арттыру және ерікті қоныс аударуды ынталандыру мақсатында «Шығыс шақырады» өңірлік бағдарламасы бекітілген. Бағдарлама аясында жұмыс төрт негізгі бағыт бойынша жүргізіледі: Бизнес-бастамаларды іске асыруға арналған қайтарымсыз мемлекеттік гранттар – 2,9 млн теңгеге дейін; Ауылдық елдімекендердің түлектеріне колледждер мен жоғары оқу орындарында оқу үшін білім беру гранттарын ұсыну; «Отбасы банк» АҚ арқылы тұрғын үй сатып алуға 5% жылдық мөлшерлемемен 20 млн теңгеге дейін жеңілдетілген кредиттер беру; Бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі аясында жергілікті кәсіпкерлердің тұрғын үйлерді жөндеп, қоныс аударушыларды орналастыру, – деді ол.

Бағдарламаның өңір үшін тиімділігі зор. Бұл еңбек ресурстарының тапшылығын азайтуға, демографиялық ахуалды тұрақтандыруға, өңірдің экономикалық белсенділігін арттыруға, жаңа жұмыс орындарын толықтыруға айтарлықтай үлес қосып отыр.

Әдемі АМАНГЕЛДІ

Біздің инстаграмға жазылыңыз

Жаңалықтарды басқаларға қарағанда тезірек көріңіз

Жазылу
0 0 0

Пікірлер

Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив